ТарМУ-да оң өзгерістер бар

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу барысында университет ректоры Махметқали Сарыбеков оқу орнының жұмысы және алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Бүгінде университеттің материалдық-техникалық базасы бай әрі жыл сайын жетілдіріліп отырады. Уақыт талабына байланысты сұранысқа ие емес мамандықтардан бас тартып, жаңа мамандықтар қатары толықтырылуда. Сондай сұранысқа ие мамандықтың бірі – механотроника. ТарМУ шетелдік танымал жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу жұмыстарын оң жолға қойған.

ЖОО студенттерінің 77 пайызы ақылы, қалған 23 пайызы мемлекеттік грант есебінен оқиды. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру жолдарын өзгертетін уақыт келгенін жеткізді.

Өкінішке қарай университет ректоры М.Сарыбеков атап өткендей ЖОО оқытушылары мен студенттерінің көптеген ғылыми жұмыстары өндіріске жетпей отыр. Тек екі жоба ғана үлкен күш-жігердің арқасында өндіріске енген.

Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев ТарМУ-дің еліміздің беделді жоғары оқу орындарының қатарында лайықты орын алып отырғанын атап өтті. Облыс әкімі білім ордасының ғылыми әлеуетін арттыруға, білікті кадрларды дайындауға мүмкіндігі мол екендігін тілге тиек етіп, университеттің бұл бағыттағы жұмыстарына оң бағасын берді.

– Студенттерді жаңа мамандықтарға, соның ішінде механотроникаға оқыта бастағандарыңыз қуантады. Соңғы уақытта ел Үкіметі геология мен геологиялық барлауға көбірек көңіл бөлуде. Бұл бағытты да назарға алу керек. Мені жоғары оқу орнының ғылыми әзірлемелерін өндіріске енгізуге деген табандылықтары сүйсінтті. Облыс әкімдігі бұл іске қолдау көрсетуге дайын. Біз басқа да бағыттар, соның ішінде қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайту бойынша да бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша шектеу шаралары алынып тасталғаннан кейін, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында, аудандарға үлкен ақпараттық-насихаттау тобы шығады. Мен осы топтың құрамында сіздің университетіңіздің мамандары да жұмыс істейді деп сенемін, – деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң облыс әкімі технологиялық факультеттің оқу зертханаларын, студенттерге арналып салынып жатқан жатақхана ғимаратын аралап көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.