"Топжарған"

ТарМУ жастары топ жарды

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына орай облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармаларының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы №85395 әскери бөлімінде «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындары өтті. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары арасында жалауы желбіреген жарысқа 11 команда қатысып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады.

Үміткерлер әскери-спорттық ойындардың 10 түрінен жекелей және командалық жүйеде күш сынасты. Сайыстың саптық даярлық түрінен өз өнерлерін ортаға салған оқу орындары арасында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жастары озық шықса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті екінші, Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінің білімгерлері үшінші орынға табан тіреді.

Ал, жекелей сында «АК-74 автома­тын толық емес бөлшектеу және жинау» сынында Жамбыл ауданының намысын қорғаған Әділет Жанысбай жүзден жүйрік шықса, қыздар арасында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Наргиза Марасулова шапшаңдығымен көзге түсіп, көпті таңғалдырды.

«Плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныс толымын кию» кезеңінде Жамбыл ауданының тағы бір өрені Алдияр Есеналиев шеберлігімен ерекшеленсе, қыздар сынында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің білімгері Наргиза Марасулова да әскери ойындардан теңдессіз екенін танытты.

1 500 метр қашық­тыққа жү­гіру­де ерлер арасын­да №2 Қаратау кол­леджі­нің желаяғы Ерік Әлішев қарсыластарын шаң қаптырса, 1000 метр қашықтыққа жүгіруде қыздар ішінде №2 Қаратау колледжінің тағы бір білімгері өзгелерден оқ бойы оза шауып, қара үзді.

Гір тасын көтеру және белтемірге тартылудан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жастары мықтылығын көрсетсе, пресс жаттығуында «Парасат» колледжінің студенттеріне ешкім шақ келмеді.

Нәтижесінде жалпыкоман­далық есепте М.Х.Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік университетінің жастары жеке-дара топ жарса, Талас ауданындағы №2 Қаратау колледжінің командасы екінші, ал Жамбыл политех­никалық жоғары колледжі­нің білім­гер­лері үшінші орын­ның биігі­нен көрінді.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР