Туризм

Тарих. Туризм. Тағылым

Written by Aray2005

Еліміздің Жас туристері Жамбыл жерінің жауһар жәдігерлерімен танысты

Баршаға белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында «Әлемдік ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі – 10 процент. Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді. Экологиялық, спорттық-сауықтыру және экстремалды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп. Осы айтылған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту керек» деген еді. Тұңғыш Президент айтқандай, туризм орталығы болуға лайықты аймақтың бірі біздің облыс десек, артық айтқандық емес. Киелі Әулиеата тамылжыған табиғатқа да, тылсымына сыр бүккен тарихи орындарға да өте бай өлке.

Мәселен, Ақыртас кешенінің өзі ерте заманда-ақ талай шетелдік зерттеуші, саяхатшыларды таңдандырғаны мәлім. Алғаш рет Ақыртас жайлы 1222 жылы Даос тақуасы Чан-Чунь өзінің күнделігіне «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады» деп қызығушылық танытқан жазбасын қалдырған. Ал академик Г.Пацевич «Мұндай құрылыстың керемет есептерге сүйеніп жасалынуы мен блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы, ғажап ескерткіші Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан орын алуына құны да, құпиясы да, құдіреті де жетеді» деп таңданысын байқатыпты. Міне, осы кешеннің бүгінге дейінгі зерттелген сырын, әлі ашылмаған құпиясын жастарға жеткізген 2 күндік жастар форумы «Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» тақырыбымен өте қызықты өтті.
Төл тарихымыздың темірқазығы – Тараздың, жасыл желекті өлкенің құндылығын танытқан форумды ұйымдастырған облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова:
– Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген, құпияға толы алып құрылыс – Ақыртас сарай кешені көптеп келетін қазақстандық және шетелдік туристерді бірден-бір қызықтыратын қасиетті орынға айналды. Жастар форумының Ақыртас сарай кешенінде өтуінің маңызы осында. Жамбыл облысы келуші туристерді шығыс халықтарының меймандостығымен, аса бай ұлттық мәдениетімен, табиғаттың көрікті жерлерімен және ескіліктің ғажайып ескерткіштерімен тамсандырып, құшақ жая қарсы алары сөзсіз, – деп өзге облыстан келген жас туристерге өлкеміздің құндылықтарын сөз етті.
Өз өңіріміздің жастарымен қатар, көршілес Алматы және Түркістан облыстарының жоғары оқу орындары мен колледждерінен 700-ден аса студент қатысқан аталмыш шарада шеберлік сағаттары, түрлі байқаулар, флешмоб, QUEST өткізілді. Жастарға ұлттық құндылықтарды таныту мақсатында ақ қанат киіз үйлер тігіліп, этноауылда халқымыздың ежелден келе жатқан дәм-тағамдарынан дастарқан жайылды.
Форумға қатысқан жастар тек Ақыртасты тамашалаумен шектелмей, облысымыздағы Қарахан баба, Тектұрмас, Дәуітбек, Айша бибі, Бабажа хатун кесенелері және ежелгі Ислам моншасы мен Қали Жүніс моншасы секілді тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхат жасады. Екі күн ішінде көрген-білгендерін қылқаламмен бейнелеп, көңілге түйгендерін өзара талқыласты. Және осындай берері мол шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсе екен деген тілектерін жеткізді.

Қ.Рахметуллина

ПІКІР