Қоғам

«Тәртіпке бағынуымыз қажет»

Written by Aray2005

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Бүгінде коронавирус індеті жер-жаһанды алаңдатып отыр. Елімізде вирусты жұқтырғандардың саны да сәт сайын артып, мыңдаған азаматымыз көз жұмды. Өкініштісі республика деңгейінде жарияланған карантин режимі болса да азаматтардың бейқамдығы көңілді көншітпей тұр. Тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтауда салғырттық танытуы да байқалады.
Бұл орайда вируспен күресте дәрігерлердің жанкешті еңбегін айтпай кетпеске болмас. Ақхалатты абзал жандардың көзге көрінбейтін соғыстың алғы шебінде жүргендігін, тіпті олардың сол жолда өмірін қиып жатқандарын бағалауымыз қажет. Тұрғындардың денсаулығы үшін жанқиярлықпен жұмыс атқарып жатқан дәрігерлердің еңбегін жеңілдету – тек санитарлық талаптарды сақтауда жатқандығын түсінуіміз керек.
Расында бұл қиындықты бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Шыны керек бұл – уақытша дүрбелең. Сондықтан аймақ тұрғындары енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет.
Өз кезегінде өңір жастары құр жатпай қолдарынан келгенше кеселмен күреске қолғабыс етіп-ақ жүр. Қоғамның басты қозғаушы күші саналатын замандастарымның соңына дейін күресетінін сеніммен айтқым келеді. Сондықтан осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз қажет.

ПІКІР