Жастар.kz

Тараздың талантты әрі танымал түлектері

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру – басты міндет. Аталған маңызды құжатта атап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің білім басқармасы облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықта «Тараз түлегі – online beII» атты шара ұйымдастырды. Оның аясында ілім қуып, жыраққа кеткен «Болашақ» бағдарламасының студенттері мен түлектері онлайн режимде шеберлік дәрістерін оқыды.

Талантты да танымал тұлғалар мен жоғары сынып оқушыларының арасында рухани байланыс орнату, оларды жастарға үлгі етуді мақсат тұтқан шеберлік сыныбын белгілі журналист Қанат Әуесбай жүргізді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаева, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова қатысты.

Өңірімізден 400-ге жуық озат оқушы қатысқан шарада Назипа Аюбаева сөз алып, өзінің Жуалы ауданынан шыққанын, қарым-қабілеті мен ізденістің арқасында Кембридж университетінде білімін ұштағанын, оқуға деген құлшыныс адамды арман-мұраттарға адастырмай жеткізетінін сөз етті. Бұдан кейін, Ұлыбританияның Бристоль университетінің білім саласы бойынша PҺD докторанты Жанат Төтешова, химиядан халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, МІТ түлегі Қайрат Әшім, республикалық «Байтақ – Болашақ» экологиялық альянс қозғалысының төрағасы Азамат Әмірхан, белгілі кәсіпкер Қуаныш Шоңбай онлайн режимде байланысқа шығып, өздерінің жетістікке жету жолдарын әсерлі әңгімелеп берді.

Бүгінде Қайрат Әшім Америкада «Yelp.com» компаниясының инженер-бағдарламашысы болып еңбек ететінін, Жанат Төтешова да шетелде докторлық дәрежені қалай меңгеріп жатқанын тілге тиек етті. Белгілі кәсіпкер Қуаныш Шоңбай 19 жасында 1 миллион табысқа қол жеткізгенін, бүгінде өз компаниясының жылына 2 миллиард теңгеден астам табыс табатынын айтып, жалпы заманауи кәсіптің қыр-сырына тоқталды. Ресейдегі таңдаулы деген университеттің бірінде білім алған Азамат Әмірхан да табиғатты аялау, Отанды сүю тұрғысында ой қозғады.
Өз кезегінде әулиеаталық түлектер спикерлерге көкейде жүрген сауалдарын жолдап, аға-әпкелерінің ақыл-кеңесіне қанықты.

Шеберлік дәрісі аяқталғаннан кейін, сұрақ қойған белсенді оқушылар мен өзге де жеткіншектерге спикерлер мен Назипа Аюбаеваның атынан арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР