Тараздағы арықтар құрғамауы тиіс

0 4

Тараз қаласындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және дамыту шаралары қалай жүзеге асуда? Бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Кездесіп отырған кедергілер мен мәселелер бар ма? Бұл сұрақтардың жауаптары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті кеңес барысында қаралып, жан-жақты сараланды.

Басқосуда алдымен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков сөз алып, көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, «Тараз-Ирригация» ЖШС канал арналары мен арық жүйелерін тазалаған. Нақтырақ айтсақ, жерасты суларының деңгейін төмендету мақсатында облыс орталығындағы Байзақ батыр көшесінен Саңырақ батыр көшесіне дейін ұзындығы 1,4 шақырым «Тайвань алқабын құрғату» дренаж каналы және «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабындағы «Үшбұлақ» каналының 800 метр арнасы, Шостакович көшесі мен Тәуке хан көшесі аралығындағы «Қарасу-2» каналы механикалық тазалаудан өтті.

Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 58,2 миллион теңгеге Айша бибі және Тәуке хан көшелерінің бойындағы дренаж каналдарына және 77,6 миллион теңгеге «Үшбұлақ» каналы мен «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының маңындағы дренаж каналының арналарына тазарту жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 көшедегі арық жүйелерінің 21309 метр лоток жүйелерін ауыстыру жұмыстары орындалды.

Басқарма басшысы ағымдағы жылғы жоспарлы жұмыстарды да тілге тиек етті.

– Биыл ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жалпы 90 милион теңге қарастырылды. Оған Қант зауыты мен Тектұрмас алқаптарынадағы ирригация жүйелерін және «Үшбұлақ» каналын механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу көзделген. Сонымен қатар, Тараз қаласының көшелерінде науалық желілер мен арналарға арналған тарату шлюздерін орнату жұмыстары басталуда, – деді А.Оразбеков.

Жалпы Тараз қаласы аумағындағы 8 каналдың ұзындығы 82,55 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 2 дренаж каналы, 1 гидротехникалық құрылыс бар. Ал ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 164 шақырымға жетеді.

Шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы қала көшелеріндегі науалық желілер мен арналарға арналған тарату шлюздерін орнату үшін жергілікті бюджет есебінен 89,1 миллион теңге қаралған. Бұл қаржыға «Әль-Мансур» ЖШС-мен  келісім-шарт жасалып, бүгінде монтаждау жұмыстары 55 пайызға орындалған.

– Бүгінде қала әкімдігі тарапынан канал арналарын тазалау және лоток жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша  2021-2023 жылдарға арналған  жоспар әзірленіп, бекітілді. 3 жылға арналған жоспар бойынша 38,24 шақырым лоток жүйелерін ауыстыру және 6 канал арнасын тазалау жоспарлануда, – деді Е.Жылқыбаев.

Жиында каналдардың қорғау аумағындағы 6 кәсіпкерлік нысанының заңсыз орналасқандығы айтылды. Жер телімдерін заңсыз пайдаланып отырған тұлғаларға қатысты заңнама талаптарына сәйкес шара қолдану, нысандарды бұздыру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, сапалы әрі уақытылы орындалуын назарда ұстауды тапсырды.

– Өткен жылы құрылған жұмысшы тобына нақты тапсырмалар жүктеген едім. Өкінішке орай, ол тапсырмалар ойдағыдай орындалмаған. Арықтар мен каналдарды тазалау, латоктарды ауыстыру мен жөндеу жұмыстары көңіл көншітпейді. Әсіресе, бүгінгідей жаздың ыстық күнінде арықтардан судың ағып тұруы аса маңызды. Бұл тек халық талабы ғана емес, шаһардағы ылғал мен ауа  тазалығы, жасыл желектің, егілген ағаш көшеттерінің тұрақты сумен қамтылуы да осыған байланысты. Жауапты мемлекеттік органдар мен құрылымдар бұл бағытта қаралған қаражатты тиімді игеріп, өзара үйлесімді әрекет етуі тиіс. Жұмысты жүйелендіріп, сылбырлыққа салмай, мүмкіндігінше қаладағы көшелерге су жіберу керек. Құрылған жұмысшы тобының қызметін жандандыру қажет. Каналдар мен арықтардың үстінен заңсыз салынған нысандардың иелеріне заңнама талаптарына сәйкес шара қолдану үшін жұмыс жүргізіңіздер, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.