Мәдениет Мәселе

Тарихи орындарға күрек тигенімен, күрмеуі көп мәселелер бар

Written by Aray2005

Әулиеатаның тарихы тереңнен тамыр тартады. Мұнда ғұндардың ғұмырынан, сақтардың сарынынан, түркілер тағдырынан сыр шертетін жәдігерлер аз емес. Десек те сонау Таразилердің дәуірін әлі түбегейлі зерттеп біткен жоқпыз. Исі қазақ баласы Ислам дінін қабылдамай тұрған, тәңіршілдік кезеңде бабаларымыз қала тұрғызды, өркениетке ұмтылды. Тіпті қазіргі дамыған Еуропа елдерінде сол кезде болмаған кәріз жүйесін біздің бабаларымыз іске қосып, құбыр арқылы таза суды тұтынды. Айта берсек мұндай мысалдар жетерлік. Осындай құнды деректерді қазір облыс аумағындағы ескі тарихи қалашықтардан көптеп кездестіруге болады. Алайда сол қалашықтарда қазір ешқандай қазба жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Кейбірінің топырағы мал қораға айналса, енді бірі жермен жексен болып, жұтылып бара жатыр. «Олардың қайсысы қараусыз қалды, қазба жұмыстары жалғасады ма?» Осы сұрақ көпшілікпен бірге, бізді де толғандырады.

Елдегі ең көне қала саналатын Тараздың іргесінде бұрнағы жылы ежелгі Баркуаб қаласының орнына қазба жұмыстары басталған болатын. Жуалы ауданы, Теріс ауылының аумағындағы нысанға түрлі археологиялық топ зерттеу жүргізіп, болжамдар жасады. Болашақта Жамбыл өңіріне турист тарту үшін таптырмас жоба болып отырған нысанды қазып, зерттеуге Жуалы ауданының бюджетінен қомақты қаржы да бөлінді. Сондай-ақ ол жерден табылған жәдігерлерді жинақтап, жұрт назарына ұсыну үшін аудан орталығынан арнайы музей салынды. Ең қызықтысы ғалымдар Баркуабтың Тараздан әлдеқайда көне екенін айтып қалды. Қазба астында біздің дәуірімізге дейінгі І және ІІ ғасырлардағы қала жұрты болуы мүмкін деген де болжам бар. Мұндай болжамды сол археологиялық экспедиция жетекшісі, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жасаған болатын. Шығыстанушы, ресейлік ғалым Василий Каллаур өз еңбегінде бұл жерді Иркут деп атаған екен. Жалпы Иркут те, Баркуаб та араб тілінен аударғанда Теріс деген мағынаны білдірсе керек. Теріс өзенінің бойында табылған қаланы бір кездерде Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Александр Бернштам да зерттеген. Орта ғасырларда ірі сауда орталығы болған Баркуабты қазу барысында Қытайда жасалған қыш ыдыстар, түрлі бұйымдар мен өзге де жәдігерлер табылған. Соған қарап бұл қаланы кезінде Ұлы Жібек жолы бойымен Тараз қаласы арқылы Испиджабқа қатынайтын жол бойындағы ірі сауда орталығы болған деген болжам жасалды. Рас Жуалы ауданына қар қалың түсетіндіктен, археологиялық жұмыстар көктемге дейін біршама уақытқа тоқтатылған. Десе де ауданнан ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейіне Баркуабтан табылған құнды жәдігерлер орналастырылған. Қос қабатты музейдің төменгі бөлігі толықтай Баркуаб қаласына арналған. Баркуаб қаласынан табылған жәдігерлер көп сырды бүккенімен ерекше. Ең қызығы 30 метр тереңдіктен табылған молалар. Ондағы мәйіттер мұсылманша жерленбеген. Бас жағына тас қойылып, бір қырымен жатқызылған. Археологтар бұған қатысты ертедегі адамдар қайтыс болған жақындарын ананың құрсағында жатқандай етіп жерлеген деген болжам айтуда. Әрине ол әлі талай зерттеуді қажет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Баркуаб қаласының жанында Жылқышытөбе атанып кеткен жер бар. Археологтар осы жерден қазба жұмыстарын жүргізу барысында үш қабаттан тұратын үйлердің төбесінен түскен. Онда бөлмелердің қуыстарынан кәріз суын ағызатын құбырларды қазып алған. Бұл шын мәнінде таңғалатын нәрсе. Демек бұл осыдан 2500 жыл бұрын үш қабатты үйлер тұрғызылып, онда кәріз жүйесі орнатылған дегенге саяды. Сонымен қатар ауылдың көнекөз қариялары жер асты жолдарын көргендерін және бұл жерде жер асты қаласы бар екенін де айтқан. Хош, бұл соңғы екі жылдың жаңалығы делік. Осы Баркуаб секілді облыс аумағында қаншама қалашықтар бар десеңізші. Анықталғандары қандай күйде, анықталмағаны қанша?..
– Қазіргі уақытта облыс бойынша ешқандай археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Тек қана осы уақытқа дейін жүргізіліп келген орта ғасырлық Баласағұн, Ақтөбе қалашығында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ал басқа нысандарда зерттеу жұмыстары тоқтап тұр. Оның алдындағы Құлан қалашығында былтыр IX-X ғасырға тән құрылыс нысандары ашылды. Олардың барлығы қазіргі таңда қайта қалпына келтіріліп, уақытша сақтау шаралары қолданылған. Яғни нысандардың үстіне шатырлар тұрғызылды. Одан кейінгі Ақыртас сарай кешенінде де қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті маңызы бар ортағасырлық Баркуаб қалашығына тоқталсақ, бұл қалашықта 2 жыл жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында ашылған құрылыс нысандарына уақытша сақтау жұмыстары жүргізілген. Бірақ әлі ол жерде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген жоқ. 2017-2019 жылдары археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген Тамды, Саудакент қалашықтарының барлығында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, үстіне шатыр орнатылған. Дәл сол секілді Бектөбе ортағасырлық қалашығында да жұмыстар жүргізіліп, ашылған құрылыс нысандарын сақтау шаралары қаралған. Жалпы жоғарыда атап өткенімдей облыс бойынша қазір ешқандай археологиялық нысанда ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Мысалы Қостөбе қалашығына зерттеу жұмыстары 1985-1986 жылдары ғана жүргізілген. Оның қазіргі сақталу деңгейі өте нашар. Аянышты күйде қалған. Өзі лайдан тұрғызылған нысан, оның үстіне сақтау бекіту жұмыстары жүргізілмегендіктен сол қалашықтың XI-XII ғасырларға тән құрылыс нысандарының барлығы апатты жағдайда тұр. Қазір Қостөбенің үстіңгі жағы бұзылып кетті, – дейді белгілі археолог, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев.
Айта кетсек Қостөбе қалашығы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының солтүстік-шығыс шетінде Талас өзенінің оң жағасында, Тараз қаласының оңтүстігінде 15 шақырым жерде орналасқан. Қалашық VІ-ХІІ ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш және 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген. Қостөбе – Жамұқат (Джамукат) қаласына баланған Талас алқабындағы ірі қалалық орталықтың бірі. Жазба деректерде Талас өңірінің ортағасырлық қаласы Жамұқат Х ғасыр тарихшысы Нершахидың айтуы бойынша VІ ғасырда Бұхарадан келген келімсектер салған және басшысы Жамұқтың атымен атаған. Ал-Максиди еңбектерінде «Жамұқат үлкен қала. Айналасында қабырғалы мешіті бар, рабатында базарлары бар» деп сипатталады. Шығыстанушы В.В. Бартольд Жамұқатты басқа зерттеушілер айтқандай Сырдарияда емес, Талас аңғарында жатқанын дәлелдеген. Алайда қаланы нақты бір ескерткішпен байланыстыру мәселесі әлі күнге толық шешімін таба қойған жоқ.Қала құрылысының төменгі қабаты VІ-VІІІ ғасырларда салынған. Ол айналма дәліздер, тұрғын бөлмелер мен шаруашылық жайлары бар қамал сарайы болған. Ішкі қамалдағы ою-өрнек жергілікті сәулет өнерінің дамығанын көрсетеді. Сәулет өнерінде ортаазиялық нақыштардың ең озық үлгілері айқын байқалады. Бұның өзі Талас өңірінде сәулет өнері жоғарғы деңгейде болғанын көрсетеді. Ең жоғарғы қабаттан табылған тиындар мен қыш бұйымдар оның ХІІІ ғ. басына дейін өмір сүргендігін дәлелдейді. Қазба барысында қамыс пен ағаш күлінің жиі кездесуіне қарағанда қала қалың өрттің немесе соғыс салдарынын қираған болуы ықтимал. Соншама заманаларды бастан өткерген қалашықтың қазіргі жағдайы да жоғарыда Сауран Қалиев айтқандай, аянышты халде болғаны ең алдымен сол бабалардың ұрпағы, яғни сіз бен бізге сын. Десек те алдағы уақытта осынау дала галереясындағы қалашықтар ертеңгі өскелең ұрпаққа құнды мұра. Оны сол қалпында сақтау, зерделеу, анықтау бүгінгі буынның еншісінде. Қалай дегенмен, бабалар өркениетінің қолтаңбасы қалған қалашықтарды жоғалтып алмау қажет-ақ.Өйткені оның әр кірпіші бір-бір дәуірдің көзі екенін ұмытпаған абзал.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР