"Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы"

Тарихи жерлердің 3D картасы жасалады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында бір жылдың бедерінде облысымызда әрбір сала бойынша бірқатар жаңа жобалар қолға алынып, жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Солардың қатарында мәдениет бағытында да бағдарлы тірліктер бар екенін айта кеткен жөн. Мысалы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының шеңберінде мәдениет саласына қатысты 23 жоба енгізіліп, олар «Туған жер, туған ел» және «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобалары негізінде орындалуда.

Өткен жылы бастау алған жеті жобаның аясында Н.Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» республикалық конкурсы, «Жаңарған Жамбылым» халықаралық эстрадалық әншілер конкурсы, «Әлемді кітап арқылы танимын» облыстық әдеби конкурсы және әлем мен отандық классиканы қамтыған «100 кітап», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар», «Музей – барлығы үшін» көпшілік шаралары өткізілді.

Ал, ағымдағы жылға 5 кіші жоба мен 9 шара белгіленген. Оның ішіне жуырда өткен Алтынбек Қоразбаев атындағы III Халықаралық «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ән кеші, «Жамбыл – менің жәй атым, халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы, «Өлең мен әуен әлемі» жергілікті ақын-сазгерлердің шығармашылық кеші, «Әлемді кітап арқылы танимын» облыстық әдеби байқауы, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ Жамбыл суретшілерінің көзімен» байқауы кіріп отыр. Сонымен қатар, «Өз өлкеңді тани біл және сүй» жобасы аясында «Байбосынов оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы, «Әуені әсем Әулиеата» атты Жамбыл облыстық филармониясының музыкалық жинағын шығару да жоспарланған. Аталған жоба «Әулиеата өңірінің музыкалық мұрасы» атты бұрын шығарылған 8 дискілік жинақтың жалғасы болмақ.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы антология Жамбыл облыстық филармониясының 50 жылдық мерейтойына арналып шығарылады және 2020, 2022 жылдары жалғасын таппақ. Биылғы шаралар қатарында кәсіби дирижер, сазгер Нұрлан Байкөзовтың шығармашылығына арналған «Тараз көктемі» республикалық эстрада және джаз музыкасының фестивалі, «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы да бар.

– Биылға жоспарланған шаралардың арасында «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» бірегей жоба ретінде ұсынылып отыр. Жобаның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қасиетті орындар ұғымын халықтың санасына сіңіру және қоғамдық сананы жаңғырту. Осы мақсатта облыс көлеміндегі қасиетті орындардың деректер қоры жинақталып, бұқаралық ақпарат құралдары, заманауи ақпараттық технологиялар арқылы жұртшылыққа кеңінен насихатталады және қолжетімділігі артады. Жобаны жүзеге асыру барысында облыс көлемінде орналасқан ескерткіштерді саралау үшін еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты, Ұлттық университеттер мен жергілікті ЖОО-ның тарихшы, археолог, этнограф, географ, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылып, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. Оның барысында киелі деп танылған ескерткіштерге қажеттілігіне қарай археологиялық-ғылыми зерттеу жұмыстары да жүргізілетін болады. Яғни, ескерткіштің аумағы мен хронологиялық мерзімі анықталып, олардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталып, цифрлы форматқа негізделеді. Жобаны іске асыру барысында «Әулиеатаның киелі жерлері» арнайы сайты құрылып, виртуалды онлайн карта жасалады. Сол сияқты, мультимедиялық өнімдер мен киелі жерлер туралы бейнероликтер шығарылмақ. Жинақталған материалдар негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасы мен жинақ кітабы дайындалып, 3 тілде баспадан шығарылады. Бұл жұмыстарды орындау арқылы біз «Қасиетті Қазақстанның» 3D форматта виртуалды картасын жасап, оны интернет желісіндегі мобильді құрылғыларға қолжетімді «Google» жүйесіне орналастыру жұмыстарын іске асыратын боламыз. Сонымен қатар, «Қасиетті жерлердің географиясы» картасына енген нысандарда археологиялық ғылыми-зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары іске асырылмақ. Нәтижесінде, Жамбыл облысында киелі деп танылған тарихи-мәдени ескерткіштердің танымалдылығы артып, «Әулиеатаның киелі жерлерінің» картасына енген ескерткіштердің туристік нысан ретінде қалыптасуына мүмкіндік туады, – дейді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Естеріңізде болса, Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне Жамбыл облысынан 8 тарихи-мәдени нысан, ал Қазақстанның микросакралды картасын жасау үшін жинақталып жатқан 500 ескерткіштің тізіміне аймақтан 27 ескерткіш ұсынылып, енгізілген еді. Ұсынылған нысандар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен шыққан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына жинақталды. Сонымен қатар, басқа өңірлерде жоқ «Жамбыл облысының архитектуралық ескерткіштері» голограммасы бүгінгі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейіне орнатылған. Бұл голограммаға облысымыздың киелі орындары енгізіліп, келушілер тарихи-мәдени нысандарды жан-жақты тамашалауына мүмкіндік жасалған. Бағдарлама аясында Жамбыл облысының мәдениеті мен өнерінің қысқаша тарихынан бастап, қоғамды дамытудағы бүгінгі орны туралы ақпарат беретін деректер мен дәйектерден тұратын «Жамбылым қандай тамаша» және облыстық архив қорындағы құжаттар негізінде әзірленген «Тараз: Археологиялық зерттеулер. (1938-1945 жж.)» атты кітаптары және облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жамбылдың жауһар жәдігерлері» атты кәдесый кітапшасы жарыққа шықты.

Қазіргі таңда, Әулиеата өңірінің сериялы көптомдық энциклопедиясын шығару жоспарланып отыр екен. Жоба аясында кітапқа керекті тың деректер алу үшін М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтымен шығармашылық байланыс орнатылған. Энциклопедияның алғашқы томдары «Әулиеата батырлары», «Әулиеата ақындары», «Әулиеата айтыстары», «Әулиеата би-шешендері», «Әулиеата — жырдың кені» атауларымен басылмақ. Ал, кейін табылған құнды дүниелер қосымша том болып жалғасын табады. Кітапта облыс тарихымен қатар, табиғи байлықтары туралы деректерді де қамту көзделуде. Энциклопедияның алғашқы 5 томы биыл жарық көретін болса, қалған томдары 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР