"Шамшырақ"

ТарМУ тың жобаны іске асыруда

Written by Aray2005

Қоғам өмірінің сан түрлі саласына тың серпін берген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына аяқ басар тұста саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды бастан өткерген мемлекет дамуындағы жаңа белеске айналды. Баянды болашаққа бет алған еліміздің ендігі мақсат-мұраты – қазақы қалпымыз бен ұлттық біртұтастықты сақтап, әлемдік өркениет көшіне аяқ басу. Бұл орайда, білім беру мекемелеріне зор сенім артылған. Сәйкесінше, Елбасы тапсырмаларды жүзеге асыру, бағдарламалық мақалаға үн қосу мақсатында биыл 60 жылдығын атап өткен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 9 ауқымды жобаны қолға алды. Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер жұдырықтай жұмылып іске кірісті.

Елбасы өз мақаласында «Цифрлық Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфес­сияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жаңа Жолдауында да цифрлық технологияның маңыздылығына айрықша тоқталды. Міне, осынау межелі міндеттерді жүзеге асыру аясында жарқын жобалар қолға алынып отыр. Университет қабырғасында болашақ ІТ саласының мамандары даярланып жатқандықтан, оқу орнында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына ерекше басымдық берілді. Ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуеті дәл осы бағдарламаға сай жоба жасауға жұмылдырылды. Нәтижесінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен үндес бірнеше жоба дүниеге келді. Соның бірі – «Жамбыл облысының этникалық топтарының интерактивті тарихи картасы» деп аталады. Бұл жоба арқылы кез келген желі қолданушысы облыс аудандарында қоныстанған ұлттар туралы толық ақпараттарды ала алады. Картаға облыстағы этномәдени орталықтары жайындағы барлық мәліметтер енгізілген. Тіпті, осы орталықтардың мұрындық болуымен жақын арада өткізілетін іс-шаралардың жоспарымен де танысып шығу мүмкіндігі берілген. Қазіргі таңда Жамбыл облысының этникалық топтарының интерактивті тарихи картасы www.ank-tarsu.kz сайтында орналасқан.
Жалпы, осынау жобаны қолға алудағы негізгі мақсат жаңа ақпараттық, мультимедиалық әдістер мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, еліміздегі полиэтникалық топтардың тарихи мұра­сы мен рухани байлықтарын насихаттау болып табы­ла­ды. Сол арқылы жастардың санасында ұлттық бірлік, этносаралық келісім ұғымы қалып­та­сады.
Жоба арқылы халықтың саналы сауаттылығын арттыру мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында сандық Жібек жолын қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Әрі ғаламтор желісін облыс аумағындағы этностардың пайда болу, қалыптасу туралы тарихи деректерге негізделген контенттермен толықтыру ойымызда бар. Жамбыл облысының этникалық топтарының интерактивті тарихи картасы заманауи «web» технологиялардың көмегімен әзірленді.
Жалпы, картаны дайындауға негізінен ақпарат­тық технологиялар, автоматика және телеком­му­ни­ка­циялар факультетінің профессор-оқытушылар құрамы және «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Қазақстан тарихы» кафедраларының ұжымдары атсалысты. Болашақта бұл картаны облыстың этникалық қауымдастығының тарихы мен бүгінгі жай-күйіне қызығушылық білдіргендер өз ғылыми зерттеулеріне дереккөз ретінде пайдалана алады. Сол себептен картаны жетілдіру, құнды мәліметтермен толықтыру жұмыстары жалғасын табуда. Өз кезегінде, бұл жұмыстарға кәсіпкерлер мен әлеуметтанушылар, ІT-мамандар, тарихшылар және мәдениеттанушылар тартылып жатыр. Сондай-ақ картаға университеттің профессор-оқытушылар құрамымен өткен жылы ұйым­дас­тырылған «Әулиеата киелі мекен» экспеди­циясы мен этностарға қатысты жиналған материалдар толықтай енгізілді.
Университетте «Цифрлық Қазақстан» бағ­дар­ла­масы аясында қолға алынып жатқан жоба­лар­дың барлығына дерлік ақпараттық тех­но­логиялар, автоматика және телеком­му­ни­ка­ция­лар факуль­те­тінің оқытушылары мен студенттері атсалысады. Әрине, болашақ ақпараттық технология саласы мамандарын осынау жобаларға тарту – олардың кәсіби машығын шыңдай түспек.
Қоғамды рухани жаңғыртуда, санаға сілкініс әкелуде білім, тәлім-тәрбие орындарына айрықша сенім артылған. Осы сенімнің үдесінен шығуда ұстаздар қауымына ұрпақ тәрбиесіне, маман даярлау ісіне тың көзқараспен қарайтын кез жетті.

Гаухар Мұратова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
ақпараттық технологиялар, автоматика
және телекоммуникациялар
факультетінің деканы

ПІКІР