Жамбыл жаңалықтары

Тараздың қоғамдық көліктері маусым айынан бастап электронды билеттендіру жүйесіне көшеді

Written by Aray2005

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Интеллектуалды көлік жүйесінің жобаларын іске асыру бойынша өткен жылы жол картасы әзірленген болатын. Жол картасы негізінде 2019-2020-шы жылдары қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу, бейнебақылаумен жабдықтау жоспары бекітілген. Орталық диспетчерлік пунктінің ұсынған бірнеше нұсқасы арқылы жаңа жүйенің тиімділігі қарастырылуда. Жоба оң нәтиже берген жағдайда барлық қалаішілік бағытты қамтитын болады. Бұл шаралар 2020 жылы толық жүзеге асады деп жоспарлануда. Жаңа жүйенің енгізілуі арқылы қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасы едәуір артпақ. Бұл өз кезегінде жолаушылардың нақты саны мен маршруттардың тиімділігін анықтауға, салық түсімін молайтуға мүмкіндік береді.
Қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру жүйесін енгізу бойынша іс-шараларды үстіміздегі жылдың маусымынан басталып, 2020 жылдың қазаны аралығында іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда «Алматы көлік холдингі» (Оңай), «Европалық қайта құру және даму банкі» (ЕБРР), «Касса 24» ЖШС, «МФ Тариф» компаниялары және «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-нің жүйені маршруттардың барлығына орнатуға кететін шығын есептелуде. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Орталық диспетчерлік қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Темір жол вокзалы мен «Жансая» шағын ауданы аралығында қатынайтын №40-шы бағыттағы 10 қоғамдық көлік осы жүйемен жұмыс істеп, бір ай көлемінде зерделеу жүргізілді.
Электронды жүйенің жұмысы қарапайым. Бар болғаны ANDROID операциялық жүйесіндегі Play Market қосымшасы арқылы «IPAY» ЖШС-мен жасақталған OyBy мобильді көмекші жүктемесін орнатып, көмекші қосымшамен автобус салондарында орналасқан «QR» кодтар арқылы жол жүру ақысын бірліктеріңіз есебінен төлей аласыз. Сондай-ақ, банк карталарындағы қаражат арқылы да жолақыны төлеуге қарастырылған.
Қазіргі уақытта Тараз қаласында қанша адам тасымалданып, қоғамдық көлік қанша айналымда жол жүретіндігі туралы нақты ақпарат жоқ. Барлығы шамамен жасалады. Ал бүгінгі жаңа жүйе толымды ақпаратты анықтауға көмек береді. Мәселен, №40 маршрутта электронды билет жүйесі енгізілген үш күннің ішінде 388 рейс жасалып, 17264 жолаушы тасымалданды. Оның 14011-і ересек адамдар, 1264 оқушы болса, жолаушылардың 1969-ында жолжүру карточкасы болған. Пилоттық жобаның нәтижесі бойынша бұл жүйе тиімділігін көрсетуде.
Әзірге қала тұрғындары мен жолаушыларына жобаның жай-жапсары түсіндірілуде. Ал мамандар болса, облыс аумағында алғаш рет енгізіліп отырған бұл жүйенің тиімділігі жоғары екенін айтуда. Мәселен, Алматы қаласында жаталған жүйені енгізу арқылы бюджетке төленетін салық мөлшері 2 есеге дейін артқан.
Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге «Е-билет» электрондық жүйесі екі кезеңде жүреді. Ағымдағы жылдың соңына дейін қолмен төлеу валидаторлары, келесі жылы дифференциалды тариф жүйесін енгізу арқылы, төлем карталарымен төлем қабылдайтын стационарлы терминалдар қойылмақ.
Қоғамдық көліктердің күнделікті кірісі мен шығысын анықтау бойынша жүргізілген 3,5 айлық хронометраждың қорытындысында барлығы 37 тасымалдаушы маршрутқа зерделеу жүргізілген. Анықталған көрсеткішті бір жылға шаққанда 66 миллион 577 604 жолаушы қатынапты. Жолақыдан түсетін табыс көлемі 2,5 миллиард теңгені құраған. Ал маршрутта қызмет көрсетуге кететін шығын көлемі 3,4 миллиард теңгеге айналған.
Айталық, рентабельділігі жоғары 11 бағыттағы маршруттың жылдық таза табысы орташа есеппен 107 053,0 мың теңгені құраса, рентабельділігі орташа 16 бағыттағы автобустың орташа табысы 22 776,3 мың теңгеге айналған. Ал, рентабельділігі төмен 16 қоғамдық көліктің жылдық таза пайдасы 329,8 мың теңгеге шақталған. Сондай-ақ, қала ішінде барлығы 43 бағыт бойынша тасымалдаушы 10 мекеменің 670 автобусы бар болса, оның 226-сының қолданыста жүргеніне 7-12 жыл болыпты.
Бүгінде автобустардың тозуына және жолаушылардың үлкен сыйымдылықты автобусқа сұранысының артуына байланысты 226 бірлік автобусты кезең-кезеңімен жаңарту керек. Ағымдағы жылы 50, келесі жылы 80, 2021 жылы 96 қоғамдық көлікті жаңартуға болады. Автобустарды жаппай үлкен сыйымдылықты автобустарға жаңартуға мүмкіндік жоқ. Қолдағы мүмкіншілікті ескере отырып, автобустарды жаңарту бойынша жоспар жасалынды. Жоспар бойынша 2019-2020 жж. жаңартылатын автобустар саны айқындалмақ.

ПІКІР