Тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған

0 6

Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден бастау алады. Қазақта «көршіңмен тату бол!» деген ұлағатты қағида бар. 1992 жылдың 25 мамыры күні достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Бұл – тәуелсіз екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған тарихи күн. Міне, сол айрықша оқиғаның дәлелі – тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз.

Осыған орай, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан Достық үйінің алдында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен облыстық «Радонеж» орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан-Ресей – мәңгілік дос» атты концерті өтті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан бұл іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық қатынастарды нығайту және орыс этносының мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау, төл мәдениетімен таныстыру болатын.
Мерекелік концерт «Радонеж» орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Владимир Сорокиннің жетекшілік етуімен «Калинка» ансамблінің «Вот избушка» әнімен басталып, «Үкілім-ай» би ансамблі бишілерінің қазақ биімен жалғасты. Сондай-ақ, кеште «Ляйсан тамчилары» вокалдық ансамблі, орыс халқының ұлттық аспаптарынан құралған «Русский наигрыш» оркестрі және шығармашылық топтағы Надежда Кадышева, Любовь Юргинцева, Евгений Белоголова, Валентина Туренко, Валентина Матвеева, Ахмат Сарбашев, Александр Крыгин, Лариса Есеналиева, Антонина Беляева өнер көрсетті. Көңілді кеш барысында облыстық «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің әншісі Рузалия Абдуганиеваның орындауындағы «Қазақ елі осындай» әні көрермендердің көнілінен шықты.
Маусым айының жайма-шуақ кештерінің бірінде өткізілген концерт соңы «Калинка» ансамблінің орындауында орыс халқының «Дорога» әнімен қортындыланып, Достық үйінің басшысы Парида Иманжанқызы және этномәдени бірлестік өкілдерінің құттықтау, алғыс сөздерімен аяқталды.
Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған кеш жамбылдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.