Қоғам

Тараздықтарға ыстық су қыркүйекте беріледі

«Қыс шанаңды жаз сайла» дейді. Бұл мақал отын-суын дайындап, қамбасына қап-қап бидайды қаттап жинаған қазақтың бүгінгі ұрпағы үшін әлі де өзектілігін жоймақ емес. Әсіресе, қыстың көзі қырауда тас қабырғадан ұрған суық тұрғындарды дірдек қақтырмас үшін жылыту маусымына дайындық жұмыстарын осы бастан жүргізудің маңызы айрықша. Бұл ең алдымен қақаған қыста қазандықтардың жарылып, жылу жүйелерінің істен шығуын болдырмаудың қамы, аққар, көкмұзда ақау шыққан жылу жүйелерімен алысып, әбігерге түспеудің алғы шарты.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу энергетика бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рауан Байдалиев облыста барлығы 434 қазандық пен 340 шақырым жылу, 9 мың 555 шақырым электр, 1 мың 383 шақырым су-кәріз, 4 мың 548 шақырым газ желілерінің техникалық жағдайы тексеруден өткенін, 794 білім, 406 денсаулық сақтау, 553 спорттық және әлеуметтік-мәдени нысандар мен 1 мың 475 көпқабатты тұрғын үй қысқа дайындалғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында 721,1 миллион теңге қаралыпты. Соның ішінде 431,1 миллион теңгеге жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделсе, инвестициялық бағдарлама бойынша бөлінген қаржы – 290 миллион теңгені құраған. Жылу құбырларын жаңғырту және жөндеу жұмыстары «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы мен «Таразтрансэнерго», «Жамбыл-Жылу», «ТемірЖол-Жылу» секілді кәсіпорындарға жүктелген. Жалпы, қазір жылу магистралін қайта жаңғырту желілерінің ұзындығы 12,4 шақырымды құрап отыр.

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 жобаны жүзеге асыру мақсатында 1 786,5 миллион теңге бөлініп, 3,2 шақырым жылу желілері жаңартылады. Оның ішінде Тараз қаласындағы Абай даңғылы бойындағы жылу магистралін реконструкциялау да бар. Абай даңғылындағы түйісу жобасының құны 657,898 миллион теңгені құрап, бүгінде 1,13 шақырым жылу құбырлары ауыстырылуда. Бұл жұмыстар мамыр айының соңында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 1 қырқүйекке жоспарланғанымен, тамыз айының ортасына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді, Ниетқалиев, Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелерінде де ескі құбырларды жаңасына алмастырамыз. Осы жұмыстардан кейін бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер мен 59 әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамту барысындағы мәселелер өз шешімін табатын болады, – дейді Рауан Айдарханұлы.

Бұдан бөлек, жылыту маусымында моно және шағын қалалардың орталық қазан­дықтарына отын сатып алуға 1210,7 миллион теңге қажет көрінеді. Соның ішінде осы жылдың IV тоқсанына бөлінген 413,15 миллион теңге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бюджетінде қаралыпты. Тұрғындарды және бюджеттік мекемелерді қажетті 351,2 тонна көмірмен қамту мақсатында ай сайын жеткізу кестесі әзірленіп, еліміздің Энергетика министрлігіне жолданған. Оның 281,3 мың тоннасы тұрғындарға, қалғаны бюджеттік мекемелерге тиесілі.

Жалпы, жылу қуатын ыстық су және бу түрінде өндірумен, тасымалдау және таратумен, сондай-ақ коммуналдық қазандықтарды, жылу тарататын құбырларды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізумен және пайдаланумен айналысатын іргелі кәсіпорынның бірі – «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік мекемесі. Бұл мекеменің теңгерімінде 73 қазандық бар болса, оның 32-сі аудандарда орналасқан. Осы жылу қазандықтарының бүгінде 8-інен басқасы газбен жылытылады. Оның ішінде қатты отын пайдаланатын (көмір) 5 қазандық Тараз қаласына тиесілі. Бұл кәсіпорын 164 көпқабатты түрғын үйге, яғни Қарасу, Қаратау ықшамаудандары мен Қарасу, Асқаров көшесі бойындағы және «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы 16 көпқабатты тұрғын үйлерге келісімшарт негізінде техникалық қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, осы жылу мекемесінің қарамағында аурухана, балабақша, орта мектеп секілді бас-аяғы 90-ға жуық бюджеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандар бар. Бүгінде 64 қазандыққа ағымдық жөндеу, 7 қазандықта күрделі жөндеу, 2 қазандыққа қайта жаңғырту жүмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджеттен 146,2 миллион теңге бөлінген. Инвестициялық бағдарламаны орындау мақсатында қарастырылған 110,9 миллион теңгенің 63,9 миллион теңгесіне, Байзақ ауданының Үлгілі ауылында орналасқан Үлгілі орта мектебінің қазандығын газдандыру және жаңғырту жұмыстары 100 пайызға аяқталған. Жамбыл ауданының Аса ауылында орналасқан Б.Момышұлы атындағы орта мектептің қазандығын жаңғырту жұмыстары 40 пайызға бітіп отыр. Ал технологиялық құрылғыларды сатып алуға 5,3 миллион теңге жұмсалған.

– Биыл жылыту маусымы 1 сәуірден бастап тоқтатылды. Элеватор түйіндеріне бітеуіштер қондырып, РК-1 қазандығының және «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы жылу желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізбес бұрын ол гидравликалық сынақтан өткізілді. Нәтижесінде, жылу желілерінің 6 жерден тесілгенін анықтап, жөндеуден өткіздік. Ыстық су жүйелерін қалыпқа келтіру қыркүйек айына дейін жалғасады. Десе де, қазіргі таңда 14 қазандық жұмыс істеп тұр. Нақты айтсақ, аталған ықшамаудандар мен тұрғын алқаптарда барлығы 85 тұрғын үй мен денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау нысандарында ыстық су ағып тұр, – дейді кәсіпорын директоры Жұмабек Бөлекбаев.

Жалпы, тараздық тұрғындарды тағатсыздандыра күттірген негізгі мәселенің бірі – ыстық судың қай уақытта берілетіндігі. Жоғарыда аталған басқарманың жылу энергетика бөлімінің бас маманы Сағи Үтеловтің сөзіне сүйенсек, егер, барлық шаруа жоспарға сай аяқталып жатса, тұрғындардың ыстық сумен қыркүйек айында қауышуына мүмкіндігі бар көрінеді. Бұл енді жылу энергиясын өндіру, тарату, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мекемелердің жоспарлы құрылысты дер кезінде аяқтауларына байланысты болып тұр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР