"Топжарған"

«Таразды» тығырықтан шығаруға тер төгемін

Төрт жыл премьер-лигада «теңселіп» жүріп төменгі лигаға бір-ақ түскен «Тараз» футбол клубына директор болып Қанат Мұсатаев тағайындалды. Клубты табандай төрт жыл басқарған Махамбет Дүйсембаев өз еркімен қызметінен кеткеннен кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов қызылорданың тумасына «Тараз» тізгінін сеніп тапсырып отыр. Қанат Бектілеуұлы спорттық жолын 1992 жылы Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетуден бастаған. Сондай-ақ, «Скиф-Ордабасы», «Мұнайшы», «Шахтер», «Синтез», «Ертіс», «Қайсар», «Яссы-Сайрам» сынды клубтарда доп тепкен. Одан бөлек, 2001 және 2003 жылдары «Тараз» футбол клубының жейдесін киген.

Қ.Мұсатаев футболшы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін «Шахтер», «Ордабасы», «Железнодорожник», «Тарлан» футбол клубтарында бапкерлік етіп, 2010-2012 жылдары Қазақстанның жасөспірімдер құрамасын жаттықтырған. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының Спорт директоры қызметін атқарып, бүгінгі күнге дейін «Оңтүстік» футбол академиясын басқарған.
Жеткен жетістіктеріне тоқталсақ, футболшы ретінде 1992 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Орталық Азия чемпионы атанған. Одан бөлек, «Скиф-Ордабасы» және «Ертіс» сапында ел чемпионатының күміс және қола медалін жеңіп алған. Нәтижесінде, 1994 жылы Қазақстанның ең үздік ойыншысы атағын иеленген. Міне, осындай жетістіктері бар спорт маманы «Тараз» футбол клубының басшылығына келіп отыр. Осы орайда, біз клубтың жаңа директорын ашық әңгімеге тартып, алдағы жоспары мен өңір футболы жайындағы ойын білген едік.

– Қанат Бектілеуұлы, биыл «Тараз» төменгі лигаға түсіп қалғанын жақсы білесіз. Қазір бұған клубтың бұрынғы директоры Махамбет Дүйсембаевты кінәлайтындар көп. Осы орайда, жаңа басшы ретінде сіздің жұмысыңызға да сын көзбен қарайтындардың аз болмайтыны айқын. Айтыңызшы, клубтың көсегесін көгерту үшін нақты қандай шараларды қолға алмақсыз?

– Қазір мен ең алдымен кадр мәселесіне айрықша мән беріп жатырмын. Өйткені, клубты қайта аяғына тұрғызып, команданы жоғарғы лигаға шығару үшін көп жұмыс жасау қажет болып тұр. Мұндай жағдайда айналама білікті мамандардың топтасқаны абзал. Сондықтан, клубтан түрлі себептермен кетіп қалған бұрынғы кадрлардың еңбек тәжірибесі мен түйіндемелерін қайта қарап жатырмын. Сондай-ақ, бас бапкер Ваит Талгаевпен келісе отырып, ойыншылардың әлеуетін саралаудамын. Қажет болса, талантты ойыншыларды ел арасынан іріктеп, клубқа шақыру ойда бар. Сосын, бапкерлер толықтай аттестаттаудан өтеді. Осы арқылы клубқа қажетті деген мамандарды қызметте қалдырып, қалғанын жаңалайтын боламыз. Бір сөзбен айтқанда, алда тұрған жұмыс аз емес.

– Басшы ауысқанда жаңа өзгерістердің болуы заңдылық. Алайда, кадр мәселесіне келгенде «командалық жүйе» деген дүние қылаң беретіні белгілі. Тікесінен айтсақ, сіздің қызметке келуіңізбен облысқа өзге өңірлерден мамандар ағылады деп күте берсек бола ма?

– Жоқ, өз басым командамен жүру дегенге қарсы адаммын. Жергілікті жердің ішкі және сыртқы жағдайын білетін азаматтармен жұмыс жүргізу мен үшін ұтымдырақ. Сондай-ақ, «Оңтүстік» футбол академиясының ойыншылары облысқа үдере көшіп келеді деген ойдан аулақ болғандарыңызды қалаймын. «Тараз» футбол мектебі талай таланттарды түлетіп ұшырған алтын ұя. Бір ғана «Тараздың» дубльінде небір жақсы ойыншылар жүр. Олардың арасында Бразилияға барып, арнайы оқып келген үш жасымыз бар. Міне, осындай футболшылардан құрама жасақталатын болады.

Одан бөлек, клуб футболшыларына салынған базаны академияға айналдырсақ деген жоспарымыз да бар. Биыл 550 миллион теңгеге жаңғыртудан өтетін «Жастар» стадионын да оқу-жаттығу жиындарына пайдаланбақпыз. Және ардагерлер командасын құруды да жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстардың барлығына мен адамдарды сырттан шақырмай, жергілікті жердің мамандарын жұмылдыратын боламын.
– Бұрынғы басшы да кезінде уәдені үйіп-төккен еді. Алайда, маусым соңында клубтың кежегесі кейін тартқан тірліктерін қаржы мәселесіне әкеліп тірейтін. Сіздің сынықтан сылтау іздейтін әдетіңіз жоқ па? Егер биыл «Таразды» жоғарғы лигаға қайта шығара алмасаңыз не істемексіз?

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Мені облыс басшысы үлкен сенім артып шақырғаннан кейін, қолымнан келгенше аянып қалмаймын. Егер нәтиже көрсете алмасам, қызметімнен босататын да сол кісілер. Менде қазір «биыл «Таразды» премьер-лигаға шығара алмаймын» деген ой мүлдем жоқ. Керісінше, ә дегеннен өз-өзімді қамшылаудамын. Және журналистермен де, жанкүйерлермен де қарым-қатынаста ашықтық принципін ұстанатын боламын. Кім болса да кеңсеге келіп, клубқа қатысты өз ойын айтып, сұрақтарын қоя алады. Осылайша, бірлесе жұмыс атқарған жағдайда ғана біз жетістікке жете аламыз.

– Тағы бір мәселе – жанкүйерлер «Тараздың» қарапайым жейдесін сатып ала алмайды. Яғни, маркетинг, жарнама жағы ақсап тұр. Осы түйткілдің түйінін қалай тарқатпақсыз?
– Оныңыз рас, Таразда жергілікті футбол командасына арналған бір спорт дүкенінің жоғын естіп, таңқалдым. Әсіресе, бұл мәселеге қатысты жанайқайын білдіріп жатқан жанкүйерлер көп. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыру үшін фанаттар клубымен келіссөз жүргізіп, демеуші табу жағын қарастырудамыз. Сонымен қатар, «Тараз» төменгі лигада ойнап жатыр демей, сырт алаңдағы ойындарының барлығына жанкүйерлерді апару жағын ұйымдастырмақпыз. Оған қажетті қаражатты да, көлікті де табатын боламын. Және стадион жанынан спорт дүкенін ашу да ойда тұр. Онда футболшылардың жейдесі, мойынорамалдар және әртүрлі естелік бұйымдар сатылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, ардагер футболшыларға стадионнан арнайы орын дайындап, тегін кіргізу жағын қарастырудамыз.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін футболшыларды тамақтандыру жағы да күрмеуі қиын мәселелердің бірі болып келіпті. Мұны да шешуге қазір күш салудамын. Бір сөзбен айтсақ, мен бұл қызметке уақыт өткізу үшін емес, нақты тірліктер атқару үшін келіп отырмын.

– Білікті маман, талантты футболшы ретінде Сіз биылғы маусымда «Тараздың» премерь-лигаға қайта оралатынына сенесіз бе?
– Әлбетте сенемін! Сенбесем тізгінді ұстамас едім ғой. Көкейде сенім болмаса, еңбекте өнім болмасы анық. Ол үшін аянбай тер төгеміз. Және былтыр легионерлерге қатысты орын алған жағдай қайталанбас үшін қазірден бастап барлық ойыншылардың келісімшарттарын жіті зерделеудеміз. Сәтін салса, келер жылы жоғары лигадан қайта көрініп қалуымыз бек мүмкін.
– Әңгімеңізге рахмет! Жаңа қызметіңізге толайым табыс тілейміз және сенім биігінен көрінуді нәсіп етсін.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР