Қоғам

Тараздағы таңғажайып тірліктер көне шаһар Тұрғындарының таңданысын тудыруда

Тараз қаласы облыс орталығы болғандықтан, мұнда тұратын халық санының да, келімді-кетімді қонақтардың да көп болатыны заңдылық. Сол себепті, тіршілігі бір тыным таппайтын шаһарда қызмет көрсету сапасында, әсіресе жолаушылар тасымалында, коммуналдық жүйе мен өзге де инфрақұрылымдарда мін болмауы қажет. Ал, бұл бағытта батыл бастамалар көтеріліп, бағдарлы жұмыстардың атқарылып жатқанына көпшілік куә.

Жолаушылар тасымалы жанданып келеді

Жалпы, тіршілігі қарбаласқан қала үшін жолаушылар тасымалының орны ерекше. Әрине, машақаты да жоқ емес. Сондықтан, қызмет көрсету сапасы сұранысқа сай болу үшін, әрі халық көңілінен шығу үшін автопарктерді жаңғыртып, көліктерді жаңалап тұрудың маңызы зор. Бүгінде Тараз қаласында жолаушыларға күнделікті 465 дана автобус 42 бағыт бойынша қызмет көрсетуде. Бұл тұрғыда жыл сайын автопарктерді жаңалап отыру мәселесі өзінің өзектілігін жоймақ емес. Осы ретте, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықовтан автопарктерді жаңғырту бойынша биылға жоспарланған жұмыстар жайлы сұрадық.
– Биыл қаладағы қоғамдық көліктерді 64 дана жаңа автобуспен толықтырсақ деп жоспарлағанбыз. Бүгінгі күнге дейін 25 автобус сатып алынды. Олардың бесеуі «ӘулиеатаТрансПасс», жиырмасы «№1 Тараз автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тиесілі. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «ТаразТрансМоторс» ЖШС-не – 11, «Экспресс-05» ЖШС-не – 18, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-не 10 дана орташа және үлкен сыйымдылықты автобус сатып алуды жоспарлап, тиісті жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді бөлім басшысы.
Бүгінгі күнде қаламызда жолаушыларға қызмет көрсетіп жүрген автобустардың барлығына нақты уақыт режимінде бақылап отыру үшін GPS жүйесі орнатылған. Ол арқылы қоғамдық көлік қозғалысын taraz-bus.kz сайтынан және мобильді қосымшасынан онлайн режимде көріп отыруға болады.
– Сонымен қатар, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын, мәдениеттілігін жоғарылату мақсатында үстіміздегі жылдың басынан автобустардың ішіне автоматты хабарлау құрылғылары орнатылуда. Бүгінде ондай құрылғы 75 автобусқа орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 200 данасын қоятын боламыз. Бұл құрылғы арқылы жолаушылардың түсетін, мінетін аялдамалары, қалта ұрлығынан абай болу керектігі, жол жүру билеттерін алу туралы ақпараттар автоматты түрде үздіксіз хабарланып отырады, – деп толықтыра түсті Б.Жақсылықов.

Көлік кептелісі азайды

Қалада жыл өткен сайын, көлік құралдары көбейіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Көлік көбейді дегенше, қозғалыстан да береке кетеді дей беріңіз. Сондықтан, қаладағы кептелісті азайту және көлік қозғалысын реттеу мақсатында облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының техникалық қадағалау инспекциясы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқаруда. Осы орайда, шаһардағы Сүлейменов-Жалаири, Сүлейменов-Крупская, Балуан Шолақ-М.Мәметова, Абай-Сухамбаев, Сухамбаев-№5 орта мектеп, Жамбыл-Сенкібай, Төле би-Хром зауыты сынды бірқатар нүктедегі бағдаршамдар уақытша сөндіріліп, нәтижесі зерделеніп жатыр екен. Ал, Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысы маңындағы бағдаршам мүлдем алынып тасталған.
Сондай-ақ, 25 көше бойындағы 99 қиылыстағы бұрынғы бағдаршамдар мен жол белгілері, көше атауларының көрсеткіштері бірдейлендірілмек. Бұл бағыттағы жұмыстардың сметалық құны – 200 миллион теңгені құраған. Ал, 4 метрлік бағанға ауыстырылатын 1 470 дана жол белгілерінің сметалық құны 13 515,547 мың теңгеге жобаланыпты.

