Қоғам

Тараздың түрленуі іскер азаматтарға да байланысты

Written by Aray2005

Сәрсенбі күні облыс орталығындағы «Достық» үйінде «Тараздың түрленуі» тақырыбымен іскерлік-әріптестік кездесу түріндегі форум өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға «Көне Тараз» қоғамдық қорының өкілдері, өңірдегі бірқатар ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Бұл форумның басты мақсаты – облыстан шыққан елге танымал кәсіпкерлерді, меценаттарды, өңір азаматтарын өз туған жерін көркейтуге, өркендетуге тарту, сондай-ақ Тараз қаласына туристер тартатындай етіп түрлендірудің жолдарын кеңесу.
Форум модераторы ретінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай кездесудің басты мақсатына кеңірек тоқталып, 2018 жылы Тараз қаласының сәулеттік кескін-келбетін жаңарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылғанына тоқталды.
– Құрметті жерлестер! Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында туған жерімізді өркендету – перзенттік парызымыз.
Биыл Жамбыл облысының 80 жылдығына орай өз бастамаларыңызбен Тараз қаласын көркейту және инфра­құры­лы­мын жақсарту жобаларын ұсынып, «Көне-Тараз» қоғамдық қоры арқылы қаржылай қолдау көрсетуге шақырамыз, – деді К.Олжабай өз сөзінде.
Сонымен қатар ол коммерциялық сипаттағы нысандардың құрылысын өз есебінен жүргізіп, пайдалануға ниет білдіретін азаматтарға Тараз қаласы әкімдігі тарапынан жер телімдерін инженерлік-құрылымымен бірге бөлуге дайын екендіктерін жеткізді.
Одан кейін облыстық «Сәулеттік бюро» мекемесінің басшысы Арман Әбдешов «Мәдени-іскерлік» орталықтың, «Шахристан-Көне Тараз», «Тектұрмас» кешендерінің макеттерін таныстырып өтсе, Тараз қаласында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Көне Тараз» қоғамдық қорының жұмысы жайлы қор президенті Марат Әбдіре баяндады.
Бұл кездесуде облыстың Құрметті азаматы Амангелді Карентаев туған жерге ту тігіп, өскен өлкеге қарайласып жүру төңірегінде келелі әңгіме қозғаса, А.Еділбаев, Ә.Жұмабаев, В.Родкин, А.Жанбаев, Г.Турганбекова, М.Абитаев, Л.Айтқұлова сынды азаматтар қаладағы тарихи-мәдени кешендер құрылысына қаржы құюға ниетті екендерін білдіріп, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президентіне сертификат тапсырды.
Жалпы, бұл форум барысында «Көне Тараз» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесі құрамы бекітіліп, екіжақты меморандумға қол қойылды. Одан кейін форум қатысушылары қала ішіне ұйымдастырылған экскурсияға шықты.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ

ПІКІР