Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

0 5

Кеңес одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және
25 мың адам ату жазасына кесілген. Оның басым көпшілігі қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері, нағыз беткеұстар интеллегенция өкілдері еді.

Жалпы 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңестік азаматтар репрессияға ұшыраған. Осы кезеңде қазақтардың 40 пайызы қазаға ұшыраған. Ал ел аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары қоныс аударылып келген. Қаншама зобалаң жылдарды басынан кешірген халқымыздың әрбір зар-мұңы бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде. Біздің облыстық тарихи өлкетану музейде қуғын-сүргінге ұшыраған біртуар азаматтарымыздың құжаттарының көшірмесі сақталған. Сонымен қатар қазіргі таңда онлайн экскурсиялар жүргізіліп, әлеуметтік желілерге жариялауда. Соның ішінде бұл нәубеттің әулиеаталықтарға да салған салмағы аз емес. Еліміз күштеп ұжымдастырудың ауыр жүгін бастан кешеді, ал Голошекиннің ашаршылығын, сталиндік кезеңнің үлкен террорын, жер аударылған халықтың трагедиясын, басқаша ойлайтындарды тоқырау жылдарындағы қуғындауын, 1986 жылғы желтоқсандағы қантөгісті қалай ұмытуға болады. Уақыт бәрін де өз орнына қояды және өз аттарымен атайды. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы «халық жаулары» ретінде атылған сталиндік репрессия үлкен террорының құрбандары тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт батырлары атанды, ақталды, дәл сол жандар – нағыз патриоттар еді. Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазыла қойған жоқ және жазылмақ та емес. Ұрпақ үшін 31 мамыр тек атаулы күн ғана емес, сонымен қатар біздің ендігі жерде борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
Қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары үшін Қазақстанда АЛЖИР, Ақмола лагері, Карлаг еңбекпен түзеу лагері, Степлаг саяси тұтқындарға арналған лагерьлер құрылды. Ең ірі лагерь– АЛЖИР, бұл жерде «Отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері қамалды. Лагерьдегі әйелдер 20 сағаттап жұмыс істеген. Қақаған аязда тоңып, үсіп, ешқандай аяушылық көрмеген. Ал вагондар бекеттерге тоқтаған кезде әйелдердің өлі денесін түсіріп жатты деген деректер де бар. Олардың туған-туыстары, жақындарының қайда екенін де білмеген. «Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның түкпір-түкпірінен мал тиейтін вагондармен нәзікжандыларды әкелген. Бұл вагондарды сол кезде «сталиндік немесе столыпиндік» деп атағаны тарихтан белгілі. Әйелдер өздерінің қайда келе жатқандарын да білмеген. Оларға «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп жалған ақпар айтылған. Ол пойыздар сақырлаған аязда айлап жүрген. Жазықсыз жандарды өлімге байлаған сол зұлматты жылдардың ауыртпалығымен, ұлтымызға жасалған үлкен соққымен, тарихымыздың ақтаңдақтарымен есте қалған бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатқаны баршамызға мәлім. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек.

Гүлназ Көлбаева,
облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсиялық және көпшілікке қызмет көрсету бөлімінің қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.