Жамбыл жаңалықтары

Таразда тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынады

Written by Aray2005

Келер жылы Тараз қаласында тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынатын болады. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасында өткен жиында айтылды.

Басқосуда аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Данияр Жұманқұлов аймақта осыған дейін бірқатар инвестициялық жобалардың іске асып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол тұрмыстық техника шығаратын зауытты салу жобасы «ҚР индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатындығын жеткізді.
– Бұл ерекше жоба елімізде алғаш рет іске асқалы отыр. Жасыратыны жоқ, біз техникалардың барлығын шетелден импорттаймыз. Енді бұл олқылықтың орнын «Alima DELUX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестор тарту арқылы толтырмақ. Серіктестік осылайша газ плитасын, тоңазытқыш сынды техникаларды шығармақ. Бастысы, отандық өнімді шығару барысында 500 тұрақты жұмыс орындары құрылады, – деді Данияр Қалыбекұлы.
Бүгінде аталған жобаны іске асырушы «Alima DELUX» ЖШС инвестор тарту шараларымен айналысып жатыр екен. Серіктестік басшысы Әлия Көмекбаеваның айтуынша, жоба нақты іске асқан жағдайда жылына 100 мың дана тұрмыстық техника шығаруға мүмкіндік тумақ. Жобаға инвестор ретінде Түркия елінің компаниясы тартылуда. Қазіргі таңда серіктестік өкілдері жергілікті атқарушы органнан зауыт салатын жер бөліп беруді сұрап отыр. Оларға қажетті 5 гектар жер берілсе жауапты мамандар іске кіріспек. Бұл орайда, «Alima DELUX» компаниясының ерекше жобасына инвестор тауып берген «KazakhInvest» акционерлік қоғамының да жұмысын айта кеткен жөн.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР