Жамбыл жаңалықтары

Тарихты тану – тағылымды іс

Written by Aray2005

Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Бурное-Октябрьскі» көне қалашығында болды.
Бұл аймақтың тұрғындары көне қалашықты «Баркуаб» деп те атайды. Араб саяхатшысы Убайдалла ибн Абдалла ибн Хордадбек өз жазбаларында елді мекенді осылай атаған. 1893 жылы Ұлы жібек жолының бойындағы осы елді мекенді белгілі ғалым Василий Бартольд тапқан.
2018 жылы басталған қалашықтың егжей-тегжейлі қазба жұмыстары әлі күнге жалғасып жатыр. 2018 жылға дейін бұл аймақта тек барлау экспедициялары жүргізілген.
«Арк ғылыми ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбековтің айтуынша, 2018-2019 жылдар аралығында қалашық орнынан біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр – біздің дәуіріміздің V ғасыры, біздің заманымызға дейінгі VI — XIII ғасырларға жататын 3000-нан астам артефакті табылды. Олардың ішінде керамикалық ыдыстар, керамика фрагменттері, ұн тартқыштар, тасты диірмендер де бар.
Облыс әкімі жәдігерлермен танысып, қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орындарды аралап көрді. Мұнда қабырғалар, күмбез түріндегі төбелер, кең дәліздер және шағын бөлмелер барынша сақталған. Археологтардың пайымдауынша, сол кездегі адамдар мұнда салт-жоралғыларын өткізген.
«Бурное-Октябрьскі» қалашығы облыстың киелі жерлерінің географиясына енетін Қазақстанның оңтүстігіндегі Ұлы жібек жолының солтүстік тармағының бойындағы 37 негізгі туристік нысандардың тізіміне енген.
– Біздің халқымыз әрқашан Шығыс пен Батыс өркениеттері арасындағы байланыстырушы негіз болған. Біздің ата-бабаларымыздан көптеген ғылым-білім, жаңа өнертабыстар тараған. Көшпелілердің ежелгі және ерекше өркениеті әлем тарихында үлкен маңызға ие. Бұл осы қалашық аумағындағы қазба жұмыстары барысында тағы бір дәлелденіп отыр, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР