Жамбыл жаңалықтары

Тәркіленген тауарлар тегін таратылады

Written by Aray2005

Өңірдегі мұқтаж және аз қамтылған тұрғындарға облыстық экономикалық тергеу департаменті контрабандашылардан тәркілеген тауарларды таратады. Олардың ішінде 546 миллион теңгенің 530 түрлі киімі, төсек-орын жабдықтары және басқа да тауарлар бар.

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, тауарларды іске асыру тетігі пысықталып, оларды үлестіру бойынша адамдардың санаттары анықталған.
– Ең алдымен әлеуметтік мекемелер – балалар үйлері, қарттар үйлері, психоневрологиялық және өзге де аурулармен ауыратындарға арналған интернат үйлеріндегі қызмет алушылар іріктелді. Сонымен қатар бұл тізімге облыстағы аз қамтылған азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындар да енгізілген, – дейді Ж.Баубеков.
Аз қамтылған отбасыларға тауарлардың бөлінуін бақылау тікелей жергілікті әкімдерге жүктелген. Олар осы істе «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуіне жауапты болады.
Сондай-ақ Ж.Баубеков тәркіленген тауарларды тарату акциясына облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы да тартылатынын атап өтті. Салалық басқарма тауарларды Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін әлеуметтік дүкендері арқылы таратуға ниетті. Басқарма қазірдің өзінде 109 мың дана тауарға өтінім берген.
Айта кету керек, тәркіленген тауарлардың бір бөлігі, яғни 10 мың жаңа тауар 3 мамыр күні азық-түліктермен бірге су тасқынынан зардап шеккен көршілес Түркістан облысына жіберілген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР