Тараздық таксилер құнықты ма, әлде, салықтан жалтарып жүргендерін ұмытты ма?

0 0

Карантин басталғалы бері қалада жүйіткіген жайдақ такси көбейді. Қарбалас тіршіліктің қарқыны бәсеңдегенімен қазір ерінбегеннің барлығы екі қолға бір күректі осы тірліктен тапқандай. Тіпті тойда төбесі көкке жетіп, бір уыс ақшаны азсынатын асабалар мен әншілердің өзі қазір көлігін тізгіндеп, көше кезіп жүр. Алайда бұл тұста үш мәселе бар. Біріншіден көлденең көк атты таксилердің бәрі де санитарлық талапты сақтамайды. Енді бірі бағаны негізсіз көтеріп алған. Кейбірі табыс салығын да төлемейді.

Әрине, қазір бұрнағы жылдардағыдай халық беталды жүріс-тұрысты доғарған. Тек көпшілік осындай қиын-қыстауда отбасының қамымен, бала-шағаны асырау үшін үйден шығуға мәжбүр. Шынтуайтында халықтың басым бөлігінің қара жаяу екені жасырын емес. Карантиннің кесірінен бұқара күнделікті қоғамдық көлікке де қолы жетпей қалды. Оның үстіне Тараз қазір бұрынғыдай шағын ғана шаһар емес. Оның ана тұсынан мына тұсына жаяу жету қиын. Оған қоса шілденің шіліңгір ыстығы да ит сілікпеңді шығарады. Бұл қатарға енді зейнет жасындағылар (65 жасқа дейінгі) мен аяғы ауыр нәзік жандыларды, буыны қатпаған бүлдіршіндерді қосыңыз. Қаланың ол шеті мен бұл шетіне жаяу жетуге бәрінің бірдей денсаулығы да шыдамайды. Амалы таусылған соң такси қызметіне жүгінеді. Ал оларда қазір карантинге дейінгі баға жоқ. Жанына жолап кетсең, таяқ тастам жерге атан түйенің құнын сұрайды. Еліміз жан алысып, жан берісіп жатқан осындай сын сағатта бұл да бір жығылғанға жұдырық болып, жанға батуда. Соғысты, ашаршылықты, қуғын-сүргінді, бастан кешкен еліміз бір-біріне қашанда қамқор болды емес пе? Ендігі сол асыл қасиетіміз қайда қалды? Бүгінгі жағдайға қарап, еріксіз осындай ойға қаласың.
– Осыдан төрт жыл бұрын жолдасым жол апатына түсіп, мүгедектер арбасына таңылды. Қазір төрт баламыз бар. Оның үстінде бесінші қабатта тұрамыз. Отағасының үйге кіріп-шығуы қиын. Жолдасымның бауырлары Алматыда тұрады. Карантин басталғалы олармен де байланысымыз үзіліп қалды. Әйтпегенде үнемі қарайласып тұрады. Төрт баламызды жеткізсем деп жұмыс жасаймын. 42500 теңгені де бір-ақ мәрте алдым. Кейбір жұмыс жасап жүргендердің өзі сол жәрдемақыны екі мәрте алыпты. Алдыңғы үш балам ес біліп қалған. Мен жұмыста жүргенде әкелеріне қолғабыс жасайды. Ал кенжем әлі кішкентай. Көбіне өзіммен бірге алып жүремін. Баламен жаяу жүрген оңай емес. Сондықтан кейде «InDriver» қосымшасы арқылы такси шақырамын. Бұрындары 300 теңгеге алып кететін таксилер қазір 700-800 теңге сұрайды. Тіпті үнемі мініп жүрген таксилердің өзі қазір бағаны шарықтатып жіберген. Өзім бар-жоғы 50 мың теңге табыс табамын. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Күн сайын 700 теңгені таксиге берсем, еңбекақымнан еш пайда көрмейтін сияқтымын. Қоғамдық көлік тоқтаған кезде әбден қиналдық. Қазір тіпті таксилердің көбі құнығып кеткен дерсің. Жолдың бойында баламен тұрған анаға да тоқтамайды, тоқтаса аузына келген бағасын айтады. Амал жоқ кейде үйге қайтар жолдың жартысына дейін жаяу жүремін. Шамам таусылған жерден тоқтатамын,– дейді Тараз қаласындағы 6-ықшамауданының тұрғыны Жансая Есжанова.
Расында қазір еліміз тәулік бойы өмір үшін тағдырдың емтиханын тапсырып жатқандай. Өздерінің топтасып тұратын «ордаларын» Отан қорғағандай күзететін тараздық таксилер қазір интернеттегі «InDriver», «Яндекс такси» қосымшалары арқылы да табыс тауып жүр. Бір сөзбен айтқанда қазір көлік тізгіндегеннің қай-қайсысы да такси қызметін ұсынады. Олар кейде тіпті арнайы рұқсаты бар жолаушылар тасымалдайтын мекемелердің де алдын орап кетті. Дейтұрғанмен карантин кезінде олардың барлығына тыйым салынған болатын. Тек жалғыз «Сервис такси «Ақжол» компаниясы ғана Тараз қаласы әкімдігі тарапынан қызмет көрсетуге рұқсат алды. Себебі мекеменің темір тұлпарлары санитарлық талапқа сақадай сай, мемлекеттік кірістер департаментіне тіркелген. Бірақ 2 адамнан артық жолаушы алмайтын бұл мекеменің қызметіне де халықтың көңілі толмай отыр.
– Биыл Алла жазса пайғамбар жасына толамын. Ұл-қыздарымның барлығы өзге өңірлерде жұмыс жасайды. Таразда тек бір қызым мен немерелерім тұрады. Мен солардың қолындамын. Індет басталғалы немерелеріме бас-көз болып отырмын. Күйеу балам үш жыл бұрын Нұр-Сұлтанда құрылыс жасап жүріп, оқыс жағдайда қаза болған. Артында екі перзенті қалды. Өзімнің зейнетақым 43 мың теңгенің төңірегінде. Қызым да тапқан табысын аузынан жырып, немерелеріме береді. Қазір күнкөріс өте қиын. Ешкімге оңай емес. Күні кеше ғана немерем ауырып, жедел жәрдем келмегеннен кейін емханаға дейін таксимен баруға мәжбүр болдық. Көлік тізгіндеген жүргізуші екі-үш аялдама жерге ұялмай мың теңге сұрады. Менің мейлі дегеніме қызым көнбеді. Ақыры қызым «Ақжол»-таксиге» хабарласып еді, олар: «жарты сағат күтіңіздер» деді. Жарты сағатымыз бір сағаттан асты. Ақыры 800 теңгеге басқа таксиді көндіріп алып бардық. Емханаға жеткеннен кейін «Ақжол»-таксиден» көлігіңіз келді» деп орыс қыз хабарласып тұр. Ондай таксиіңе рахмет айналайын дедім. Мен өзім бұрынғының көзін көрген адаммын. Екі аяққа қуат берсе, жаяу жүре беремін. Бірақ басыңа іс түскенде бұлардың сұғанақтануы сұмдық екен. Біз қалай ел боламыз, мейірімнен жұрдай болып бара жатыр екенбіз,– дейді қала тұрғыны Ұлбала Естемісова.
Мұндай жағдайға тараздықтардың еті де, көзі де үйреніп қалған. Жанармайдың бағасы қымбаттамаса да карантин кезіндегі осындай олқылықты өзіміз де көріп жүрміз. Әрине бас салып такси жүргізушілерін кінәлаудан да аулақпыз. Олар да нәпақасын солай айырып жүр. Дегенмен қанағатты да ұмытпағанымыз абзал. Осы ретте әдеттегі әдіспен шақырған таксидің бірін әңгімеге тартып көрген едік. Антисептик тұрмақ, бетпердесі жоқ Ержан есімді азамат ат шаптырым жерге 600 теңгені азсынып, 700 теңгені жөн көрді.
– Бұрын Алматыда жеке компанияларда әр түрлі жұмыс жасадым. Өзім Тараздың тумасы болғандықтан карантинде осында оралуға тура келді. Оның үстіне отбасым да Таразда тұрады. Ер азамат болғандықтан үйде жата алмайсың. Содан өз көлігіммен күндіз «InDriver», түнде «Яндекс такси» қосымшалары арқылы жұмыс істеп кеттім. Жол-жөнекей жолаушыларды бағдарлап отырамын. Таң сәріден бастап түске дейін кемі 5 мың теңге табыс табамын. Жартысына жанармай құйып, кешке дейін оны екі еселеймін. Карантин кезінде бәсекелестер де көбейді. Жолаушыны қай жерге дейін жеткізсем, сол жерде тұрамын. Тұрақты орным жоқ. Оның маған қажеті де шамалы. Басында қалада блокбекеттер қойылғанда қиындықтар болғаны рас. Қазір өзіңді өзің асырамасаң ешкім нанын үзіп бермейді ғой, – дейді такси жүргізушісі.

Хош, бәрін айт та, бірін айт демекші, мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының айтуынша, қызметтің мұндай бейберекет түрімен айналысушылар ешқандай салық төлемейді. Неге? Онда олар қандай негізге сүйеніп бағаны шарықтатып шалқасынан түседі? Байқағанымыздай күніне жоқ дегенде 5 мың табатын такси бір айда 150 мың теңге алады екен. Ал 43 мыңға жетер-жетпес айлық алып жүргендер қаншама? Бұл мәселеге де заң органдары тарапынан бақылау қажет секілді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.