Қоғам

Тартамыз деп құбырды, жолдың бәрі бұзылды

Written by Aray2005

Бүгінде Тараз қаласының іргесінде орналасқан Қарой ауылының жолы аянышты күйде. Алтын бесік ауылдағы кез келген көшенің шаңы шығып, әбден тозығы жетіп тұр. Тұрғындар осы уақытқа дейін тақтайдай тегіс болмаса да, жабындысы бүтін жолды жергілікті билік ауызсу құбырын тартамыз деп талқандағанын айтады.

– Ауыл көшелерінің бүгінгі жағдайы бізді алаңдатып отыр. Өткен күзде басталған ауызсу құбырын жүргізу жұмыстары аяқталмай қалды. Жұмысшылар қазған жерлерін қалай болса солай жауып кете берген. Жаңбыр жауған күні көшемен жүру өте қиынға түседі.

Біз бұл жолдан көресіні қар ерігенде көрдік. Өйткені, қар суымен араласқан батпақ мазамызды әбден қашырды. Үлкен­дерді былай қойғанда, мектеп жасын­да­ғы балалардың сабаққа қатынауы мұңға айнал­ды, – дейді ауыл тұрғыны Оксана Боригина.

Бір қызығы, ауызсу құбырларын тарту жұмыстары осы көктемде қайта басталып, алайда, көп ұзамай тоқтап қалған. Осыны көріп, ауыл тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткіземіз дегенге де сенуден қалып отыр.

Аталмыш мәселелерді алға тартып, Қарой ауылдық округінің әкімі Жақсыбек Искановқа барғанымызда оның бір ай бұрын өз еркімен қызметтен кеткенін естідік. Амал жоқ, қаройлық тұрғындарды әбігерге салып отырған жол мәселесі бойынша Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Мұртазаға хабарластық. Оның сөзінше, аталған ауылдық округте өткен жылдың соңында 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында ауызсу тарту жұмыстары басталыпты. Ал, оның бұлайша созбалақтануының негізгі себебі, жоба 3 жылға жоспарланған көрінеді. Сондықтан, аудан әкімінің орынбасары «Республикалық трансферден бөлінген қаражат бойынша жұмыс атқарылуда» деп уәж айтуда.

– Қаройлықтар осы уақытқа дейін ауызсу мәселесін көтеріп келді. Сондықтан, облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша қаржы қарастырылып, «Ақ бұлақ» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында жұмысты бастап кеттік. Бұл жоба 3 жылға арналғандықтан кезең-кезең бойынша іске асады. Су құбырлары жүргізілгеннен соң, ауылдағы жолдардың барлығын қалыпқа келтіріп, асфальттап береміз, – дейді Жалғас Әлижанұлы.

Аталған ауылдық округте мәселе бір жолмен ғана шектелмейді. Қаланың дәл іргесіндегі аймақта көшені жарықтандыру мәселесі де өзекті. Онда негізгі 10 көше бар болса, соның тек біреуіне ғана электр шамдары қойылған. Оның өзі көңіл көншітпейді дейді тұрғындар. Себебі, кешкілік сағат 22.00-ден 00.00-ге дейін жанып тұруы тиіс жарық 23.00 болмай жатып, сөніп қалатын көрінеді.

Сондай-ақ, ауылда көше кезген қаң­ғы­бас иттердің көбеюі бұқараның базы­насына айналып отыр. Осы уақытқа дейін иттердің тұрғындарды тістеп алған бірді-екілі оқиғасы да орын алыпты. Бұдан Жамбыл ауданы әкім­дігі де хабардар болып шықты.

– Қаңғыбас иттерге қатысты жуырда әкімдікте өткен жиында аудан басшысының өзі сала мамандарына тікелей тапсырма берді. Жалпы, мұндай қаңғыбас иттерге қатысты мәселе ауданға қарасты Қарой, Шайқорық секілді ауылдарда бар екендігін жасырмаймыз. Алдағы уақытта ветеринария бөлімінің мамандары осы іспен айналысатын болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза.

Жалпы, аудан орталығынан ілгері, облыс орталығына жақын орналасқан ауылда дәрігерлер де жетіспейді. Күн санап аумағы кеңейіп келе жатқан ауыл тұрғындарына тек бір ғана дәрігер қызмет көрсетуде. Егер басы ауырып, балтыры сыздай қалған жағдайда науқастар шалғай орналасқан аудан орталығына баруға мәжбүр. Сондықтан, аудан тізгінін қолына алып отырған Бақыт Қазанбасов мырза бір сәт аталған мәселелерді назарға алып, түйінді түйткілдерді шешуге атсалысады деген ойдамыз.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ
Жамбыл ауданы

ПІКІР