Жамбыл жаңалықтары

Таразға 157 оттегі концентраторы жеткізілді

dav
Written by Aray2005

Тараз қаласына қайырымдылық қорлары арқылы Қытайдан сатып алынған 157 оттегі концентраторы жеткізілді. Бұл медициналық қондырғылар «Шұғыла», «Өркен-ниет» қайырымдылық қорлары мен «Дәмді Себет» дүкендер желісі, «Әулиеата-Феникс» құс фабрикасы сынды бірқатар кәсіпкерлік субъектілерінің және жекелеген адамдардың жинаған қаржысына сатып алынды.

Алғашқылары осыдан 10 күндей бұрын Қытайдан сатып алынған қондырғылар елге ұшақпен жеткізіліп, оларды Тараз қалалық №5 емхананың ауласында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының жауапты өкілдері күтіп алды.
– Өңіріміздің қайырымды азаматтарына айтар алғысымыз шексіз. Осынау қиын шақта жұдырықтай жұмылып, халыққа, денсаулық сақтау саласына қол ұшын созып азаматтық танытып жатыр. Осы 157 оттегі концентраторын біз облысымыздың 19 медициналық мекемесіне бөліп бердік. Енді бізге әлі 43 осындай концентратор қажет. Бұйыртса алмай қалған денсаулық сақтау мекемелері де осындай қондырғылармен алдағы уақытта қамтамасыз етіледі деген үміттеміз, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы дәрімен қамтамасыз ету және медициналық бұйымдар бөлімінің басшысы Гүлжазира Ибрагимова.
Бұл қондырғылардың басым бөлігі Тараз қаласында қалмақ. Өйткені пневмония және коронавирус кеселіне шалдыққан науқастардың дені облыс орталығындағы жұқпалы және провизорлық ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Атап айтсақ, облыстық көпбейінді ауруханаға 24, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 23, облыстық фтизиопульмонология орталығына 17, Тараз қалалық көпбейінді ауруханаға 14 дана оттегі концентраторы бөлініп отыр. Қалғандары Жуалы, Жамбыл, Шу, Талас, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ сынды бірқатар аудандарға үлестірілмек.
Осы істің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі, «Өркен-ниет» қайрымдылық қорының директоры Ақжол Базаровтың айтуынша, әрқайсысы 105 000 мың теңгеге айналған 157 қондырғының жалпы құны шамамен 16 миллион 485 мың теңгедей болыпты. Ал олардың құжаттарының ресімделіп, шекара асуына Денсаулық сақтау министрлігі қолдау білдіріп, ұшақ мәселесін өз мойындарына алған.
– Қайырымды жандардың, қолы ашық кәсіпкерлердің көмегінің арқасында бір жұтым ауаға зар болып, тынысы тарылып отырған қаншама науқас осы аппараттардың көмегімен ем алмақ. Амандық болса облысқа тағы да 43 қондырғы жеткізіп береміз. Осылайша өңірімізді бас-аяғы 240 оттегі концентраторымен қамтамасыз етеміз, – дейді А.Базаров.
Бұл аппараттар Қытайда құрастырылғанымен Германияда мойындалған, сол елдегі үшінші нөмерлі ауруханаларда қолданылатын қондырғылар екен.
Жалпы, «Шұғыла» қайырымдылық қоры еліміз бойынша 4000 оттегі концентраторын сатып алған. Есеп-шотына 7 миллиондай теңге қаражат жиналған «Өркен-ниет» қайырымдылық қоры 55 қондырғыға ақша аударыпты.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР