Мәдениет

Тарих тамыршысы

Written by Aray2005

Замандас болған соң біз Мақаңмен жаңа тарихымыз басталған сәттен бірге келе жатырмыз. Социализм кезінде жас едік, еліміз егемен болғанда есейдік. Сол есейген кезімізде Мақұлбек Рысдәулетті жақсы таныдым. Оның жас шағынан-ақ болашаққа ойлы көз салып, көңілден таса жататын кей жайларға зерделі көңілмен терең ден қойып, ақ пен қараның айырмашылығын жақсы айыра білгенін аңғардым. Мақаң қарымды қаламгер ретінде бағаланып, тура жүрісінен ешқашан жаңылмады. Жай адам елемей өтіп кете беретін кей нәрселерден ол түйінді ой қорыта білді, талас тудыратын көкейкесті мәселеде оның түпкі мәнін ашып, шын мағынасын мейлінше тура саралады. Тарихымыздың көмулі жатқан қазынасын арши жүрді.

Маған журналист жақсыны насихаттау үшін қызмет етуге жаралғандай көрінеді. Мақұлбектің іс-әрекетін бағамдай келе, олар сондай деп ойлаймын. Олар үшін дұрысын айту – міндет. Халық кей нәрсені елемей ұмытар, бірақ журналист қалт жібермейді. Мақұлбектің шығармашылығынан соны әркез көрдім.
Баяғыда біздің Талас ауданындағы Үшарал ауылының іргесінде геологтардың қосыны болды. Олар ауыл шетінде бір ауыл болып өмір кешкенінің куәсіміз. Құмға талай жерден мұнара тұрғызып, күн-түн ұңғылап газ іздеді. Ақырында тапты. Бірақ арада пәлен жыл өткен соң барып қана сол Үшарал газының бір пұшпағы Ойықтан – Амангелді кеніші болып ашылды. Мақұлбек мырза оның тез игерілуіне іздеуші боп, өз тарапынан мейлінше атсалысты. Сол кезде ол «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып қызмет істеуші еді. Талас газының халық игілігіне қызмет етуіне журналист досымыз бәрімізден бұрын назар аударып, қайраткерлік танытты. «Кен игерілсін» деп жар салып, мәселенің бүге-шүгесіне дейін айтты, жазды. Бұл – оның журналистік тапқырлығы еді. Сол кезден оны қайраткер тұлға санап сыйлап, замандасты жақын танымасам да, сырттай-ақ жақынымдай көріп кеткен едім. Ал аздан соң Мақаң «Aq jol» газетінің редакторы болған кезінен бастап онымен жақсы араласып кеттік.
Оның басшылығымен шыққан сол кездегі «Aq jol» газетінен оның азаматтық өрісін тани түстім. Газет өзгерді. Әлі есімде, газет облыстың бар ауданын, кезек-кезегімен, оның барымен-нарымен таныстырып, әлеуметтік-танымдық мазмұнда публицистикалық материалдар жариялады. Біз біле бермейтін аудан тарихы, жер байлығы, мәдениеті мен тұрмысы, табиғат тамашалары – бәрі жан-жақты насихатталып, түйінделіп айтылып, жазылып жатты. Қай ауданды жазбасын сол өңірдің бар мәліметі қамтылды. Туған жеріміздің насихаты осылайша келіскен соң, айналамызға басқаша көзбен қарай бастадық. Тарихымыз да, жеріміз де бай екенін білдік. Өлкемізді мақтан тұтып, оны бар жағынан тани түстік. Табиғаты керемет жазылды. Тарихы түгенделді. Тұрғылықты халықтың өмірі мен тіршілік әрекеті жан-жақты сараланды. Оның басшылығымен шығып жатқан газетке қарап-ақ, оның редакторлық қарымын таныдық. Оқығаны мен тоқығаны көп азамат екен. Өз білімімен газет оқырманын да ағартты, патриоттық рухты көтерді. Азаматтың осылай кісілік қалыбы халыққа танылды.
Журналист Мақаңның кәсіби шеберлігі, саясаткерлігі, азаматтығы жоғары. Қарапайым. Үлгілі отбасы. Зайыбы Дәметкен де өзіндей журналист болған еді. Бірін-бірі жазу әуенінен жан дүниесін тани беретін.
Қазір біздің Мақаң нағыз бабында. Қалам тұлпары жүйткіп тұр. Зейнеткерлікке толық мойынсұнбай, былай ысырып қойған. Мақаң қайда, қашан еңбек етпесін, мемлекетшілдігімен танылған. Облыстық мұрағатта журналистік қайраткерлігі тарихи шежірешіге ұласты. Меніңше, ол ел үшін аса қажет қызметін дәл тапты деп ойлаймын. Бұл күнде оның қаламы бұрын жұмбақ болып жатқан архивтердің құпиясын іштен қазып, кен қопарғандай жарыққа шығаруға қызмет етуде.
Мұрағат – тарих мұхиты. Мақаң сол мұхитта еркін жүзіп келеді. Дәл түскен десанттай құпияны қазып, берекелі өнімге айналдырып жатыр. Ол патша заманында Әулиеата өңірі қалай тіршілік кешті, 1917 жылғы Октябрь революциясының дүмпуі біздің өңірде қандай дәрежеде болды, Қос үкімет, Совет билігі өңірді қалай басқарды деген сауалдарға архив құжаттары арқылы нақты жауап берді. Бұл аз десеңіз, кім тәркіленді, елден кімдер ауды, колхоз қалай құрылды, саяси қуғын-сүргін қалай жүрді, кімдер репрессияға ұшырады деген мәні мен маңызы өте жоғары сауалдар төңірегінде көптеген ғылыми мақалалар жазды. Елдің осы мәселелер бойынша көзін ашты. Тіпті бұрынғы Билікөл көшесі неге Сүлейменов атымен аталды? Әулиеата өңіріне, біздің облыс аумағына Ресейден, Украина, Белоруссиядан крестьяндар қашан келді, соғыстың алдында, соғыс жылдарында кімдерге құшағымызды аштық, Мақаң оны да ұмытпады, өндіріп, термелеп жазды. Жамбыл облысын кімдер, қашан басқарды, қанша Совет Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ерлері бар екенін де анықтады. Бұл сұрақтардың бәріне тарлан журналист Мақаңның жауабы дайын. Деректі мақалалары кітап болып шығып жатыр. Көп жылдардан бері ашылмаған тарихи құжаттарды ашты. Мәнін, мағынасын зерделеді, айтты, жазды. Бір адам үшін бұл жұмыстар аз емес. Ол инемен құдық қазғандай деректерді жинастыра білді. Сүр болған құжаттарды біздің мерейтой иеміз халықтың мүддесіне жарасын деп шығарады. Өткен күннің оқиғаларын білдіру, оқыту, ойланту үшін аянбай еңбек етуде. Оны бағалай білу біздің парызымыз сияқты. Сондықтан да қолыма қалам алғанымды айтқым келеді. Оның осы жұмыстан табатын ләззаты –
халықтың ризашылығы, соның қызығы ғана.
Мақаң өмірінің осы кезеңінде де халықты есінен шығармайды. Ел, халық үшін жазады, ұлттық тарихты, рухты замандастарының санасына құя берсем деп тырысады. Мұның бейнеті қанша батпан екенін кім айтады? Денсаулығына қарамай осылайша еңбек етуге екінің бірі әзір ме? Жоқ. Бұл қайраткер, отаншыл азамат қана көтеретін жүк. Ал ондай жүкті арқалай алмайтындар мұндай өлшеусіз еңбекке тәуекел етпейді. Өз күйін күйттеп жүргендер белсенді қоғамдық қимылға тәуекел етпегесін, ол Мақаңдай тұлға бола алмайды. Жасы жетпісте, сексенде, тоқсанда болса да ел үшін еңбек еткен азамат елдің назарында болады.
Қорыта айтқанда, осы уақытқа дейін Мақұлбек Рысдәулеттей облыс тарихын қазбалап, түгендеп жазған адам жоқ. Оны осы үшін жоғары көтеруіміз керек! Мақаңның сондай әрекетшілдер қатарынан болғанына қуанамын. Жасай бер, қайраткер Мақа!

Қаржаубай КЕМЕЛОВ,
еңбек ардагері

ПІКІР