"Тарих. Таным. Тағылым."

Тарихы тереңнен тамыр тартқан

Written by Aray2005

Жалғасы. Басы газетіміздің өткен санында

БӘРІ МАЙДАНҒА…
БӘРІ ЖЕҢІС ҮШІН…

Соғыстың алғашқы жылында тосыннан келген қасіретті жеңудің алғышарттары жасалды. Тез арада бүкіл шаруашылық соғыс жағдайына көшіріліп, алдымен майданға жауынгерлерді жіберумен, бас иесіз болып калған шаруашылықтарға кадрларды іріктеп, орналастырумен айналысқан жергілікті атқарушы органдар бірте-бірте жұмыс күшінің жетіспеушілігін жойып, майданға кеткен ұландардың орнында олардың аналары, жарлары, буыны бекімеген іні-қарындастарының еңбек етуін қамтамасыз етті. Жұмыс күшінің және шаруашылықта еңбек ететіндердің жетімсіздігіне, тәжірибесінің аздығына қарамастан өнім өндіру көлемі арта түсті. Облыс атқарушы органдары бұдан да басқа, жаңа міндеттерді жүзеге асыра бастады. Ол ең алдымен майданға азық-түлік, киім-кешек жөнелту болса, майданнан оралған жаралы жауынгерлерді еңбекке орналастыру, соғыс болып жатқан аймақтардан көшірілген адамдарға қамқорлық көрсету, жаралыларды емдеу, майдан даласынан әкелінген әскери госпитальдарды орналастыру, жаңа әскери бөлімшелер жасақтау жұмыстарымен бірге, өндірісті дамыту, өнім шығару көлемін арттыру ісін қатар жүргізуге тура келді. Әсіресе мұндай жағдай ауыл тұрғындарына үлкен ауыртпалық әкелді. Жалпы, техника болмағандықтан барлық жұмыс қолмен жүзеге асырылды. Міне, осындай қиыншылықтарды олар жанкештілік еңбектермен жеңе білді. Уақытпен санаспай, бел шешпей, тізе бүкпей еңбек етті. Барлық ауыртпалықтарды көтере білген олар еңбектерімен Жеңіс күнін жақындата түсті.
Мұрағаттағы 282-қордың 1-тізбесіндегі 338-істің 22-қорабындағы 30-35-беттерінде мынандай деректер бар: «1941 жылдың соңында облыс бойынша қорғаныс қорына облыс еңбекшілерінен 2 497 мың сом, 3 522 мың сом облигация, 437 мың сом займ, 7 282 центнер астық, 1 017 центнер ет… осылайша сүт, май, жүн, мақта, картоп, көкөніс, алма, бақша дақылдарын аударды» деп, жалғасып кете береді. Аудандар бойынша, Шу – 363 мың сом, Сарысу – 33 мың, Свердлов – 65 мың сом… деген қорғаныс қорына аударылған қаржы туралы да мәліметтер жеткілікті.
Осы цифрлардың артында қаншама еңбек жатқанын түсінесіз де, алдыңғы толқын аталар мен апалардың өзектері мықты екенін білуге болады. Олар өмірі бітпейтін жұмыстан шаршамай, шалдықпай қалт еткен сәтінде майдан үшін азық-түлік, киім-кешек жинауға уақыттарын бөлді.
Мәселен, 1942 жылдың 20 қаңтарында ұлттық әскери бөлімшелер жасақтау қорына барлық аудандардан азық-түлік жинастырғаны жөнінде құжатта мынандай деректер келтірілген. Облыс бойынша осы қорға 48,926 тонна астық, 14,1 тонна ет, 15,24 тонна май, 152,042 тонна шөп, 119,573 тонна сабан, 313,99 тонна картоп, 154,78 көкөніс, 1,8 тонна күріш жіберілген. Сонымен бірге Москваны қорғауда ерекше ерлігімен көзге түскен Қазақстан мен Қырғызстанда жасақталған 8-гвардиялық дивизияға сыйлық ретінде осы күні 42,402 тонна астық, 46,2 тонна ет, 2 тоннадан аса күріш, 1 тоннаға жуық сұлы жіберілген. Сарғайған қағаздарды ақтарған сайын майданға және азат етілген қалаларға сыйлық жіберу дәстүрі берік қалыптасқанын көруге болады. Мәселен, 22 мамыр күні 41 тонна ет, 29 тонна қант, 24 тонна ұн, сары май, темекі жіберілген. Сондай-ақ 18 000 сом ақша жиналған. Қызыл Армияның құрылған күні құрметіне ақша, киім-кешек, сәлемдемелер жиналғаны туралы да деректер жеткілікті. Тек осы күні Луговой ауданының тұрғындары 30 қорап сәлемдеме жіберген. Облыс бойынша 10 тонна ұн, 8,5 тонна ет, 723 килограмм қант, 3 тоннадай күріш, 310 килограмм сары май, 25 килограмм шұжық тағы да басқа заттар жіберілген. Мұндай деректерді үздіксіз, ұзақ келтіре беруге болады. Бір ғана Сарысу ауданы 1941-1942 жылдары Қызыл Армияға 42 000 тоннадай астық, 10 000 тоннаға жуық арпа, 400 тоннаға жуық шөп, 816 тонна ұн жөнелткен. Олардың сыйлықтарын 8-гвардиялық дивизия жауынгерлерімен бірге, майдан даласындағы көптеген әскери бөлімшелер алды. Сарысу ауданының сол кездегі хатшысы Көкеевтің жоғарыға жолдаған ақпарында дайындалған азық-түлік пен киім-кешекті кім, қашан, қай жерге жеткізгені жөніндегі де деректер бар.
Соғыстың екінші жылы барша қазақстандықтармен бірге, жамбылдықтар да жаңадан жасақталып жатқан ұлттық әскери құрамдарға қаржы, киім-кешек, азық-түлік жинауынан бөлек, оларды адам күштерімен толықтырды. Сонымен бірге, 1942 жылдан бастап елімізде «қазақстандық» деп аталатын әртүрлі әскери-техникалық құрамдар жасақтауға да белсене қатысты. 1942 жылдың 28 желтоқсанында «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасақтауға барлық аудандардан қанша қаржы жіберілгені туралы дерек бар. Танк колоннасын жасақтауға облыс бойынша 1 миллион 406,5 мың сом жиналған.
Осы жылдың соңына қарай атқарушы органдар болашақтың қамы үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгенін аңғарасыз. Облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде ауыл шаруашылығын дамытудың сан қырлары, жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері қарала бастаған. 30 желтоқсан күні өткен облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде «Қаратау» тау-кен химия комбинатының құрылысы туралы мәселе қаралған. Комбинат құрылысының алғашқы кезеңі өте баяу жүргізіліп жатқаны сөз болады. Қабылданған қаулыда комбинат директорына қатаң міндеттер қойылған. СССР Халық Комиссариаттары Советінің 1941 жылғы 27 тамыздағы шешімімен Қаратау химия комбинатын салу жөнінде шешім болғанымен, оның құрылысы өте баяу жүргізілді. Комбинат 1942 жылдың 1 шілдесінде пайдалануға берілуі керек еді. Алайда қаржының, техниканың, инженер-техник, жұмысшылардың жетіспеушілігінен құрылыс өте баяу салынған. Сондықтан да мемлекеттік маңызы өте жоғары құрылысты жеделдету тапсырылды. Осы күнгі бюро мәжілісінде ауыл шаруашылық техникаларын сақтау, сапалы тұқым дайындау мәселелері де сөз болған.
Совет Үкіметі болашақ жауынгерлерді даярлауға да ерекше назар аударды. Бұл жұмыс 1942 жылы өте қарқынды жүргізілді. Облыстық партия комитетінің әскери бөлімінің орталық партия комитетіне жолдаған мәліметтерінен мұны анық байқауға болады. Бір ғана Жамбыл қаласында 300 мерген әйел даярлау белгіленсе, мылтық атуға 1300 адамды үйрету қарастырылған. Сонымен бірге әскери мамандар: қол пулеметшілерін, станокты пулеметшілерді, минометшілерді, танк атқыштарын, атқыштардың кіші командирлерін, автоматшыларды, шабандоздарды, шоферлерді, радистерді, телефонистерді, телеграфшыларды, мотоциклистерді, велосипедшілерді, медбикелерді, барлаушыларды, жұдырықтасушыларды, гранат лақтырушыларды және тағы да басқа мамандық иелерін даярлаған. Мұндай жұмыс әскери комиссариаттары бар барлық аудан орталықтарында жүргізілді.
Жергілікті жерлерде майданнан жаралы болып оралған жауынгерлерге қамқорлық көрсету де қолға алынды. Соғыс басталған жылы Жамбыл қаласына 695 соғыс мүгедегі келген. Оларды жұмысқа орналастыру және киім-кешекпен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілді. Оларға мәліметтер бойынша – 450 көйлек, 332 аяқкиім, шұлық және басқа да киім-кешектер берілген. Оларды жұмысқа орналастыру ерекше бақылауға алынды.
1942 жыл жамбылдықтар үшін жеңісті кезең болды. Барлық аудандар өндірістік жоспарларын орындап, Отан қорғауға өз үлестерін қосты. Майдан далаларында олардың ұландары жаумен арыстанша алысты. Омырауларына ерлігі үшін орден, медальдар тақты. Араларында «Совет Одағының Батыры» атанған азаматтар да пайда болды. Сондықтан үгіт-насихатшылар елді мекендерде Жеңіс күнінің жақын екендігі жөнінде халыққа түсіндіріп, олардың еңбекке деген ынтасы мен белсенділігін арттырды. Халықтың көзі майданнан мүгедек болып оралған жауынгерлерге де үйрене бастады. Уақыт жылжыған сайын ауыр еңбектің аз да болса жеңілдей бастағанын олар аңғарды. Азапты еңбекке жеңісті салтанатқа жету үшін үйренді.

(Жалғасы бар)

Мақұлбек Рысдәулет,
ҚР Құрметті журналисі,
мұрағаттанушы

ПІКІР