Тараздағы кафе қожайындары тығылыспақ ойнауға көшті

0 31

Бүгінгі күні облыс орталығындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен індетті жұқтырғандардың қатары әлі де азаяр емес. Себебі көп жағдайда тұрғындар санитарлық талаптарды сақтай бермейді. Әсіресе облыс орталығындағы кафелер мен тамақтану орындарында санитарлық ережелер ескерілмейді. Сондықтан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев бастаған мобильді топ түнгі рейдке шығып, санитарлық ережені сақтамаған кафелерді анықтады.
Тараз қаласы қауіпті дерттің таралу деңгейі бойынша жасыл аймақта. Сондықтан шағын тамақтану орындарына 00:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. Дегенмен өз құлқынының қамын, артық пайданы ойлағандар талапты бұзудан тыйылар емес. Жасырынбақ ойнағандай келушілердің көлігін ауласынан аулағырақ қойып, түрлі амал-шарғыға баруда. Кафелерде «карантин уақыты» деген тіптен жоқ.
Алмас Кәдірбекұлы бастаған топ алдымен «M FASHION» кафесіне ат басын бұрған болатын. Жастардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналып кеткен кафеде ешқандай мейман жоқ екен. Қонақтарды шығарып салған даяшылар ғана үстелдерді жиыстырып жүргеніне көз жеткізген жергілікті полиция инспекторлары кафе басшылығына карантин талаптарын сақтап, белгіленген уақытқа сай жұмыс істеуді кезекті рет ескертіп кетті. Келесі кезекте Ташкент көшесінің бойындағы «Z BAR» кафесіне барған топ мүлде басқа жағдайға тап болды. Бір қарағанға кафенің есігі жабық әрі ауласындағы тұрақта көліктер де жоқ. Бірақ ғимарат ішінде көңіл көтеріп жатқан адамдардың дабырлаған дауысы анық естіліп тұрды. Әкімдіктен келген топты байқаған қонақтар сыртқа көрші үйдің шатыры арқылы шығып, нысаннан тысқары қойған көліктеріне мініп кете барды. Ал кафе әкімшілігі сол күйі есікті ашпады. Жамбыл даңғылындағы «Marco Polo» кафесінде де дәл осындай оқиға қайталанды. Кейбір қонақтар сыртқа шығып үлгерді. Нысан басшылығы да есіктерін бекітіп алды. Ескертусіз келген қонақтардан құтылмасын білді ме, араға жарты сағат салып есікті ашты. Сөйтіп, атқарушы орган тарапынан тиісті ескертулерін алып, айыппұл салынды.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.