Облыстық әкімдікте

Таразда туризмді түлетуге мүмкіндік көп

Written by Aray2005

Туризм саласындағы кадрлар тапшылығы, автожолдар сапасының нашарлығы, жол бойындағы сервис деңгейінің төмендігі секілді туризмнің дамуына кедергі келтіретін көптеген мәселе облыс әкімдігінде өткен басқосуда жан-жақты сараланды.

Тарихы бай, ерекше мәдени-тарихи орындар мен табиғи ресурстарға ие бола тұра Жамбыл облысы әлі күнге дейін туризмді дамытуда бірқатар кедергілерді басынан кешіруде. Өйткені тарихы терең өңір алдында барша қазақстандықтар мен шетелдіктерді тартуға қабілетті қазіргі заманғы туризм индустриясын құру мәселесі тұр. Бұл туралы басқосу барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев атап өтті.
Туризм басқармасы осы орайдағы мәселелерді шешу үшін туризм саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын әзірлеуде.
Басқарма басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, бұл бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бес тілде аудио және бейне-гидтері бар «Taraz tour» мобильдік қосымшасындағы туристік нысандар санын 200-ге дейін арттыру көзделуде. Қазіргі таңда қосымшадан тек 37 нысанды табуға болады. Сондай-ақ, жақында «Әулиеата» әуежайына Тараз туралы толық ақпарат беретін smart-дүңгіршектер орнатылмақ.
Басқарма сонымен қатар аудио және видео нұсқаулығы бар екі қабатты автобусты іске қосуды жоспарлап отыр. Тараз әйгілі «2GIS» мобильді қосымшасына (сандық карта) қосылады. Бұл туристерге басқалардың көмегінсіз өздеріне керек жерлерді тауып, дұрыс бағыттағы автобусқа отыруға көмектеседі. 200 туристік нысанда QR-кодтары орнатылады.
Биыл Айша бибі, Қарахан, Бабажа-Хатун кесенелері, Керей мен Жәнібек ескерткіштері, Ақыртас кешені және Тектұрмас этно-тарихи кешені сияқты бес тарихи-мәдени нысандарында қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Этно-ауылдар салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін болады.
Бүгінде облыс бойынша тек жеті гид ресми тіркелген десек, салалық басқарма жыл соңына дейін олардың санын 50-ге жеткізуді көздеп отыр.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков ЖОО-мен бірлесе жұмыс істеуді және «Туризм және сервис» кафедрасының түлектерін тартуды ұсынды.
Ғани Майлыбаев сонымен қатар Әулиеата өңірі туралы түрлі аңыздарды зерттеп, сол арқылы саяхатшыларды қызықтыруға ниетті екендігін жеткізді.
Бұл мәселе бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы өзінің орамды ойын ортаға салды.
– Бұл бағыттағы зерттеулердің маңызы зор. Тараздың өзге қалалардан өз ерекшелігін айқындау керек. Мәселен, біз Сарыағашқа емделу үшін, Түркістанға ұлы бабаларымыздың рухына тағзым ету үшін барамыз. Сол секілді Тараздың да өз ерекшелігі болу керек, – дейді ол.
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының мыңжылдықтар тоғысындағы шаһар екенін бәріне көрсететін өзіндік бренді керек екенін атап өтті.
«Золотой караван» Тараз туристік орталығының директоры Альбина Веймер бұл ішкі туризмнің дамуына септігін тигізеді деп санайды. Тараздың екі мың жылдық тарихы туралы барлық қазақстандықтар біле бермейді.
Ол көрші қалалар, соның ішінде ең алдымен Алматы арасында әуе рейстерін ашуды ұсынды. Сонымен қатар, балалар туризмі назардан тыс қалып отырғандығын алға тартқан Альбина Ваймер жамбылдық оқушыларды тарихи орындарға апарып, таныстыруға ешкім аса ден қойып отырмағандығын айтты.
Бердібек Сапарбаев осы ретте білім басқармасына арнайы кесте түзіп, ауыл оқушылары үшін Тараз қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, мейрамханалар мен қонақ үйлер ассоциациясының төрайымы Айгүл Ақшалова өз ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, егер жергілікті қызмет көрсету саласы сын көтермесе, туристерді дәмді тағамдардың food-фестивальдеріне тартуға болады.
Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев тиісті мемлекеттік органдар, туристік компаниялар мен қауымдастықтары бірлесіп туризм индустриясының әлеуетін арттыру үшін жүйелі негізде жұмыс жүргізуі қажеттігін атап өтті.
– Өкінішке қарай, мейрамханалар мен кафелерде қызмет көрсету деңгейі төмен, бұл келушілердің сенімсіздігін тудырады. Жол бойындағы сервис те көңіл көншітпейді. Жоспарланған тоғыз сервистік кешеннің біреуі ғана Байзақ ауданында салынды. Қалған аудан әкімдері олардың құрылысын тезірек аяқтауды назарға алуы тиіс.
Біздің облысымыздың қолайлы аймақта орналасқандығын ұтымды пайдаланбаймыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі біздің өңір арқылы өтеді. Ол жолмен күн сайын мыңдаған көлік қатынайды. Отардан Жуалыға дейін Әулиеатаның қасиетті орындары туралы ақпараттар жазылған билбордтар орнату керек. Коронавирустық пандемия ішкі туризмнің дамуына үлкен мүмкіндіктер береді. Бұған дейін танымал болып келген шетелдік курорттар бұрынғыдай аса қызығушылық тудырмайды. Мұны ішкі туризмнің дамуына серпін сыйлау үшін тиімді пайдалана білген абзал, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР