«Таразға тарту» жобасы шаһардың шырайын келтіруде

0 51

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын және «Таразға тарту» жобасы аясында демеушілердің есебінен салынып жатқан аллеяларды аралады.

Алдымен Бердібек Машбекұлы Тәуке хан көшесінің аяқ жағында бой көтеретін «Бокс сарайының» және «Мұз айдынының» жобаларымен танысып, алғашқы іргетасын қалады. Екі спорт кешені де 2022 жылы пайдалануға беріледі.
– Жамбыл спортының әрқашан жұлдызы биік. Келешекте де солай болып қалуы керек. Сондықтан тек күрес немесе футболға басымдық бермей, басқа да спорт түрлерінің де дамуына жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатта бүгінгі таңда нақты жұмыстар жүргізілуде. Ал бүгін алғашқы іргетасы қаланған «Бокс сарайы» мен «Мұз айдынынан» болашақта талай Олимпиада чемпиондарының тәрбиеленіп шығатыны анық. Екі нысанның да жобасы жақсы. Енді тек өз міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарап, жақсылап жұмыс істеңіздер,– деді Б.Машбекұлы.
Мұнан кейін Б.Сапарбаев «Таразға тарту» жобасы аясында Айша бибі көшесінде салынған «Спорт қалашағын» және дренаж каналын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. «Спорт қалашығында» «street workout» алаңшасы, 8 жасқа дейінгі балаларға арналған ойын алаңшасы және екі орындық әткеншек, екі үстел теннисі орнатылған. Сонымен қатар аталған көшенің басынан Айша бибіге арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.
Сондай-ақ өңір басшысы әл-Фараби көшесіндегі №7, 25, 26, 27 үйлердің ауласындағы скверлерді және «Қарасу» каналының жағалауын абаттандыру жұмыстарын көзбен көріп, С.Сейфуллин көшесіндегі «Қаржыгерлер аллеясына» ат басын бұрды.
Жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды көрген Б.Машбекұлы жұмылған жұдырықтай бірлесе еңбек етіп жатқан облыс әкімдігінің басқармаларына, Тараз қаласы әкімдігіне алғысын жеткізді.
– «Жалғыз ағаш орман болмас» демекші, жалғыз адам ешнәрсе істей алмайды. Бәріміз осы қалада тұрып, ауасын жұтып, суын ішіп жатқандықтан шаһарымыздың келбеті көріктеніп, ажары ашыла түсуі үшін бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Облыс орталығының тотыдай таранып, сұңқардай сылана түсуіне тек қала әкімдігі ғана емес, бәріміз жауаптымыз. Бұдан кейін де дәл осылай жұмыс жасауымыз керек,– деді Б.Сапарбаев.
Ал аймақ басшысы барған аллеяларда демалып отырған егде жастағы қарт кісілер, ұл-қызын ойнатып жүрген ата-аналар облыс, қала әкімдігіне ризашылықтарын жеткізді.
– «Қарасу» ықшамауданында тұрып жатқаныма ондаған жылдың жүзі болды. Шыны керек, ауданымызда ешқашан дәл осылай қарқынды жұмыс істелмеген. Тіпті ұзақ жылдар бойы қараусыз жатқан, қаңғыбастардың мекеніне айналған «Қарасу» каналының айналасы абаттандырылып, жайлы демалыс орнына айналды. Шағын футбол алаңшасы да салынды. Кешкілік балаларымыз алаңшада доп ойнаса, аллеяда, канал бойында ықшамаудан тұрғындары сейіл құрып жүреді. Осылайша «Қарасу» бір жылға жетер-жетпес уақытта адам танымастай өзгерді. Сондықтан Бердібек Машбекұлына, Ержан Жұматұлына және игі істің басы-қасында жүрген барлық жауапты азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – деп ағынан жарылды ықшамаудан тұрғыны Айткүл Қосарова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.