Тараздықтардың наразылығын тудырған мәселе

0 2

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы қоғамдық көліктерге электрондық төлем жүйесін енгізу жұмыстарын сынға алды. Бұған қала тұрғындарынан түскен толассыз шағымдар себеп болды.

8 қазаннан бастап облыс орталығындағы автобустарға электрондық билет жүйесі енгізілген болатын. Ол бойынша «TulparCard» карталары барларға төлем құны бұрынғысынша 65 теңге күйінде қалса, қолма-қол ақшалай төлем 130 теңгеге өскен.
Өкінішке қарай тараздықтардың көпшілігі аталған картаны сатып алуға асықпаған сыңайлы. Соңғы күні ғана карта алуға ұмтылған қала тұрғындарының қарасы қалың болып, салдарынан сауда нүктелерінде ұзынсонар кезек пайда болған. Карталардың таусылуына байланысты кейбір сауда орындары толығымен жабылды.
– Адамдарға жақсылық жасағымыз келді. Бірақ сіздер бәрін жоққа шығарып отырсыздар. Кезінде дәрі алуға кезекте тұрған адамдар енді төлем картасын алуға кезекке үйілді. Бұл не масқара? Дүңгіршекте 20 ғана карта қалған, ал кезекте 40 адам тұр. Неге мұның бәрі алдын ала ойластырылмаған? – деп сұрады аймақ басшысы кездесуде жауапты тұлғалардан.
Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, екі ай бұрын жолақыны қолма-қол төлеп жүрген кезде-ақ төлем жүйесінің өзгеретіні туралы ескертілген.
– Қыркүйек айының басында азаматтар күніне ең көп дегенде 700 картадан сатып алып отырды. Ал соңғы күні бәрі ағыла түсті, – деп ақталды басқарма басшысы.
Бұл жауап облыс әкімін қанағаттандырмады.
– Картаны қай уақытта алатынын халық өзі біледі. Бұл жерде мәселе карталардың жетіспеушілігі болып отыр. Сіздер бұл туралы алдын ала ойластыру керек едіңіздер, енді міне халықтың наразылығын көріп отырсыздар, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек те мән-жайды түсіндіруге тырысты.
– Тек кейбір валидатор ғана жұмыс істемейді. Төлемді бір картадан екі рет жасау мүмкін емес. Карталар жеткілікті, – деп атап өтті ол.
Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желілердегі азаматтардың шағымдарын көрсетті.
– Сіз тұрғындарды айыптай алмайсыз. Кінә өзімізден. Олар әлеуметтік желіде «Біз қаланың жартысын айналып шықтық, карта табылмады», «Лермонтов аялдамасында карта үшін екі әйел жұлысты» деп жазады. Мұндай шағымдар өте көп. Жоқ жерден мәселе туындатып отырсыздар және оны түзеу үшін ешқандай шара қолданбадыңыздар, – дей келе Бердібек Машбекұлы өз орынбасары Ұлан Жазылбекке, Тараз қаласы әкімдігіне, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жағдайды тез арада реттеуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.