"Заң және біз"

Тәрбие тетігі – тәртіпте

Алайда, облыста 101 мектеп инспекторы жетіспейді

Тәрбие тал бесіктен басталады. Алайда, бесіктегі баланың естияр жігіт, бұрымды бойжеткен болғанға дейін ананың ақылына, әкенің өсиетіне құлақ асатын заманы өтті. Қазіргі бүлдіршіндер алғашқы қадамын басар-баспастан балабақшада, оң-солын танымастан мектептен үлгі-өнеге алады. Өйткені, жұмысбасты ата-ананың ұл мен қыздың тәрбиесіне көңіл бөлуге мұршасы жоқ. Демек, мектеп оқу орны болумен қатар, тәлім мен тәрбиенің ордасы. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесімен тек ұстаздар емес, мектеп инспекторларының да айналысуы құптарлық жайт. Әйтсе де, облыста оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алып, оларды заңға қайшы әрекеттен бойын аулақ салуға жетелейтін сала мамандарының тапшылығы байқалады.

Қазіргі қоғамда ұлық мамандық ұстаздықтың мәртебесі төмендеп кеткені жасырын емес. Ата-аналар қит етсе мұғалімдерді арыз-шағыммен қорқытуға бейім. Оқушылардың ұстазды келемеждеген бейнекөріністерін де әлеуметтік желіден жиі көзіміз шалады. Осыдан соң ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіндегі ықпалының іс жүзінде қай деңгейде екенін аңғару қиынға соқпайды. Әрине, мектеп мұғалімдерінің тәрбиеге баулудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмас. Алайда, оқушылардың ұстаздарды жөнге салып, тәртіпке бас игізуші ретінде мойындай қоймайтынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Есесіне, жасөспірімдер «формалы педагогтың» төбесін көргенде зәре құты қалмайды. Демек, мектептердегі оқу үрдісімен тәрбие беру ісінің қатар өрбуінде ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыра білгеннен ұтылмасымыз анық.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, «формалы педагогтардың» жүйелі жұмысының нәтижесінде кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің қатысуымен орын алатын қылмыс деңгейі төмендеген. Мәселен, өткен жылдың 8 айында жамбылдық өрендердің қатысуымен 114 қылмыстық оқиға тіркелсе, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде бұл көрсеткіш 97 фактіні құрады. Сондай-ақ, ювеналды полиция қызметкерлерімен жүргізілген 2 828 рейдтік шаралардың барысында мезгілсіз уақытта көше кезген 435 жеткіншек оқшаулау орталығына жеткізілген екен. Статистика да заң қызметкерлерінің ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айқындай түседі. Алайда, өңірдегі жасөспірімдер қылмысына толыққанды тосқауыл болуда ювеналды полиция қатарындағы кадр тапшылығы өз әсерін тигізуде.
– Қазір облыстағы ювеналды полиция сапында 161 мектеп инспекторы қызмет етуде. Тараз қаласындағы барлық білім ошақтары мектеп инспекторларымен қамтылған. Арнаулы орта білім беру мекемелерінде бұл қызмет учаскелік инспекторларға жүктелген. Дегенмен, аудандарда мектеп инспекторлары жетіспейді. Саладағы маман тапшылығы 101 штаттық бірлікті құрайды. Аудандарда мектеп инспекторларына небәрі 10-12 штат қана бөлінген. Ал, біздегі кей аудандарда 50-ге жуық мектеп бар. Осыдан кейін ауылдық жерлердегі мектептердің мектеп инспекторларымен қамтылу деңгейінің қаншалықты екенін бағамдай беруге болады, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Қуанышбек Қалжанов.
Қуанышбек Жақсылықұлы өңірдегі ювеналды полиция қызметінің материалдық жабдықталу деңгейінің сын көтермейтіндігін де тілге тиек етті.
– Біздің қызметкерлерге арнайы қызметтік көліктер қарастырылмаған. Салдарынан инспекторлар түнгі рейдтерге өз көліктерімен шығуға мәжбүр. Кейде көлік құралы болмауынан рейд барысында қолға түскен жеткіншектер бөлімшеге жаяу жеткізіледі. Сонымен қатар, алыс аудандарда жаза басқан жасөспірімдердің ісін қарау үшін оларды әлі күнге Тараз қаласындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық сотқа тасымалдауға тура келеді. Сондай-ақ, қызметкерлердің кеуде тұсына тағылатын бейнетіркеу құрылғылары жоқ. Бұл жағдай рейдтік шаралар кезінде ұсталған жасөспірімдердің ата-аналарының наразылығын тудыруға себеп болады, – дейді Қ.Қалжанов.
Дегенмен, өңірдегі білім ошақтарын мектеп инспекторларымен қамтуда мәселе жеткілікті. Маман тапшылығынан бөлек, материалдық-техникалық базаның жабдықталу деңгейі бұл салаға көптеп көңіл бөлу қажеттігін аңғартады. Көтеріліп отырған мәселе төңірегінде өз ойларын ортаға салған ауыл мектептерінің мұғалімдері формалы әріптестерінің тәрбие ісінде көп көмек көрсететінін алға тартады. Ұстаздар қауымы да ювеналды полиция қызметі сапындағы маман тапшылығы мәселесін шешумен мықтап айналысу қажеттігін атап өтті.
– Ювеналды полиция қызметкерлері ай сайын келіп тексеру жүргізіп тұрады. Мектеп оқушыларымен жоспарлы кездесулер де ұйымдастырылады. Ауданнан бізге бөлінген инспектор аймақтағы 7 мектептегі тәрбие ісімен айналысады. Әрине, бұл инспекторлардың бір уақытта 7 мектеп оқушыларын бақылауда ұстай алмасы белгілі жайт. Құзырлы органдар қылмыспен күресте ең әуелі жасөспірімдер қылмысына баса назар аударып, ең кемі 2-3 мектепке 1 аумақтық мектеп инспекторын бөлсе екен, – дейді Қордай ауданындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 мектеп директорының міндетін атқарушы Мәди Қылышбекұлы.
Қордайлық әріптесінің сөзін құптаған Т.Рысқұлов ауданындағы Абай орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айдос Қойайдаров ювеналды полиция қызметіндегі маман тапшылығынан бөлек, олардың кейде өз жұмысына немқұрайдылықпен қарайтындығына қынжылыс білдірді.
– Біздегі мектеп инспекторы аумақтық бөлініске сай 5 мектептің оқушыларымен жұмыс жүргізеді. Осы орайда, инспекторларды мектеп оқушыларының санына қарай көбейтсе жөн болар еді. Ұрпақ тәрбиесінде ювеналды полиция қызметінің рөлі орасан. Алайда, формалы әріптестеріміз кейде мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына иек артып, өз қызметтеріне атүсті қарайды, – дейді А.Қойайдаров.

Рас, соңғы жылдары елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда мектеп инспекторларының қызметі жүйелі жолға қойылуда. Алайда, қылмыспен күрестің негізгі саласындағы істі ілгері етуге облыстағы ювеналды полиция сапындағы маман тапшылығы мен материалдық-техникалық базаның талапқа сай жабдықталмауы кері әсерін тигізуде. Жауапты тұлғалар ұрпақ тәрбиесіндегі осы бір ұрымтал тұсты назардан шет қалдырмаса болғаны.

ПІКІР