БАСТЫ БЕТ Жамбыл жаңалықтары

ТАРАЗДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ БОЙЫНА ҚАН ЖҮГІРДІ

Жыл басынан Тараз қаласының сәулеті мен келбеті айтарлықтай жаңғыртыла бастады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасына сай облыс орталығында қазіргі таңда ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Тараз шаһар түлетудегі жоспарлы жұмыстың бір бөлігі  қаланы жарықтандырумен байланысты. Бұл жұмыстар Төле би даңғылында басталып та кетті. Сонымен қатар, қыркүйек айына дейін Қайрат Рысқұлбеков саябағының да кескін-келбеті түбегейлі өзгереді.

Маусым айының алғашқы күндерінен  Төле би даңғылы мен Сыпатай көшесіне дейінгі аралықтағы  бағаналар ауыстырыла бастады.
Биіктігі 11 метрді құрайтын, 8 қырлы шамдар қала көшелерінің көркіне сән, берері анық. Электр сымдары жер астымен жүргізілетін бағандардың арақашықтығы 50 метрді құрайды. Бұл жұмыстарға  жергілікті бюджеттен 68 млн тг бөлінген. Құрылыс 2 айдан соң аяқталады.

Одан бөлек бірнеше жылдан бері қараусыз қалған облыс орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы да түрлене түседі.  Қазіргі таңда саябақты жаңғыртудың жобасы әзірленіп жатыр. Таяу арада мұнда ұлт азаттығы жолында күрескен азаматтарға арналған мұражай бой көтереді. Саябақ аумағынан  балалар ойын алаңшасы мен қымызхана пайда болады.

Осылайша, күз айларында жаңа кейіпке енген  Тараздың жаңа кейпі қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналмақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР