БАСТЫ БЕТ

Таразды түлетудің тың тәсілі

Written by Aray2005

Көне шаһарды көп өзгеріс күтіп тұр

Тарих қойнауына енген ит жылы облыс тұрғындары үшін елеулі өзгерістермен, айшықты оқиғалармен есте қалды. Облыс орталығы Тараз қаласының өзінде ешбіріміз ойламаған қыруар тірлік тындырылды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасы аясында жасалған жүйелі жұмыстар көптің көңілінен шығып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді.
Тараз қаласының ажарын ашып, көркін кіргізу мақсатында өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында бұған дейін де аз айтылып, аз жазылған жоқ. Былтыр талай ізгі істің куәгері болған шаһар тұрғындары биылғы жылдан да үлкен үміт күтеді. Сол себепті де қаланың келешек келбетіне қатысты көпшіліктің көкейіне ұялаған көп сауалдың жауабын білмек ниетте өткен жылы құрылған қалалық сәулеттік бюро мекемесіне қайырылдық. Себебі 2018 жылы пайдалануға берілген бірқатар мәдени-көпшілік демалыс орындарында аталған мекеме мамандары өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Жалпы, аймақ басшысы Асқар Исабекұлының ұйытқы болуымен жұмысын бастаған мекемеге жүктелген негізгі міндет – қалада бой көтеретін нысандардың нобайын сызып, сұлбасын дайындау. Сәулеттік бюроның директоры Арман Әбдешов жоспарлы жұмыстар 2019 жылы да жалғасын тауып, тотыдай таранған Тараздың түрлене түсетіндігін айтады.
– Алға қойған жоспарымыз өте ауқымды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сай тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Шахристан» этномәдени орталығының жобасына ерекше басымдық берілуде. Себебі алда Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы ағымдағы жылдың күзінде тойланатын өңіріміздің мерейлі белесін аталған орталықта өткізуді құп көріп отыр. Сондықтан этномәдени орталықтың құрылысын күзге дейін бітіруге күш салынатын болады. Қазіргі уақытта орталықтың жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамада жатыр.
Орталықта облыстық өлкетану мұражайы, көркемсурет галереясы, көрме және «Руханият» орталығы, сыйымдылығы 700-800 орын болатын амфитеатр салынады. Және «Көне Тараз» кешені мен «Шахристан» этномәдени орталығы қосылып, екі нысанның арасынан бір шақырымға созылатын арбат құрылысы жүргізіледі. Арбат құрылысына байланысты Төле би даңғылының және өзге де көшелердің біршама бөлігі жабылып, қоғамдық көліктер қатынасы басқа көшелер арқылы реттеледі. Бұл ретте әрбір мәселе құзырлы мекемелердің жіті назарында. Сонымен қатар Тараз қаласының күні қарсаңында көшірілген Жамбыл Жабаевтың бұрынғы ескерткішінің орнына биіктігі 45 метр болатын сағат тұрғызылады, – дейді сәулеттік бюро директоры Арман Әбдешов.
Мұнан бөлек «Тектұрмас» кесенесінің аумағында да жыл соңына дейін туристерге және зиярат етушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында қонақүй және мешіт құрылысы аяқталатын болады. Сол секілді «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Көне Тараз» стансасы салынып, аспалы жол тартылады. Аспалы жол «Тектұрмас» кешенінен «Шахристанға» дейін созылады.
– Ел мерейін өсіріп, мәртебемізді асқақтатқан Қазақ хандығының 550 жылдығында ашылған «Қазақ хандығы» монументінің маңынан Қазақ хандығының мұражайы мен саябағын салу жоспарлануда. Қала тұрғындары мен қонақтар халқымыздың өткен тарихынан толықтай мағлұмат алатындай мүмкіндіктер жасалады. Сондай-ақ «Тараз-Арена» спорт кешенінің алдында облыстан шыққан даңқты спортшыларға арналған аллея ашылады. Әуежайдан қалаға немесе Айша бибі ауылына қарай веложол жүргізу де жоспарда бар. Өткен жылы құрылысы аяқталған «Үшбұлақ» демалыс орнынан «Зербұлаққа» дейінгі аралық толықтай абаттандырылады. Тиісінше «Зербұлақ» көлі аумағында да жанға жайлы демалыс аймағы құрылады.
Аумағы 362 гектарды құрайтын 15-ықшамауданда да бірқатар әлеуметтік, сәулеттік нысандардың құрылысы басталады. Жалпы, келешекте аталған ықшамаудан Тараз қаласындағы мәдени-іскерлік орталыққа айналады. Мұнда Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, Қаржы орталығы, Неке қию сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығы секілді әлеуметтік нысандар және көркем гимнастика, жеңіл атлетика спорттық манеждері мен «Мұз сарайы» салынады, – дейді А.Әбдешов.
Сәулеттік бюро басшысы қазіргі уақытта назардан тыс қалған аумақтарда зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, Қарасу ықшамауданындағы «Мыңбұлақ» каналын басып қалған қамыстарды тазалап, бұлақ көздерін ашып, демалыс орнына айналдыру көзделуде. Осы тәріздес мүлдем қараусыз қалған арнайы орындарды кәдеге жаратуға ерекше мән берілуде.
Егер мекеме басшысы айтқан жұмыстардың барлығы уақытында сәтті жүзеге асатын болса, Таразымыздың талайды тамсандырары айдан анық.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР