«Тараздың мейірімді жүректері» тегін дәрі таратып жүр

0 0

Адамзат баласының ұлт пен ұлысқа, география мен биографияға, тіл мен ділге бөлінбейтін ортақ асыл қасиеті қайырымдылық екені әмбеге аян. Осы қасиет төрткүл дүние тұтастығын тамырластырып, қазіргідей сын сағатта күллі адамзаттың алақанына алау жағып, жүректерге жылу сыйлайды. Іргемізге қатерлі індет жайғасып, қаншама отбасыны қара жамылдырған шақта халық дәрі-дәрмекке мұқтаж. Ал дәріханаларда ұзынсонар кезек. Оның үстінде дәл осы дәріханаға келгенде тілегенің алдыңнан табаның таусылып іздесең де табылмайды. Бұл ретте ел мұқтаждығын елеп, тұрғындарға тегін дәрі-дәрмек таратып жүрген «Тараздың мейірімді жүректері» қоғамдық бірлестігінің ерен еңбегін де атап өтпеуге болмас. 60 ерікті топтасып, өз есебінен күнделікті дәрілерді сатып алып, көшелерде көпшілікке тегін үлестіріп келеді.

Бұл ізгі жандарды Instagram арқылы тауып алдық. «Тараздың мейірімді жүректері» (dobryeserdtsataraz) парақшасында олардың күнделікті халыққа дәрі-дәрмекті тегін таратып жүргені фотосуреттер мен пікірлерден тұрғындардың алғысын көрсек те бұл жандардың әрекетіне сене қоймадық. Содан соң парақшаның әкімшісіне жазып, қаладағы осынау игі істің ұйытқысы болып жүрген жандармен бетпе-бет жүздестік. Негізінде қалада осындай бірнеше топ бар екен. Олар әлеуметтік желіде тұрғындарға алдын ала уақыты мен аялдайтын жерін жазып отырады. Біз бұл істің бастамашысы болған Виктория Колченконың тобына уәделі уақытта жолықтық. Дәріхана алдындағы кезектен төзімі таусылып, іздеген дәрі-дәрмегін таппай салы суға кеткен халықтың санында есеп жоқ. Егде жастағы кісілер мен жастар да өзгелерге «өмір сыйлаушыларды» бізбен бірге күтіп отыр екен.
– Ең алғаш көмек қолын созып, қарайласу тұрғысындағы әрекетімізді осыдан бес жыл бұрын қалада жоғалып кеткен жас баланы іздеуден бастадық. Содан бері аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға көмек қолын созумен айналысып келеміз. Бізді өзіміз секілді қарапайым адамдар қолдайды. Топтың алпыс мүшесі бар. Барлығымыз мүмкіндігімізше ақша жинап, қолдан келген көмегімізді аянбаймыз. Мәселен осы індет басталған алғашқы айларда отыздан аса мұқтаж отбасыны азық-түлік, тамақпен қамтамасыз еттік. Өзім төрт баланың анасымын. Басында азық-түлікті тегін таратумен айналысып жүрдік. Содан кейін халыққа дәрі-дәрмек қажет екенін де түсіндік. Өзімізде жиналған ақшаға күнделікті таңертең дәріханалардан дәрі сатып алып, соны кешке дейін қала тұрғындарына тегін таратып беруді қолға алдық. Басты талап тұрғындардың қолында дәрігердің тағайындау парақшасы болса болды. Күні кеше түнгі сағат 02:00-ге дейін «Шалғай Қарасу» аймағының тұрғындарына дәрі-дәрмек таратып қайттық. 3 күн бойы қаланың орталық аудандарындағы тұрғындарға дәрі-дәрмекті тегін үлестірдік. Арасында бірқатар демеушілердің өз есебінен әзірлеген ыстық тамақтарды ауруханаларға, дәрігерлерге ешқандай ақысыз жылдам жеткізіп береміз. Әуел баста ыстық тамақты «Ташкент», «Абдукодир», «Баходур» кафелерінен өз ақшамызға сатып алмақ болғанбыз. Кафе иелеріне рақмет олар тамақты қайырымдылық үшін тегін берді. Атап айтқанда «Ташкент» кафесінің иесі Батыржан Бахриев 100 адамға арналған ыстық тамақ үлестірсе, «Абдукодир» кафесінің егесі Абдумалик Исламов 50 дәрігерді ас-сумен қамтамасыз етті. Біз тек олардың аманатын жеткізіп бердік.
Көбіне әлеуметтік желілері арқылы жұмыс жасаймыз. Халық бізге таппай жүрген дәрілерінің атауын чатқа жазады. Біз соны тауып қоюға тырысамыз. Дәріханалардың да халыққа көзқарастары әрқалай. Біз ерікті адамдармыз. Кейбір дәріханалар бізбен жақсы жұмыс істейді. Ал кейбіреулері бізге қабақ шыта қарайды. Біз халықтан ақша талап етпейміз. Тек өзіміздің топтың мүмкіндігі шеңберінде ғана қаржы жинап тұрамыз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесу де біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Қазір күн сайын кемінде отыздан астам тұрғынды қажетті дәрілермен қамтамасыз етіп жүрміз. Шын мұқтажтарда дәрі-дәрмектерді талап алып кетеді. Үйде жатқан кісілерге кейде өзіміз апарып береміз. Кеше ғана 9-ықшамаудан мен «Тонкуруш», «Шалғай Қарасу», «Шөлдала» аумағындағы науқастарға қажетті дәрілерін үйлеріне жеткізіп бердік. Бізге тек дәрігердің тағайындау жазбасы болса болды, дәрілер толығымен тегін таратылады. Бізге халықтың амандығы мен алғысынан басқа ештеңенің керегі жоқ. Ең қымбат қазына – адам өмірі. Карантин ертерек аяқталып, еліміз аман, жұртымыз есен болсын, – дейді ізгі бастаманың ұйымдастырушысы Виктория Валерьевна.
Байқасақ бірлестік белсенділерінің бес жылдың көлемінде атқарған ілкімді істері аз емес екен. Алдағы жоспарлары да халықтың мұқтаждығын өтеумен тығыз байланысты.
– Осы топтың мүшесі болғаныма биыл үшінші жыл. Өзім де алғашында топ мүшелерінің әрекетін Instagram-нан көріп, қатты қызықтым. Содан топтың жетекшілерімен танысып, қоғамға, халыққа қолымнан келгенше көмектескім келетін ниетімді білдірдім. Сол уақыттан бері осы топпен көпбалалы аналарға, қарттарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып келеміз, – дейді топ белсендісі Малик Айдинов.
Өз кезегінде біз тұтынушы тұрғындармен де пікірлестік. Олардың арасында топ қызметіне бірнеше рет жүгінгендер де бар. Яғни әрбір отбасы мүшесі ауырған сайын дәріханадан таппағанын ерікті топтан еншілеуге мәжбүр болған. Барлығының қолында дәрігерлердің рецептісі. Тіпті ауданнан ат шаптырып келген аналар да қолындағы қағазға жазылған дәрілердің еріктілердің көмегімен табылғанына дән риза.
– Талас ауданының Қаратау қаласынан осы дәріге бола келдік. Әрқайсымыздың дәріміз 15 мың теңгеге айналады екен. Зейнетақымыздың басын құрап, ақшамыз болса да ауданнан дәрі таппадық. Ақыры немере қызым осы жерге ғаламтордан көріп алып келіп еді. Өзімізге өзіміз сенбей тұрмыз. Тек жолақымызды төлеп жеткеніміз болмаса, барлығын тегін алып қайтып бара жатырмыз. Осындай ізгі істі ұйымдастырушы мынау жастарға үлкен алғыс айтамыз. Нағыз жанашырлық деген осы, – дейді таластық зейнеткер Жүрсінкүл Шалқыбайқызы.
Әл-Фараби бабамыздың мыңдаған мағынасын ондаған ойға жүктеп, ақиқатын астарлап, қасиетін қастерлеп айтқан қайырымды қала жұртының бір нышаны осы деп асқақтамасақ та, ел арасында осы ізгіліктің жұрнағы жұтылып кетпегенін аңғардық. Соңында біз де олардың ісіне сәттілік, дендеріне саулық тілеп қайттық. Ал сіз, осынау сын сағатта бір жанға қарайластыңыз ба?..

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.