"Тарих. Таным. Тағылым." Мәдениет

Тарих – Тәңір хаты

Written by Aray2005

Бақыт құсы мен уақыт құсы әлемнің басынан әуелей ұшып, бірі қанатын халықтың астына тақ, екіншісі қауырсынын басына тәж етіп қондырғанша мыңжылдықтардың өзі қас қағымдай өте шықты. Жұмыр жердің бетіне адамның пайда болу кезеңіне дейін Ұмай шешей қаншама рет толғанып, оттан келген апатты да, топан судан келген нәубетті де бір жылап, бір жұбанғандай басынан өткеріп, қазіргі жасыл желек күйге жетті. Одан беріректе бір уыс топырақ, бір түйір жасушадан адамзат пайда болып һәм ол от пен суды әжетіне жаратып, қауым мен қоғам болып ғұмыр кеше бастады. Ақырында үрпие үйіріліп үңгірден шыққан адам баласы зәулім-зәулім ғимараттар салып, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» таңғажайып техникалық дүниелерді, өлмейтін өміршең өнер туындыларын ойлап тапты. Осы аралықта қаншама зобалаңды бастан кешті. Қаншама белестерді бағындырып, наным-сенім, салт-дәстүрді алып келді. Жұмыр жердің бетінде қазір сонау ежелгі ел тіршілігі атымен жоқ. Бірақ динозаврлардай ғайып болған дәуірлердің заты, хаты, өшпес ізі қалды. Жалғыз тұлғадан бастап, жеке дара халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдырлы тарихынан толғанып сыр шертетін сол деректер қазір музей мұрағатында сақтаулы. 18 мамыр – осынау тарих теңізінің тұңғиығына заманалардың зәкірін сүңгітіп, зерделінің зейінін заңғар пайымға жетелейтін уақыт кемесі секілді Халықаралық мұражайлар күні.

Ананың ақ сүті һәм бабалар қанымен, ғашықтардың көз жасымен және зергерлердің маңдай терімен тайға таңба басқандай Жаратушы жазып қалдырған, одан бір-біріне ғасырлар жарысып көшірген тарих хатында сақтың сыры, ғұнның мұңы, үйсіннің үні, түркінің тағдыры, алаштың ар-намысы һәм қазақтың рухы сіңіп, мәңгіліктің мөрімен сақталған. Мұражайдағы түйір түйменің өзі түйедей жүкті көтеріп, өз ғасырының асыл ақиқатын арқалап тұрғаны да жасырын емес. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы өшкенімізді тұтатып, өлгенімізді тірілткен деректерді де, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты таным-тағылымы тереңге тамыр тартқан мақаласындағы мазмұнды мақтаныштарымыздың да басым көпшілігін осы мұражайлардан табуға болады. Хош. Сонымен, осыдан табаны күректей 40 жылдан астам уақыт бұрын дүниежүзі мәдени қауымдастығының Халықаралық мұражайлар кеңесінің Бас конференциясында 18 мамыр – Халықаралық мұражай күні болып бекітілді. «Өткенді айтпай, болашақ жоқ» демекші, адамзаттың өткені мен өшкенін жаңғырту, тарихын ұлықтау, өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын мәдениет пен тарихтың негізгі орталарының бірі – мұражайлар. Әлқисса. Мұражай ең алғаш бағалы бұйымдар мен заттарды, мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасты. Ал оның қалыптасуына көне замандардағы коллекциялар негіз болды. Әр жәдігер тарихтан сыр шертеді. Кешегі күннен белгі болып бүгінгі ұрпаққа жеткен жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттауда мұражай қызметкерлерінің еңбегі зор. Бұл күнде әрбір мұражайда тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ондағы негізгі мақсат – мәдениет саласындағы басты мәдени білім беру нысандардың бірегейі әрі әлеуметтік-мәдени маңызды ұйым болып табылатын мұражайға қоғам назарын аударып, мәдени-тарихи мұраларды насихаттаудың ерекше түрлері мен алуан бағдарламалар ұйымдастыру арқылы мұражайдың беделін нығайту. һәм ұлы дала галереясында өзіндік орны бар, тарихтың табы қалған жәдігерлердің маңызы зор. Атаулы күн қарсаңында біз өңіріміздегі бірқатар музейлердегі бір-бір жәдігерді таныстырып өтуді жөн көрдік. Ең алдымен, қарт шаһардың қақ ортасында орналасқан Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі көп айтыла бермейтін шырағдандардан бастағанды құп көрдік. Өйткені Тараз қолөнершілерінің ғасырлар бұрын жасап шыққан шырағдандары тек қана қараңғы түнде сәуле шашып қана қоймай, өзіндік аң стилінде, құстың бейнесінде бедерленіп немесе пәлсапалық шешімімен де ерекшеленеді. Тараздық шеберлердің қолынан шыққан шырағдандар қазіргідей жан-жақты жетілген заманда да көпшіліктің таңданысын туғызып отыр.
– Музей қорында қазір шырақтардың өте бай топтамасы жинақталған. Олар қоладан және қыштан жасалған, әрқайсысының жасалу техникасы, пішіні, өрнектері әртүрлі. Ортағасырлық қолөнершілер қандай да бір бұйымды жасау үшін оған өзіндік табиғатын, қолтаңбасын, ерекшелігін берген, бұл бір жағынан пішіндердің алуан түрлілігі мен көзешілердің жоғары көркемдік шеберлігі саудада үлкен сұранысқа ие болып, қыш өнерінің дамуына ықпал еткен. Солардың ішінде ең құндысы – ерекше шырақтар. Мәселен, киіз үй пішінді шырағдан 1964 жылы ежелгі Тараз қаласынан, бұрынғы көк базардың орнынан табылып, музей қорына тапсырылған. ІХ-Х ғасырларға тиесілі. Киіз үйдің барлық белгілері: тұрпаты, есігі, ораған жібі, түтін шығаратын тесігі де жасалған. Күйдірілген саздан жасалған бұл шырақ қала тұрғындарының өз отауының отын сақтауға негізделген діни белгі болып есептеледі. Бұған қоса аспалы сегіз тұмсықты (пілтелі) шам ерекше көңіл аудартады. Бұрынғы көк базардан табылып, музей қорына тапсырылған. Ортасында өте үлкен дөңгелек жайпақтау сұйықтық қоймасынан дөңгелек негізі, яғни жуан өзегі жоғары қарай көтеріліп, тесікпен ақталған болады. Кішігірім шырақтар тұрмыста, жарықтандыруға жиі қолданылған және музей қорындағы мұндай шырақтар әр жерлерден, мәселен төменгі Барысхан қалашығының қазба жұмысы кезінде, бұрынғы көк базар, аудандарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Олар ІХ-ХІІ ғасырларға жатады. Ортағасырлық қыш шырақтар тәртіп бойынша бір түсті сырмен: жасыл, сары, қоңыр қызыл түсте көмкерілген. Төрт пілтелі, бес пілтелі қола шырақтар бұрынғы көк базардан табылған. Уақыты Х-ХІІІ ғасырларға тән. Қола шырақтарды тек ақсүйек, бақуатты отбасылар ғана пайдалана алған, себебі жасалу техникасына қарай құны да бағалы болған. Бұл шырақтар аңдық стильде жасалған, тұтқалары аңның құйрығы, табандары аңның тұяқтарын еске түсіреді. Өрнектері өте нәзік жасалған, жұқа ойылған,– дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері Нұрзат Әмірбек.
Әрине, қазірде мұражайдағы жәдігер десе көз алдымызға бірінші келетін дүниелердің бірі – құмыралар. Оның бірі алтын, астық сақтауға пайдаланылса, кейбіреулері әртүрлі наным-сенімдерге байланысты табыттың да рөлін атқарған. Тарихты толық зерделеу үшін қыруар жұмыс қажет-ақ. Қазба жұмыстарына мұқтаж жерлер әлі де көп. Есесіне ондай жәдігерлер кәдуілгі құрылыс жұмыстары кезінде анықталуда.
Жуырда ғана Т.Рысқұлов ауданынан ортағасырлық қыш құмыралар табылған. Аудандық тарихи өлкетану музей мамандарының айтуынша, Х-ХІІ ғасырларға тән, беті қызыл таспен жабулы болған астық сақтайтын үлкен қос құмыра Құлан қалашығының аумағына жататын трассаның төменгі жағынан шамамен 150 метр жерден табылған. Кабель жүргізу жұмыстары барысында трассаның төменгі жағынан ауыр техниканың күшімен бригадир Береке Қосжан әдеттегі шаруасын тындырып жүріп құмыраның бір шетін байқап қалады. Сол төңіректе мал бағып жүрген, бұрын да сол аймақтан үлкен диірменнің үстіңгі бөлігін тауып, музейге өткізген Жұмабек Жандос кезігіп, барлығы ақылдаса келе, үлкен екі құмыраны қазып алып шыққан. Құлан ауылы мен Абай ауылы ортасында орналасқан «Наурыз» май құю бекетінің (АЗС) маңынан анықталған жәдігерлер Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы басшысы Е.Құрымбаевтың қамқорлығымен қазір аталмыш мұражайдың «Археология» залында тұр.
Сондай-ақ әйгілі Баласағұн қаласынан табылған қазанның қақпағы қазір Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Оны 2018 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші маманы, археолог Е.Ақылбек тауып, музейге тапсырыпты. Тас үгіліп, темірдің тозығы жетерліктей оншақты ғасыр уақыт өтсе де сол қалпы сақталған қазанның қыш қақпағының құрамы да құпия. Кезінде топан су басса да мүжілмеген Хеопс пирамидаларының қыш кірпіштері сүтпен иленген деген болжамдар секілді, бұның да өз жұмбағы тарих қойнауында. Музей меңгерушісі Аида Берденова аталған экспонат соңғы анықталған жәдігер болғанымен, онда әлі көлдей көп көне дүниелер бар екенін айтуда.
Қолы алтын, ісі жауһар шеберлер облысымыздың әр аудан, ауылында болғанын музей жәдігерлері сөзсіз дәлелдеп отыр. Мәселен, Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінде бес мыңнан астам жәдігер бар. Олардың әрқайсысына уақыттың мөрі басылған. Тіпті XX ғасырдың бас кезінде аудан халқын киіз үймен қамтуға сүбелі үлесін қосып, бүгінгі тілмен айтқанда, жерлестерін баспанамен қамтыған тыл ардагері Олжабай Ильясовтың «Тез», яғни киіз үй жасауға пайдаланған құралын да ерекше айтуға болады.
– Бала күнімізде әкеміздің «Бестоғай» деген жерден сәнбі талдарды кесіп алып келіп, ұзынша пешті қыздырып, ағаштарды соның ішіне салып жатқанын, одан кейін уық, керегелерді, үй құрылысының барлық жабдығын осы тезге салып икемге келтіріп, елдің игілігіне бөленгенін көріп өстік. Дайын болған керегелерді де өзі айқастырып көктейтін. Әсіресе киіз үйлерді Тоғызкент ауылына көп жасап апарды. Сол ауылдың халқы әкем жасаған үйлерді әлі де пайдаланып, алғысын айтып отыр. Кезінде Мәскеуден де бірнеше рет сұраныс түсіп, олардың әкемнің қолынан шыққан дүниеге тамсанғаны есімде. Бала күнімнің басты естелігі қазір музейдің қамқорлығында,– дейді Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінде 14 жыл бойы табан аудармай қызмет етіп келе жатқан маман Рабиға Ильясқызы.
Қазақстан территориясындағы алғашқы адам іздері табылған Бөріқазған һәм Тәңірқазған орындары да ақиқат пен аңызға толы. Талас ауданы, Қаратау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 38 шақырым жердегі алғаш 1958 жылы Х.Алпысбаев жетекшілік еткен Қаратау археологиялық тобы ашқан Бөріқазғаннан 440-тан астам еңбек құралдары табылған. Артефакттардың басым көпшілігі шақпақ тастар, өзек тастар (нуклеус), диск тәрізді өзек тастар мен құралдар, үшкір тас пен қырғыш, кескіш және аң аулап, терімшілікпен айналысуға ыңғайлы құралдар.
– Тарихы терең Талас жері – адамзат баласының алғаш қоныстанған ең ежелгі мекеннің бірі. Бөріқазған – ерте заманда Талас өңірінде бірнеше жыл құрғақшылық болады. Жазда жаңбыр, қыста қар жаумай, ел бір жұтым суға зар болады. Су іздеген жұрт ары-бері ағылып, қайда барарын, қалай жүрерін білмей қатты қиналады. Сонда бір бөрі елдің алдына шығып жүріп отырады. Ел бөрінің тұрған жерінде бір су көзі бар болар деген үмітке ереді. Бөрі шөліркеген елді бастап келіп, даланың төсін қазады. Бөрінің қазған жерінен су шығады. Жұрт су ішіп, жан шақырады. Бұл жер содан бері «Бөрі қазған» деп аталады. Күндердің күнінде ол жердің де суы тартылады. Ел Құдайға жалбарынып, су сұрайды. Елдің жылап-еңіреген үні құлағына жеткен Тәңірдің мейірімі түседі. Періштелерге елге су беру туралы пәрмен келеді. Ел далада тағы бір жердің қазылып, мөлдіреп суға толып тұрғанын көреді. Су тәтті болып шығады. Сол аңыз бойынша бұл жер «Тәңір қазған» деп аталып кетеді. Тәңірқазғанның суы бүгінге дейін сарқылған жоқ. Ал ол жерден табылған жәдігерлер қазір музейдегі ең құнды экспонаттар санатында, – дейді Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Кәмшат Қарабаева.
Міне, айта берсек өңіріміздің әр ауданында жауһар жәдігерлер жетіп артылады. Мәселен, Жуалыдағы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіндегі даңқты батырдың мыңнан астам құнды жәдігері һәм соның ішіндегі Қазақ ССР-ның 50 жылдығына орай Б.Момышұлына сыйға берілген домбыра, Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейіне 2014 жылы Ә.Спанқұлов өткізген, салмағы 5 тоннадан асып жығылатын мүйізтұмсықтың тоқпан жілігі, Байзақтағы музейдің сән-салтанатын салмақтап тұрған киіз, мата, теріге сүйек, металл көбелерді бастыра тігіп жасаған, маңдай шекеде бұқа бейнеленген дулығалар, талай зобалаңның куәсі болған, тарих қойнауындағы асыл қазына, Жамбыл ауданы мұражайына 2018 жылдың қазан айында берілген көне кебеже, Мойынқұм аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы музейіндегі Екі мәрте Еңбек Ері атанған әйгілі «Шопандардың атасы», «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп халық еркелеткен Жазылбек Қуанышбаевтың төсегі де өскелең ұрпаққа өнеге өрнегін аманаттап тұрғандай. Аталған мұражайлардың әрқайсысында ауданның тарихы таңбаланып, қастерлі қолтаңбалар мен қолжазбалар да сақтаулы. Міне, Халықаралық музей күні қарсаңында осыншама жәдігерлердің қадірі қайтадан арта түскендей.
Айта кетсек, мереке күні Тараз шаһарындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, тұрғындар мен өңір қонақтарына тегін қызмет көрсетіледі. Кемел келешегіміздің кешегі іргетасы қалай қаланғанын, тұғырлы талпынысымыздың тіршіліктегі табалдырығы қашаннан бастау алғанын білгіңіз келсе, рухани қара шаңыраққа аттан түсіп, арнайы барсаңыздар болады. Мерекелеріңіз құтты болсын, мәдениет шырақшылары!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР