Тараздағы «жабайы жарнамалар» көп ұзамай ретке келеді

0 9

Бүгінде Тараз қаласында жабайы жарнама мен ажарсыз афишадан аяқ алып жүре алмайсыз. Тіпті кейбір жарнамалардағы жазуларды көргенде жағаңды ұстайсың. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қалалықтарға үндеу жолдап, осынау олқылықтармен мықтап күресетіндіктерін айтқан болатын.

«Тараз күн сайын көркейіп, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Көгалдандыру жұмыстарына да мән беріліп, жасыл желектер мен гүлдер егіледі. Алайда Тараз қаласының өзіне тән сәулеті мен келбетін жөнсіз ілінген жарнамалар мен заңсыз орын тепкен нысандар бұзып тұр.
Осы орайда әкімдік қала сәулетін біркелкі етуді қолға алады. Сіздерді ғимараттардың сырты мен жарнама құралдарын орналастырғанда біркелкі үлгіні ұстануға шақырамын. Құрылыс компаниялары мен өңірдің кәсіпкерлері жаңадан салынып жатқан нысандардың көріксіз қоршауларын ретке келтіргені жөн. Қаланы жайлы ету үшін «қақпасыз қала» қағидасы негізінде мекеме сыртындағы қақпалар мен қоршаулар алынып, сәулеттік жоба бойынша бірізділікке көшіріледі. Туған қаласына шын жанашырлық танытатын тұрғындар осы игі бастамаларға қолдау білдіріп, шаһардың шырайын ашуға өз үлестерін қосады деген сенімдемін»,– деген еді үндеуінде Ержан Жұматұлы.
Бұл мәлімдемеден кейін 1 айға жуық уақыт өтті. Осы аралықта қанша жабайы жарнаманың көзі жойылып, ажарсыз афишалар алынып тасталды?
Тараз қаласы әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда шаһар көлемінде 171 жарнама билбордына зерделеу жүргізіліп жатыр екен. Оның 41-інің жалға алу мерзімі өтіп кеткен.
Ал 10-13 сәуір күндері Тәуке хан көшесінің бойындағы заңсыз орнатылған 5 билборд алынып тасталған. Енді бір айдың ішінде өзге де заңсыз қойылған жарнамалардың көзін жою жоспарлануда. Сондай-ақ қала көшелеріндегі барлық билбордтарды бірізділендіру қолға алынуда.
Қала әкімдігі қызметкерлерімен кәсіпкерлік нысандарындағы ұсқынсыз жарнамалар мен ажарсыз афишалармен де күрес жүргізілуде. Зерделеу барысында 270 нысан иесіне хаттама толтырылып, нәтижесінде барлық жарнамалар алынып тасталған.
– Біз өзіміздің тұрып жатқан ортамызды таза ұстап қана қоймай, оның көрнекілігіне де назар аударуымыз керек. Қала көшелерімен жүргенде ажарсыз афишалар мен жабайы жарнамаларды көріп, көңілің құлазиды. Сол себепті халыққа үндеу тастап, бұл бағыттағы жұмысты бастадық. Зерделеу жұмыстары жыл соңына дейін жүргізіледі.
Үндеуімде қаладағы нысандардың қоршауына қатысты да ойымды білдірдім. Егер қоршаулардың барлығы біркелкі болса, әңгіме басқаша болар еді. Сондықтан біз қазір «қақпасыз қала» жобасын да жандандырудамыз. Түсіндірме жұмыстарынан кейін бастамамызға қолдау білдіріп, өз еркімен ғимараттарының қақпасын алып тастап жатқандар бар. Ал өз күшімен қоршауды алуға шамасы келмей жатқандарға әкімдік тарапынан көмек беріп, техника мен жұмысшыларымызды жұмылдырып жатырмыз. Алайда бір айта кетерлігі, «қақпасыз қала» жобасы мектеп, балабақша мен құқық қорғау органдарына қолданылмайды. Себебі бұл аймақтар ерекше қорғалуды қажет етеді, – дейді қала әкімі Ержан Жылқыбаев.
Жаңа бастаманы қала жұртшылығы да қолдап отыр.
– Қала әкімінің бастамасын қос қолдап қолдаймын. Себебі бұл ең бірінші өзіміздің шаһар келбеті үшін жасалуда. Шындығына келгенде бүгінде қаладағы жабайы жарнамалардан көз сүрінеді. Кім көрінген ойына келген жарнаманы іле берген. Ішінде ұсқынсыз, тіпті түсініксіз жарнамалар да көп. Ал кейбір нысандардың маңдайшасындағы жарнамалары электр жарығына қосылғандықтан бір әрпі сөніп қалып, түнде біртүрлі, тіпті айтуға ыңғайсыз сөздер көрініс тауып тұрғанын да көз көруде. Мұндай тірлікпен біз өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызға қандай тәрбие береміз? Сондықтан қала әкімі Ержан Жұматұлының батыл бастамасына қолдау білдіріп, жабайы жарнамалармен күресте халықты үн қосуға шақырамын,– дейді қала тұрғыны Пернекүл Халықбаева.
Мұндай ойға Гүлбаршын Дәулетбергенова да қосылады.
– Шыны керек, қазір Тараз қаласы тотыдай таранып, күн санап көркейіп келеді. Бұрындары балалармен серуендеуге баратын жер тапшы болса, кейінгі жылдары ондай орындардың саны артты. Алайда кейбір демалыс орындарындағы жыртылып, жалбырап тұрған жарнамаларды көріп, көңіліңе кірбің түседі. Сырттан қонақтарың келіп жатса, сол маңды айналдырып өтуге тырысасың. Сондай-ақ жарнамалар мен афишаларда біркелкілік болмағандықтан сұрқы қашып тұрады. Міне, осындай келеңсіздіктермен қала басшылығы күресіп, ретке келтіріп жатқаны қуантады. Бүгінгі күннің өзінде ықшамаудандардағы бірқатар жабайы жарнаманың алынғанын көзіміз көрді. Одан бөлек «Әулие-Ата» әуежайы мен Төле би көшесінің бойына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, шаһардың өткен тарихынан сыр шертетін жарнамалардың ілінгенін көріп, жаным жадырай түсті. Мұндай игі бастамаға бәріміз жұмыла үн қосуымыз керек, – дейді қала тұрғыны.

Иә, көне шаһар тұрғындары өзгерістерге дән риза. Бұл енді ғана бастау алған тірлік болғандықтан нәтижесін уақыт көрсете жатар. Алайда қазірдің өзінде тараздықтардың қолдауына ие болып жатқан бастама қаланың көркін кіргізіп, шаһардың шырайын ашады деп сенеміз.

Саян ТІЛЕУЖАН,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.