Жамбыл жаңалықтары

Тарихы терең талбесік

Written by Aray2005

Тағылымды тарихы қос мыңжылдықтан асып, жиырма бірінші ғасырмен құрдас болып отырған ежелгі шаһарымыздың көне Тараз атауымен қайта аталғанына биыл табаны күректей 22 жыл толып отыр.

Осы орайда Тараз қаласының мемлекеттік архиві тарихшы ғалымдар, профессорлар, өлкетанушы, зерттеушілер мен қаланың құрметті азаматтары қатысқан мазмұнды жиын өткізді. Шараны ашып, жүргізген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев Таразды «Тарихымыздың темірқазығы» деп атаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осыдан жиырма екі жыл бұрын Қарахан кесенесінің маңындағы алаңда қала тұрғындарының қатысуымен өткен жиында облыс орталығының аты Тараз болып өзгеруі жайлы Жарлыққа қол қойғандығын және сол күні Мемлекет басшысына «Тараз қаласының тұңғыш Құрметті азаматы» атағы берілгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасының да мол мүмкіндіктерге жол ашып отырғандығын атап өтті.
– Жыл соңына дейін өлке тарихы жайлы көптомдық жарыққа шықпақ. Тараз қалалық мемлекеттік архиві 2007 жылы құрылып, содан бері жүйелі жұмыс жасап келеді. Дегенмен мұндағы дерекқорда тек қана еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдерді қамтитын құжаттар ғана сақталған. Ал қаланың 2000 жылдық тарихы жайлы тың деректер жоқтың қасы. Сонымен қатар осы уақытқа дейін Тараз шаһарының шежірелі тарихы жайлы көптеген кітаптар жарыққа шыққаны белгілі. Алайда осындай жинақтарда жарық көрген деректер әртүрлі. Яғни, оларда бірізділік жоқ. Осылардың барлығын бір жүйеге келтіру ісі де бүгінгі және өскелең ұрпақ үшін аса маңызды. Елбасы мақаласындағы «Архив – 2025» бағдарламасының осындай мәселелердің шешімін табуға оң септігін тигізетініне сеніміміз мол, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ осы күнге дейін жергілікті қаламгерлердің жарыққа шыққан 37 жинақ кітабы электронды форматқа ауыстырылыпты. Дүйсенәлі Дыбысалыұлы өлкенің өнегелі өткені жайлы зерттеу жұмыстарын екі бағытта, яғни тарихи және әдеби фольклорлық тұрғыда қарастырудың тиімділігін де баса айтып өтті. Ал архив саласының ардагері, мұрағаттанушы-журналист, республикалық «Қарахан» журналының директор-Бас редакторы Сатыбалды Досымбеков ғұн әміршісі Тезек қаған, кейбір деректерде Чичжи, Шөже тайға таңба басқандай ат қойып айдар таққан Тараздың тарихы жиырма ғасырдан әлдеқашан асып кеткенін, одан кейінгі заманаларда Талас, Тәңірқұт, Яны, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл деп аталған облыс орталығы қай дәуірде де өркениет пен руханияттың, мәдениет пен экономиканың іргелі ордасы саналғандығын деректі дәлелдермен айшықтап жеткізді. Ал Дулатитану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ «Тараз қаласының кешегі тарихымен ғана емес, бүгінгі сәулетімен де мақтануымыз қажет» деп, шаһардағы М.Х.Дулати, Бәйдібек баба, Жамбыл ескерткіштерінің мән-маңызына ерекше тоқталып өтті. Өз сөзінде Сәмен Оразғалиұлы Үндістанның Кашмир, Сринагар қалаларына барған сапары, ол жақтағы Тараздың танымалдылығы жайлы тілге тиек етіп, аты затына сай, тарих пен болашақты таразылап тұрған көне шаһардың насихатын күшейте беру керектігін айтты. Сондай-ақ бүгінгі таңда «Жәдігер» деп аталатын компания өңірдің 52 қасиетті жері жайлы үш тілде кітап шығарып жатқандығын, туған жерін танып-білу үшін мектеп оқушыларына арналған том-том қалың кітаптардан гөрі шағын ғана хрестоматиялар әзірлеудің тиімділігін жеткізді. Басқосу барысында көне шаһардың 2000 жылдық мерейтойының қарсаңында дүниеге келген Әл-Тарази есімді жастың жалынды құттықтауы жолданып, жиынға шақырылғандар қала тарихы жайлы маңызды мәселелерді талқылады. Шара соңында қалалық мемлекеттік архивтің басшысы Бақыткүл Абдыкаримова сөз тізгіндеп, осынау атаулы күнді сала мамандары жыл сайын ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырғанын жеткізіп, қатысушылардың барлығына алғысын білдірді.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР