"Заң және біз"

Тараздық полицейлер электромобильмен жүреді

Written by Aray2005

Жамбылдық тәртіп сақшылары қоршаған ортаға зиянсыз көліктерді тізгіндей бастады. Қылмыстың алдын алу бағытында бұл көлік діттеген жерге жедел жетуге мүмкіндік береді. Заманауи техника жетістігі әзірге Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы жаңғырған соң, осы аумақтың тыныштығына жауапты полицейлерге облыс әкімдігі тарапынан берілді.

Жол-патрульдік полиция батальоны инспекторларының айтуынша, жаңа технологияның жұмысқа оң әсері бірден байқалған. Тәртіп сақшылары осы көлікті тізгіндегелі саябақ аумағында бірде-бір қылмыс орын алмапты. Электромобиль мінген полицейлер ауқымы үлкен демалыс орнымен қатар, бүгінде халықтың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген «Үшбұлақ» жағажайының да тыныштығын күзетуде.
Жалпы электрокар қажетті жарық, дабыл және орталықпен байланыстырар барлық құрылғылармен толыққанды қамтылған. Сондықтан түнгі уақыттағы рейдтік шараларға да қолайлы. Айта кетерлігі, 4 орын­дықты көлік қозғалтқыш орнына аккумулятормен жүреді. Сондықтан да шығыны аз. Кернеуі 220 вольт электр желісінен алынған қуат күнұзақ 12 сағатқа жетеді. Мамандардың сөзінше, құрылғы көп жөндеуді қажет етпейді. Сондықтан да саябақтағы қоғамдық тәртіпті бақылау үздіксіз жүргізіліп отыр. Қазір халық тәртіп сақшыларының жаңа темір тұлпарларына дән риза және шаһардың өзге де аумақтарында қолға алынса деген тілектерін айтуда.

С.Жапарұлы

ПІКІР