"Заң және біз"

Тәртіпке бас иген құл болмайды

Written by Aray2005

Облыс аумағында  «Мүлдем төзбеушілік» жобасы аясында жасөспірімдердің арасындағы қылмыстардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүруде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Жоба аясында үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде көңіл көтеру орындарында болуына жол беру бойынша  – 78 факт тіркеліп, 54 заңды тұлғаға 1 030 795 теңгеге айыппұл салынған. Балаларының түнгі мезгілде көңіл-көтеру орындарына жібергені үшін 141 ата-ана тіркеліп, 140 ата-анаға 643 875 теңгеге айыппұл салынды. Алкоголь өнімін сату ережелерін бұзғаны үшін — 55 дерек, темекі және темекі өнімдерін 18 жасқа толмаған тұлғаларға сату немесе 18-ге толмаған тұлғалардың сатуы — 20, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде заңды өкілдерін ертпестен тұрғын-жайдан тыс жерде жүргені үшін 2808 ата-анаға хаттама толтырылған.

– Облыстық комиссия 18 жасқа дейінгі балалардың білім, тәрбие алуына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Бүгінгі күні 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер саны 419 965 болса, оның 73,2 пайызы білім беру ұйымдарында оқиды.

 «Тәрбие отбасынан басталады» десек, отбасындағы кикілжің бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Бұл – балалардың ашуланшақ, ызақор болуына, өзін-өзі ұстай алмауына, сабақ оқуға деген ынтасының төмендеуіне, қараусыз қалуына әкеп соғады.

 Республикада өткен жылы 67,6 мың отбасы ажырасып, 53 мыңдай балаға әсер етсе, біздің облыста да бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 16,7 пайыздан 2018 жылы 32,8 пайызға жеткен, яғни ажырасушылар үлесі 16,1 пайызға өскен.

Мектеп оқушыларының 9 216-ның әкесі жоқ, 1 123-нің шешесі жоқ, 1 094-і өгей әкелерімен, 578-і өгей шешелерімен, 1 704-і туыстарымен тұрады. Бұл мектептегі балалардың 6,1 пайызы.

Үстіміздегі жылы 1 451 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 1088-і қорғаншылық пен қамқоршылыққа, 144 – патронаттық тәрбиеге берілді.

Жыл басында Полицияның мектеп инспекторларының білім беру ұйымдарымен өзара әрекетінің алгоритмі бекітіліп, мектеп инспекторлары ай сайын қамқоршылық кеңестері алдында есеп беруде.

Бұл мектеп инспекторларының жауапкершілігін арттырып, оқушылар мен олардың ата-аналарына көрсетілетін құқықтық көмектің сапасының артуына ықпал етті.

Білім мекемелерінде құқық бұзушылықтарды жасырып қалудың алдын алу мақсатында жыл ішінде 1 456 бала үш деңгейде мектепшілік есепке алынды.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде полиция бөлімдерінде есепте тұратын жасөспірімдер саны өткен жылғы 635-тен 395-ке азайды, – деді баяндамасында облыс әкімінің орынбасары.

ПІКІР