Жол да жөнделеді, газ да жүргізіледі

Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен білгеніміздей, биыл көне шаһар көшелерінің жолдарын жөндеу бойынша жалпы сомасы 5,1 миллиард теңге болатын 85 жобалық-сметалық құжат жасалыпты. Барлық құжаттарды әзірлеу барысында қала тұрғындарының ұсыныстары ескерілген. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында газ жүйелері жаңғыртылып жатқан кейбір көшелерде жол жөндеу жұмыстары ретімен жоспарланған. Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, «Тараз қаласының газ тарату жүйелерін жаңғырту» жобасы бойынша 2020 жылға дейін 1 051 шақырым жерасты полиэтилен газ құбырларын ауыстырып, 25013 дана жеке шкафтар орнату көзделген. Ал, 2012-2017 жылдар аралығында 794 шақырым жерасты полиэтилен газ құбырлары ауыстырылып, 17 228 дана жеке шкафтар орнатылыпты. Жол жөндеуге биыл 1 миллиард 200 теңге қаралған екен.
Қала болғаннан кейін, оның су жүретін арық-атыздары мен ирригация жүйесінің де талапқа сай болуы шарт. Тараздың еліміздегі облыс орталықтары ішіндегі ең жасыл желекті қалалардың бірі екені көңілге медеу болғанымен, суару жүйесінің, қала ішіндегі шағын каналдар арқылы экологиялық мақсатта су жіберу шараларының да үлкен ролі бар.
Мәліметтерге сүйенсек, Таразда жалпы ұзындығы 82,55 шақырым болатын 8 канал бар, оған қоса, арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 164 шақырымды құрайды. Биыл осы канал арналарын, арық жүйелерін, құбыр өткелдерін, көпір астыларын тазалауға 116,449 миллион теңге қаражат бөлініпті. Бұл қаржыға негізінен каналдар механикалық тазалаудан өтсе, «Көлтоған» ықшамауданынан «Шалғай Қарасу» алқабына дейін 780 метр жаңа дренаж каналы қазылған. Сондай-ақ, біраз каналдың табаны мен көпір асты өткелдері қолмен тазартылып, ретке келтірілген.

Сән мен сәулет сабақтастығы

Облысқа әкім болып тағайындалған алғашқы күннен бастап Асқар Мырзахметов Тараз қаласының құрылыс-сәулеттік мәселелеріне де көбірек көңіл бөліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берген болатын. Межелі міндеттер апта сайын облыс басшысының төрағалығымен өтетін қала құрылысы жөніндегі кеңесте жіті талқыланып, атқарылатын жұмыстар жүйелі түрде пысықталып отырады. Соның нәтижесінде аз уақыттың ішінде «Жеңіс» саябағы адам танымастай өзгеріп, «Ерлік» мемориалды кешені ретінде есігін айқара ашты. Бұдан бөлек, А.Мырзахметовтің бастамасымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаты жасалды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қыркүйек айына дейін Қайрат Рысқұлбеков саябағының да кескін-келбеті түбегейлі өзгереді. Таяу арада мұнда ұлт азаттығы жолында күрескен азаматтарға арналған мұражай бой көтереді. Саябақ аумағынан балалар ойын алаңшасы мен қымызхана пайда болады.
Ал, маусым айының алғашқы күндерінен Төле би даңғылы мен Сыпатай көшесіне дейінгі аралықтағы бағаналар ауыстырыла бастады. Биіктігі 11 метрді құрайтын, 8 қырлы шамдар қала көшелерінің көркіне сән берері анық. Электр сымдары жер астымен жүргізілетін бағандардың арақашықтығы 50 метрді құрайды. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 68 миллион теңге бөлінген. Құрылыс 2 айдан соң аяқталады.
Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» скверін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып, қазір жаңа сквердің эскиз жобалары әзірленуде.
Сондай-ақ, облыс және қала әкімдіктері алдындағы скверлерге жаздық гүлдер отырғызылып, ою-өрнектермен безендірілді және автоматты суғару құрылғылары жүргізілді. Сонымен қатар, алда әкімдік алдындағы су бұрқақтарына түрлі-түсті сәуле шамдары мен әуенді су шашу құрылғылары орналастырылып, тараздықтар мен қала қонақтарының көз қуанышына айналатын күн алыс емес. Сол сияқты бүгінде Төле би даңғылының сыртқы жарықтандыру желілерін жаңғырту да жоспарлануда. Бұл мақсатқа 77 миллион теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмек.
Одан бөлек, биыл инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық қор есебінен 3 жоба бойынша жылу магистральдарын қайта жаңғырту көзделген. Жалпы, су құбырларын, электрмен қамту жүйелерін жаңғырту мәселелері де облыс әкімінің жіті бақылауында тұр және ол бойынша қала әкімдігі тиісті жұмыстар атқаруда.
Тағы бір айта кетерлігі, кейінгі уақытта облыс орталығында тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Бүгінде ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының талаптарына сай облыс орталығында баспана алуға 15 722 азамат кезекке тіркелген. 2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында былтыр «Арай-2» және «Қарасу» ықшамаудандарында «Байтерек девелопмент» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы ипотекалық, жалдамалы-несиеге және тұрғын үй қорынан пәтерлер берілді. Ал, биыл «Бәйтерек» ықшамауданында 60 және 100 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жандана түсуде. Бұл қоныстойдың көбейе түсетіндігін байқатса керек.

Қарбаласқа толы қалада қолға алынған жұмыс қыруар. Оны шағын ғана мақаламызға сыйдыру, әсте, мүмкін емес. Тындырымды тірліктердің барлығы да тұрғындардың көз алдында. Ең бастысы, мұның бәрі де елдің игілігіне бағытталғанын жан-жүрегімізбен сезіне алсақ болғаны.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Тараз қаласы

ПІКІР