Мәдениет

Таразда «Ұлы Дала хикаялары» көрмесі ашылды

Written by Aray2005

Бүгін Тараз қаласында «Ұлы Дала хикаялары» көрмесі ашылды. Онда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» тарауларындағы Қазақ халқының ұлттық тарихынан орын алатын дүниелер туралы сыр шертетін туындылар қойылған.

Көрменің ашылуына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова арнайы қатысты. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Сұлушаш Сәтбекқызы құнды мұраларымызды асқақтата түсу – бәрімізге ортақ парыз екенін айтып, барша жамбылдықтарды Ұлы Дала тарихымен танысуға мол мүмкіндік беретін, Қазақстанның заманауи мәдени болмысын бейнелейтін көрмені тамашалауға шақырды.

Көрмеде Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Рашид Нурекеев, Асхат Ахмедьяров сынды 10-нан астам әйгілі суретшілердің туындылары қойылған. Экспозиция дәстүрлі техникалармен орындалған. Онда мүсін, кескіндеме, графика, сонымен бірге жаңадан енген инсталляция, обьект, перформанс, видео және медиа-арт бағыттары бар.

Халықаралық көрменің жетекшісі Лиза Ахмади мұнда әлемнің 20-дан астам елдерінде үлкен баға алған туындылар қойылғанын айтады. «Шығармалар ұлттық болмысымзды айшықтайтын, өнер, мәдениет, табиғат тамашалары сынды құндылықтарды суреттейді» – дейді көрме жетекшісі.

Естеріңізге сала кетейік, бұл өнер туындыларын қала тұрғындары алдағы 1 ай бойы Жамбыл облыстық драма театрына барып, тегін тамашалай алады.

ПІКІР