Қоғам

«ТаразЭнергоОрталық»-тың қайырымдылығы

Written by Aray2005

Ораза айында күллі мұсылман қауымы мол сауапқа кенеліп, сансыз қайырымдылық жасауға асығады. Осы орайда халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», «Кең болсаң – кем болмайсың» деп жатады. Сондықтан жомарттықтың мұсылманның бір есімі екенін алға тартқан «ТаразЭнергоОрталық» акционерлік қоғамының ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты.

– Мекеме атынан облыстағы ардагерлерге, көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік салынған 250 себет таратып жатырмыз. Мұның барлығын бүгінгі карантин кезеңі мен Рамазан айына байланысты ұйымдастырудамыз. Қасиетті айда ардагерлеріміз бен аз қамтылған отбасыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді. Айта кетерлігі, бұл игі шараны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді «ТаразЭнергоОрталық» мекеменің басшысы Бақберген Мәуленов.
Тілге тиек ете кететіні, «ТаразЭнергоОрталық» акционерлік қоғамы ұйымдастырған қайырымдылық шарасына облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері де атсалысып, қол ұшын созды.
Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аға буын атынан мекеме ұжымына ризашылығын жеткізді.

Ш.БИДІЛДӘҰЛЫ

ПІКІР