Sport Жастар.kz

ТарМУ жастары талайды таңғалдырды

Written by Aray2005

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері мен дене шынықтыру және спорт басқармаларының ұйымдастыруымен халықаралық студенттер күніне орай спорттық марафон өтті. «Студент FEST» атауымен түндігін түрген жарысқа жоғары және арнаулы оқу орындарынан 200-ден аса білімгер қатысып, өзара бақ сынады.

Спорттық шараны дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков ашып, халықаралық студенттер күнімен көпшілікті құттықтай келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін доданың бас төрешісі Тахир Мамашаев марафонның тәртібі мен ережесін түсіндіріп өтті.
Белгіленген тәртіп бойынша марафоншыларға Нұрсұлтан Назарбаев атындағы алаңнан бастап, ҚР Тұңғыш Президенті саябағына дейін жүгіріп өту талабы қойылды.
Марафонға қатысушылардың қарасы қалың болды. Және жүгірушілердің арасында жастардың үлесі басым болғаны қуантты. Сондай-ақ бұқаралық спортты жанына серік еткен аға буын үлкендердің де марафоннан бой көрсетуі кейінгілерге үлгі-өнеге болғаны хақ.
Жарыстың қорытындысында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ильхам Еркебаев мәре сызығын бірінші болып кесіп өтсе, ТарМУ-дың студенті Қазым Жамалов жүлделі ІІ орынға табан тіреді. Үздік үштіктен аталған университеттің студенті Руфина Фазылханова көрінді.
Осылайша жүлделі үш орынды да ТарМУ-дың студенттері иеленіп, талайды таңғалдырды.

ПІКІР