"Шамшырақ"

ТарМПУ-да V аймақтық оқыту мен тәжірибе фестивалі өтті

Written by Aray2005

араз мемлекеттік педагогикалық университеті білім беру саласының қызметкерлері, педагог мамандарына арнап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәрбие мен оқытуды модернизациялау:  үштілді білім беру, сандық оқыту технологиялары, әлеуметтік-психологиялық қызметті ұйымдастыру саласындағы өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында V аймақтық «ОҚЫТУ МЕН ТӘЖІРИБЕ» фестивалін өткізді. Фестивальге аймақтағы барлық типті білім беру мекемелерінің педагогтары мен психологтары, тәрбиешілер қатысты. Аталмыш іс-шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан  Аймақтық «Виртуалды байқаудың» логикалық жалғасы болып табылады.

Фестивальді ұйымдастырушылар ТарМПУ-дегі «Білім берудегі инновация және халықаралық байланыстар» орталығы мен «Карьера және педагогикалық зерттеулер» орталығы.

Фестивальге Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы қатысты. Сонымен қатар, Тараз қаласы, Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысының мектеп директорларымен, мұғалімдері қатысты.

Виртуалды байқау 2019 жылы қаңтар айының 14-нен басталып, ақпан айының 25-не дейін «Үздік мультимедиалық презентация» және «Үздік флипчарт» номинациялары бойынша аймақтағы жаңашыл педагогтардың үздік жұмыстарын қабылдады. Биыл Виртуалды Байқауға Тараз қаласы, Жамбыл, Түркістан, Алматы облысы мен Алматы қаласы жалпы саны  49 қатысушыдан жұмыс келіп түсті және оның 22-і «үздік» деп танылды.  Нәтижесі дәстүрлі түрде өткізіліп отырған «Оқыту және тәжірибе» фестивалінде қорытындыланды және жеңімпаздар І-ІІ-ІІІ-дәрежелі дипломдармен, ал қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

STEM білім беру жүйесінің мүмкіндіктері, робототехниканың пәнаралық байланысы, менеджмент және көшбасшылық, жаңартылған білім мазмұны, үштілді білім беру, интербелсенді технологиялар, электронды портфолио, әлеуметтік-психологиялық қызмет бағыттары бойынша оқуға және тәжірибе алмасуға жиналған педагогтардың қатары өте көп болды. Себебі қазір еліміздегі білім беру жүйесінде үлкен реформалық өзгерістер жүріп жатыр.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті оңтүстік аймақтағы озық педагогикалық білім беру мекемесі ретінде барлық деңгейдегі білім беру мекемелері үшін жаңашыл мамандар дайындайтын ұстахана ретінде оқыту мен тәжірибе фестивалін білім беру саласында жинақтаған озық оқыту тәжірибесімен бөлісу, тәжірибе алмасу платформасы ретінде бес жыл бойы ұсынып келеді.

Фестивальде Германия, Испания, Англия, Сингапур, Корея, Америка елдерінде біліктілігін жоғарылатқан ТарМПУдың білімді де білікті ғалымдары мектеп, бала бақша, колледжден жиналған әріптестерімен өздерінің көпжылдық озық тәжірибелерімен бөлісіп, мектеп пен ЖОО арасында диалог орнатады. Фестиваль формасы да озық елдердің іс-тәжірибелерінен алынған, яғни бір уақытта 8-9 тренинг қатарынан өткізіліп, қатысушылар өздерінің қызығушылықтарына орай таңдап қатысады. Барлық қатысушыға сол салада нақты бір тәжірибе алғандығын растайтын сертификаттар берілді.

Назым ДҮЙСЕНОВА,

«Білім берудегі инновация және халықаралық

байланыстар» орталығының басшысы

ПІКІР