Мәдениет

Тарланбоз талантқа төрткүл дүние тыңдарман

Дарынымен дараланып, өнерімен дүние жүзін дүр сілкіндірген Димаш Құдайбергенов Аспан асты елін тағы да таңдай қақтырды. Тума талант иесінің биылғы қаңтар айында Қытай Халық Республикасында «Үздік әртіс» атағын иеленгені белгілі. Ал, міне таяуда осымен екінші рет «Жылдың ең танымал әншісі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып отыр.

Бесігінен ұлтының бекзада өнерімен сусындап, бес жасынан сахнаны сазымен баурап алған Димаш Америка мен Австралияны аузына қаратып, Еуропа елдерінің ет жүрегін елжіретті. Қандасымыздың фанаттары Ресей мен Қытайда да күннен-күнге көбеюде. Аталған елдерде Димаштың дара дауыс ерекшелігінен бөлек, киімі мен шаш үлгісі, сахнада өзін ұстай білуі, лирикалық әндері мен образы, стилі қалың жұрттың жүрегін жаулап алуда. Тіпті, үйлерінің сыртына қазақ баласы Димаштың атын жазып қоятын жанкүйерлер де аз емес екен.

Қазіргі таңда, Димаштың образы қытайлық анимацияны да жаулап алғанын айтпай кетпеске болмайды. Ұлт мақтанышының ардақты ана тілінен бөлек, серб, итальян, француз, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жоғары һәм күрделі жанрдағы әндерді шебер орындап жүрген, әлемде саусақпен санарлық контртенор дауысы кімді болса да тәнті етпей қоймайды. Міне, қаңтар айының соңында Қытайда өткен «Global golden chart awards» салтанатты кешінде отандасымыздың «Үздік әртіс» аталымы бойынша жеңімпаз атануы тектен-тек емес, әрине. Бұл марапат жалғыз Димаштың ғана емес, тұтас қазақ елінің қуанышын еселеді. Өз кезегінде өнерлі өрен де әлеуметтік желілер арқылы әсерімен бөлісті.

«Global golden chart awards марапаттау салтанатында мен «Үздік әртіс» аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Белгілі себептерге байланысты бүгін сіздердің алдарыңызда өз өнерімді көрсете алмадым. Алдағы уақытта барлықтарыңызды жаңа әндеріммен қуантатын боламын. Түсіністікпен қарағандарыңызға рахмет! Сіздерді жақсы көремін!», – деп жазды Д.Құдайбергенов.

Қытай, Сингапур, Малайзия және АҚШ-тың Сан-Франциско қаласының ақпараттық агенттіктері бірлесіп ұйымдастырған дәстүрлі шараның марапаттау рәсімі Бейжіңдегі «Жұмысшылар» стадионында өтті. Сонымен қатар, ол ақпан айының оныншы жұлдызында Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесіне орай «CCTV» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен үлкен концертке де қатысты. Мұнда да Алаш баласының абыройы тағы бір мәрте асқақтап, жалпақ жұрттың жанарына жас үйірді. Қуаныштың жасы бұл!

«CCTV телеарнасы жыл сайынғы «Top global Chinese music awards» атты марапаттау кешін өткізуде. Бүгінгі осы кеште мен «Жылдың ең танымал әншісі» номинациясы бойынша осымен екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанып отырмын. Сіздерді қатты жақсы көремін, махаббаттарыңызға үлкен рахмет», – деді ол.

Осылайша, Димаш «2018 жылы менің тарапымнан көп жаңалық болады», – деп өзі айтқандай, Ұлы Дала мәдениеті мен өнерін жер-жаһанға жан-тәнімен танытуда. Қазақ елі талантын миллиардтар мойындаған талапты ұлына тек толағай табыс тілейді.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР