"Топжарған"

«Тараздың» ойыны түзеле бастады

«Тараздың» ойыны түзеле бастады. Жерлестеріміз екінші лигадағы соңғы екі кездесуде жеңіске жетіп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Алдымызды орап тұрған тек «Қыран» мен «Оқжетпес».

Алдыңғы аптада өткен бірінші жекпе-жекте «тараздықтар» ақтаулық «Каспий» командасын жеңді. Ойынның төртінші минутында жерлестеріміз есеп ашып, Евгений Шипицын мергендігімен көзге түсті. Бірінші 45 минуттықта осы есепті өзгеріссіз ұстап қалған футболшыларымыз екінші таймның 89-минутында қақпаларына гол жіберіп алып, байырғы әдеттеріне басты. Соңғы минутта соғылған голдан кейін «Тараз» тағы тең түсті» деп болжағанбыз. Алайда, жігіттеріміз жеңіске деген жігер танытып, 92-минутта қорғаушы Сағадат Тұрсынбай есепті 2:1-ге жеткізді. Осылайша, «Тараз» ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді.

Өткен сенбіде өткен алматылдық «Қайрат А» командасына қарсы кездесуде де «тараздықтар» жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бірінші таймда соғылған гол жерлестерімізге тағы үш ұпай әкелді.
Енді «Тараз» 21 сәуірде «Екібастұзбен» күш сынасады. Егер бұл жекпе-жекте жеңіске жетсек, турнир кестесіндегі жағдайымыз біршама түзелері сөзсіз.

Кеше кешкілік Қазақстан Кубогы ойындарының 1/8 финалында «Тараз» павлодарлық «Ертіспен» күш сынасты. Негізгі уақытта қарсыластарына есе жібермеген жерлестеріміз пенальтиде сәтсіздікке ұшырады. Десе де, «Тараз» соңғы сәтке дейін сауатты ойын өрнегін көрсеткенін атап өткен жөн.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР