"Шамшырақ"

Тарихы терең, тағылымы ерен білім ордасы

Written by Aray2005

Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, кемелді келешегін келісті етуде білімді жастардың қосар үлесі мен сіңірер еңбегі орасан. Ал отбасынан басталатын тәлім-тәрбиені балабақша мен мектепте жалғастырып, ұлтымыздың ұлағатты ұл-қыздарын оқыту мен қалыптастырудағы білім мекемелеріне жүктелер жауапкершіліктің салмағы арта түспесе, кемімек емес. Бүгінгі таңда жоғары талаптар деңгейінде қызмет көрсетіп, зейінді шәкірттің болашағына байыпты бағдар бере алатын білім ошақтарының бірі – Талас ауданының Ақкөл ауылындағы Ақкөл тірек мектебі (ресурстық орталығы).

Роза Жұматаева

Іргетасы 1932 жылы қаланған алтын ұя осы уақытқа дейінгі өз тарихында мыңдаған ұрпақты тәрбиелеп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұғырының берік болып, жан-жақты дамуы жолында зор үлес қосып келе жатыр. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, білім ошағының жүріп өткен өз даңғыл жолы мен терең де тағылымды тарихы бар. Білім ордасы сан алуан сындарлы кезеңнен өтті. Соған қарамастан әр жылды табысты аяқтап, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Осынау 82 жыл ішінде қаншама жетістіктер мен биік белестерден көрінген мектептің дәрежесі – аянбай қызмет еткен ұлағатты ұстаздар мен сапалы білімнің нәтижесін көрсете білген саналы шәкірттердің еңбегі. Бүгінде білікті басшы Роза Жұматаева басқаратын ұжым облыстық, республикалық байқауларда талай мәрте топ жарып, өз мүмкіндіктері мен біліктіліктерін дәлелдеп келеді. Талапты шәкірттер де білім бәйгесінің алдынан көрінуде.
– Тарихы терең, тағылымы ерен білім ошағы 1969-1970 оқу жылынан бастап Ақкөл орта аралас мектебі болып ашылды. 2012-2013 оқу жылында мектеп эксперименталдық алаң болып өз жұмысын бастап, 2017-2018 оқу жылының қаңтар айынан бастап Ақкөл тірек мектебі (ресусртық орталық) болып белгіленді. Тірек мектеп болып қалыптасу үшін облыстық, республикалық байқауға қатысып, жақсы нәтиже көрсеттік. Байқаудың барлық талабынан сүрінбей өткенімізбен, пайдалануға берілгелі мектебіміздің күрделі жөндеуден өтпеуіне байланысты бас жүлдеден қағылдық.
Қазіргі уақытта мектепте төрт ауылдан, яғни Талапты, Көктөбе, Амангелді және Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақталған мектептен жылына 215 бала үш мәрте сессиядан өтеді.
Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Жаһандану дәуірінде соның арқасында ғана Қазақстанды танытып, абыройын одан әрі асқақтата түсу – бүгінгі ұрпақ парызы. Сондықтан да бұл салаға жүктелген міндет орасан зор. Өзіндік тарихы бар мектептің алар асуы әлі аз емес. Осындағы ұжымның біліктілігінің арқасында алдағы уақытта да білім шыңынан көрінуге барымызды саламыз, – дейді мектеп директоры Роза Аяшқызы.
Толағай табыстарға, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан еңселі білім ордасының жарқын болашаққа бағдарлаған міндеттері де мол. Мектеп директоры Р.Жұматаеваның айтуынша, бүгінгі күн талабына сай оқу мен білімді ұштастырып, мұғалімдер мен оқушыларға жаңа технологияларды меңгерту, жоғары талапқа сай жұмысты жоспарлау – алға қойылған мақсаттың бірі.
Жуырда Ақкөл тірек мектебінде (ресурстық орталық) мектеп директорының бағдарлы оқыту бойынша орынбасары Айман Дүйсенқызының ұйымдастыруымен «Асуларды алады жастар әлі, Зор болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында күзгі сессия өтті. Жиынды ашқан Айман Дүйсенқызы бүгінгі таңда күзгі сессияда төрт мектептен 8,9-сыныптарда 136 бала білім алып жатқанын тілге тиек етіп, жастарға аналық ақ тілегін арнады. Ал облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төлендіұлы өз сөзінде жастарды сапалы білім алуға шақырып, ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылғанына тоқталды. Жиын барысында облысымызға белгілі әнші Әділет Асан әсем әннен шашу шашып, кештің көркін кіргізе түсті.

Талғат Нұрханов

ПІКІР