Жастар.kz

ТарМУ-дың құрыш қолды студенттері жаңа маусымды бастады

Written by Aray2005

Мемлекет басшысының бастамасымен жанданған студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының биылғы жазғы маусымы салтанатты түрде ашылды.

Мемлекеттік Әнұранды бірге шырқаумен басталған жиынды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков құттықтау сөзімен ашып, еңбекші жастарға табыс тіледі.
– Биылғы жылдың Жастар жылы деп жариялануының өзі жас буынның қоғамнан лайықты орнын табуына үлкен серпін берді. Міне, бүгін үлкен сән-салтанатымен басталып жатқан студенттердің еңбек маусымы да жастарға деген қамқорлық, сенім. Студенттердің жазғы демалысын тиімді пайдаланып, олардың іскерлік тәжірибесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған студенттердің еңбек жасағымен елімізде маңызды істер тындырылуда. Биылғы құрылыс жасағы тек Тараз мемлекеттік университетінің студенттерінен құрылып отыр. Бұл жылы Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Меркі, Байзақ аудандарында салынатын әлеуметтік нысандардың кірпішін қаламақсыңдар. Ол жерлерде бүл­дір­шіндер тәрбиеленіп, балалар оқиды, енді бірінде науқастар ем алады. Осындай елдің игілігіне арналған қызметтер көрсетілетін нысандар сендердің қолдарыңмен тұрғызылмақшы. Сендер өз еңбек­теріңмен ел болашағына жол ашпақ­сыңдар. Істерің сәтті болсын, жас достар! – деді ректор.
Осы жұмыстарды ұйымдастырып, еңбекқор жастардың басын қосқан облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен:
– Студенттердің құрылыс жасағы– өмір мектебі, тұлғаның мінезі сыналып, жауапкершілігі шыңдалатын майдан. Жылда студенттер құрылыста өз қолтаңбасын қалдырып, қазіргі Қазақстанның тарихын жасауға атсалысып келеді. Жастар жылының ресми ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарына жастардың белсенді атсалысуы қажеттігін айтып, студенттік құрылыс отрядтары үшін арнайы квота бөлуді тапсырған болатын. Бағдарлама қолға алынғалы бері облысымызда 8 мыңнан астам студент құрылыс жасақтарында еңбек етсе, 10 мың жас «Жасыл елде» тер төкті. Ал биыл құрылыс жасағы сапында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен 283 студент 32 нысанда еңбек етпек, – деп еңбек семестрінің көрігін қыздыратын студенттерге сәттілік тіледі.
Айтпақшы, биыл 1 мыңнан астам кіші буынды «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында жұмыспен қамтуға 73 миллион теңге қарастырылған. Олар Тараз қаласындағы иесіз су жүйелерін тазартуға жұмылдырылады.
Еңбек маусымының қорытындысында белсенділік танытқандар «Үздік жасақ», «Үздік сарбаз», «Үздік командир», «Өнерлі сарбаз», «Спортшы сарбаз» номинацияларымен марапатталады.

Қамар Қарасаева

ПІКІР