Тарихи қалашықтың турист тартуға әлеуеті зор

0 4

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Рухани жаңғыру» және «Туризм саласын дамыту» бағдарламалары аясында Жуалы ауданына экскурсия ұйымдастырылды.

Аталған шара «Бурнооктябрьское-1» қалашығы (Баркуаб) тарихи-археологиялық ескерткішінен бастау алды. Бұл қалашық – ежелгі Тараздың негізгі ірі қалалық орталық серігі болған екен. Бүгінде археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқан қалашықтың тарихи жасы Тараздан 150-200 жыл бұрын басталатыны туралы мәліметтер де кездеседі. Мәселен «АРК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендір Төрбековтің айтуынша, Нұрлыкент ауылы маңындағы бұл қалашық біздің дәуірімізге дейінгі II-I ғасырлар – біздің дәуіріміздің III-IV ғасырларына жатқызылады. Өзінің дамыған инфрақұрылымы, қолөнершілік кәсібі, дамыған егіншілігі, сауда ордасы болған екен. Көптеген ортағасырлық араб, қытай, парсы және еуропалық шежірешілер, саяхатшылар, географтар жазбаларында, анықтамалықтарда, күнделіктерде оны үлкен және дамыған қала ретінде сипаттаған. Онда тіпті қаңлы билеушілерінің жазғы демалысы мен ордасы орналасқан.
– Баркуаб қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде алынған ақпарат өңірдің шаруашылық құрылымы мен әлеуметтік құрылымын, отырықшы-егіншілік қоғамын қайта құру үшін біздің мүмкіндіктерімізді кеңейтеді. Зерттелген ескерткіштің материалдық мәдениетінің бірлігін атап өтіп, Жуалы мен Шу-Талас алқабының ежелгі халқы өмір салты мен экономикалық қызметінің сипатымен ерекшеленетін көшпелі және отырықшы-ауылшаруашылық қоғамына бөлінді деп болжауға болады. Сонымен бірге біз бұл айырмашылық зерттелетін аймақтың тұрғындары өмірінің әлеуметтік сәттері сияқты этникалық емес екенін көрсетуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, – дейді Ескендір Санжарұлы.
Аталмыш тарихи қалашықтың археологиялық жұмыстарымен айналысып жатқан маманның сөзіне сенсек, «Бурнооктябрьское-1» қалашығын 1893 жылы орыс шығыстанушысы В.Бартольд анықтаған. Дегенмен ішінара қазба жұмыстарын 1940 жылы Қазақстан археологы Г.Пацевичтің жетекшілігімен Жамбыл археологиялық пунктінің экспедициясы жүргізіпті. Қазба жұмыстары кезінде суарылмайтын керамиканың фрагменттері табылған. 1978 жылы қалашықты облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы зерттеген.
– Қазіргі таңда қалашықтың қазба жұмыстары табылған артефактілер Жуалы ауданының тарихи-өлкетану мұражайының қорын толықтыруға, ескерткіштің сақталуын ұйымдастыруға және ашық аспан астында мұражай құруға мүмкіндік береді. Бұл Ұлы Жібек жолының солтүстік артериясында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны бойында орналасқан жаңа туристік нысанның ашылуымен түсіндіріледі және Ұлы Жібек жолында тарихи-археологиялық туризмді қабылдауға, ұйымдастыруға және дамытуға мүмкіндік береді, – дейді Е.Төрбеков.
Айта кетерлігі қалашықта 2018 жылы археологиялық қазба жұмыстары басталған. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар «Жылқышытөбе» атап кеткен қалашықтың ортасында орналасқан төбе екі қабатты ғимарат екендігі анықталған. Сонымен қатар онда бірнеше бөлмелер бар екендігі белгілі болыпты. Сондай-ақ адамның бас сүйегі табылып, ол Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы ғылыми зерттеу орталығына жіберіліпті. Ондағы мамандар бас сүйек 25-30 жас шамасындағы әйел баласына тиесілі екендігін анықтапты.
Мұнан соң экскурсия Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тапты. Музей 2018 жылы 29 қыркүйек күні Жуалы ауданының 90 жылдық мерекесіне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салтанатты түрде ашылған. Ондағы жәдігерлер сипатына қарай тарихи- археологиялық, «Рухани жаңғыру» және Батырлар залдарына қойылған.
Сондай-ақ шара барысында аудандық «Коворкинг» орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы» және «Туризм саласын дамыту жұмыстары» тақырыбында көшпелі брифинг өтті. Журналистермен болған басқосуға аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысып, ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде азаматтық бастамаларды ынталандыру, өңір қажеттіліктеріне қолдау көрсетуге бағытталған «Туған жер» жобасы аясында барлығы 165 миллион теңгеге 7 жоба жүзеге асырылғанын жеткізді.
Мұнан соң сөз тізгіндеген Ескендір Төрбеков «Бурнооктябрьское-1» қалашығына жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстарды баяндады. Брифингте ол бұл жұмыстар маусым айында басталғанын, оған 2 ғылыми қызметкер мен 15 жұмысшы тартылғанын жеткізді. Сонымен қатар биылғы Волонтер жылы аясында «Асыл Мұра» жобасы бойынша ерікті жастар қазба жұмыстарына қолғабыс еткен. Ол үшін жергілікті еріктілерден өзге көрші Түркістан облысынан да жастар келіп, ат салысқан.

Шынболат Сейдуалиев
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.