Қоғам

«Тастүлек» телефильмі және біз

«Қазақстан» ұлттық телеаранасы «Жастар» бағдарламасының бас редакторы Құсман Игісінов ағамыз бір күні Шу ауданының Абай кеңшарындағы әкейдің үйіне қоңырау шалып:
– Жапар, алтыбақанда өздеріңе уәде бергенімдей, қазақтың құсбегілік өнеріне арналған «Тастүлек» телефильмін түсіруді бағдарламаға енгіздім. Мәскеуден рұқсат алдым. Аймұхан Қарабалин деген оператор түсіреді. Жақында ауылдарыңа барады. Аудан басшыларын хабардар етіп қой, құстарыңды дайында, – деп тапсырма бере отырып, қуантып тастады.
«Құсбегілік жайлы фильм түсіреміз» дегенді естігендер жағымды жаңалықты аудан, облысқа кең таратып жіберген екен. Менен фильм жайлы сұраған көзі қарақты жандар көбейді. Арада біраз уақыт өткен соң мен де сұраушыларға не айтарымды білмей жүргенмін. Мына хабарды ести салысымен, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Асқар Сандыбаевқа, аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Батырғали Ақпаевқа, одан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрғали Торғаевқа хабарласып, қуанышыммен бөлістім. Бірден фильмді түсіруге өзімізше дайындала бастадық.
Арада тағы оншақты күн өткенде Алматы жаққа алаңдап, күтіп жүрген меймандарымыз да келді. Құсман аға айтқан оператор Аймұхан Қарабалин көмекшілерімен бірге ауылға ат басын бұрды. Оператор жігіт қырықтың қырқасына шыққан, көпті көрген, ұзын бойлы іскер азамат екен. Алдымен әкем Тілеужанның үйіне түсіп, аз-кем тыныққан соң Аймұхан: «Уақыт жоғалтпай, бірден іске көшейік», – деді жұмысбастылығын байқатып. Біздің де күткеніміз сол еді. Фильмді түсіретін орнымыз алыс құмдағы қыстау. Жолға шыққалы жинала бергенімізде, анам Наушагүл:
– Қарақтарым-ау, қайда барасыңдар? Күн кешкіріп қалды. Бір қазан ет асылып жатыр, дәмді тастап кетуге болмас, – деген соң қайта отырдық. Жолға ертесіне шықпақ болып бекіндік.
Оператор Аймұхан түнімен әкем Тілеужанмен табиғат тамашасы, құсбегілік дәстүр жайлы талай әңгіменің басын қайырды. Таңертеңгісін Асқар Сандыбаев, Батырғали Ақпаев бар, бәріміз құмға қарай бет алдық.
Бізге бөлінген көлік – кішкене темір қорапты «УАЗ». Ал, біз фильмге түсіретін қоян, түлкі, қарсақ, тазы, қасқыр, бүркіт апаруымыз керек. Оған қосымша 5 адам тағы бар. Тағы көлік сұрап, оны күтіп тұруға уақыт тапшы, қалайда жол табу керек. Жиналғандар «Бұлардың бәрі жабайы аң-құс, сондықтан бір жерде тыныш тұра алмас» деп қиналыс білдірді. Көлікке бірінші тордағы қоянды кіргізіп, бұрышына қойдым. Тыпырлап мазасы кетті. «Тұра тұр» дедім де, оның қасына тордағы түлкіні әкеліп едім, темір торды тесіп кетердей тыпырлаған әлгі қоян «жым» болды.
Енді түлкі мазасыздана бастағанда, үстіне қасқырды, қасқыр темір шынжырды қашырлата шайнағанда, бүркітті, ақ тазыны әкеліп, бәрін жайластырдым. Аң-құстар тар көліктен өз орындарын тауып тынышталған соң жолсеріктеріме:
– Ал, енді көлікке мінулеріңізге болады. Бәрі тынышталды, – дедім. Сол сәтте Батырғали Ақпаев ағамыз:
– Жапар, бұл табылған ақыл. Мен мына жабайыларды қалай тыныштандырғаныңды байқап тұрмын, -деді күліп.
Бәріміз көлікке орналасып, Абай кеңшарынан 80 шақырым жердегі «Таңқаш қазған» аталатын алыс қыстауға жол тарттық. Ауылдан он шақырымдай ұзаған соң Қорағаты өзеніне салынған көпірден өткенде Аймұхан оператор:
– Мынау әжептәуір өзен екен, бастауы қайдан? Жол қысқарсын, әңгімелеп отырайық, – деді сыр тартып.
Естіп-білуім бойынша, бұл өзеннің Қырғыз Алатауынан басталатынын, жоғары жағында «Құлан суаты» деген жерлердің бар екенін, олай аталуының себебі бір кездері бұл маңда құландар жайлағанын әңгімеледім.
– Қалай? -деп бәрі бастарын көтерді.
– Солай… «Құлан суаты» деп аталуының өзі тегін емес, өзі айтып тұрған жоқ па? Ол үлкен әңгіме. Бөлек әңгіме. «Жердің аты – тарихтың хаты» деген.
– Осының бәрін жазшы, күн туса, бәрін әлі түсіреміз, зерттейміз. Рухани жаңару болады, – деп Аймұхан ойға шомды.
– Біз «Таңқаш қазғанға» кетіп барамыз, дейсіздер «Таңқаш» деген кім болған? – деп оператордың көмекшісі сөзге араласты.
Күнде көріп жүрген адамымды тарихи тұлға секілді етіп айтқанына ма, күлкім келді де езуімді жия алмадым. Сірә, мұным шамына тисе керек:
– Неге күлесің? Нені артық айттым? – деп оператордың көмекшісі маған шамдана қарады.
– Ешнәрсе артық айтылған жоқ. Таңқаш деген кісі тірі. Бағана сіздермен бірге шай ішкен қара мұртты кісі. Біздің ағай, көп жылдар савхозда ферма меңгерушісі болған. Бір жылдары совхоз қойының өсімі көп болып, өріс керек болғанда, жері от, қалың түлейдің бір шетінен құдық қаздырып, малға жаңа өріс ашқан. Сондықтан, сол қыстау-құдық біздің ағамыздың атымен «Таңқаш қазған» атанып кетті, – дедім ызалана бастаған жігітті сабасына түсіріп.
Бұл кезде біз мінген «УАЗ» көлігі қалың сексеуілдің арасына кірген. Айнала түк көрінбейді, қалың сексеуілден көз сүрінеді.
– Бұл қандай жер? – деді Аймұхан.
– Бұл «Сібірдің тайгасы» дегенге ұқсас, сексеуіл ағашы­ның қалың түлейі. Нағыз тайгага ұқсас жер – осы, – деп Асқар әңгімелеп отырғанда алдымыздан әудем жерден бір қарақұй­рық­тың текесі жолымызды кесе жүгіріп өтті. Асығыс әлденеден қашып келе жатқан аң екенін бәріміз де байқап, жан-жағымызға қарадық. Сона қарақұйрық текесі шыққан жақта, екі қасқырдың дыбыстан шошып тоқтап қалғанын көріп мен жүргізуші жігітке: «Көлікті тоқтат! Атамын», – деп мылтыққа жармастым. Бірақ үлгермедік. Әккі бөрілер екен, жалт беріп жоқ болды. Бәріміз көліктен түстік. Жүргізуші жігіт «Қап, жаңағы қасқырды ату керек еді» деп өкінді.
Аспанға қарап едім, сона қарақұйрық қашқан жақтағы биікте үлкен құс шүйіліп жүргенін көзім шалды. Біліп тұрмын, әлгі қарақұйрықты алып жеуге әрекет жасап жүрген жыртқыш құс. Кенет көкейімде «тұяқты жануар қарақұйрықтың жалғыз жортқанын көрген жыртқыш құс өлтіріп жеуге ұмтылды. Сосын бұлар қалай көбейсін…» деген ой қылаң берді. Көп жер аралап, көпті көрген Аймұхан оператор, көкейімдегі «күпті ойды» сезе қойғандай:
– Інім, сен неге үнсіз, мұңая қалдың? Өмір осы, мықтылар әлсіздердің арқасында күн кешеді. Бәрі табиғат заңы, -деп көңіліме демеу болғандай сыңай танытты. Соның арасында тап қасымыздағы, қалың сексеуілден алаңсыз желдің ығына қарай жайылып келе жатқан бір топ қарақұйрық көрдік. Көлікті көріп жалт бұрылды.
– Қарақұйық баршылық екен ғой, қоян да, түлкі де кездесіп жатыр. Табиғаттың байлығы деген осы да, – деген Аймұханның сөзіне үгіт-насихат бөлімінің басшысы Батырғали Ақпаев араласып:
– Біз 21-дің көпірі, одан бері 30 деген, бұрын сексеуіл тасыған пойыздың станциясы болған жерден бері, қалың сексеуіл орманын қақ жарып жүріп келеміз. Жаңағы табиғаттың байлығы – бәрінің жансақтайтын жері осы орманның іші. Осы қалың сексеуіл бәріне пана, жылы орын, тамақ, күн көріс көзі. Егер осы сексеуіл орманы жойылса, бұлардың күні не болмақ?! – деді.
Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Асқар:
– Айтатын несі бар? Барлық аң-құстың өрісі өзгереді. Жайлы жағына кетіп тынады. Сексеуілсіз мына дала бос қала ма деп қорқамын. Себебі, халық өсіп келеді. Газ жоқ, сұраныс көп. Кеңес үкіметі бәрін өзі шешеді. Сонда да… – деп сөзінің артын жұтты. Іштегі ойымды бүгіп қала алмай:
– Дәл осы сіздер айтқан сексеуіл орман тайгасы қай кезде жоқ болуы мүмкін? – дедім.
– Меніңше, тек 3 түрлі жағдайда сексеуіл орманы жойылуы мүмкін. Біріншіден, сонау соғыс жылдарында мылтыққа оқ құю үшін осы сексеуілді заводтарға эшалон-эшалон пойызбен тасыған. Сондай тасу ондаған жылдарға созылса. Екіншіден, жаппай өрт шалып, айлап өртенсе, үшіншіден, егер сексеуіл халықаралық саудаға түссе, ақша бәрін жұтып қояды. Бұл әлемде болған тәжірибе, – деді Аймұхан Қарабалин.
Сол кез кімнің не ойлағанын қайдам, бәріміз де үнсіз қалдық. Ал, мен «мына ұшы-қиыры жоқ сексеуіл алқабы кім қанша алса да, жойылуы мүмкін емес» деп ойладым, мүмкін жастық шығар. Бізге қарағанда өмірді ерте көрген ағаларымның пікірін жақтырмай, сөздеріне араласуды доғардым. Бұл кезде желдей ескен көк көлік «Таңқаш қазған» қыстауына барар тастақ жолға түсіп, қыстауға жақындап қалғанбыз. Ауық-ауық терезеден төңірекке қарап келе жатқан есік пен төрдей ақ құс атанған дәу ақ тазы маған қарап, жымың етіп терезеге үңіле түсті.
– Бұл түлкі не қасқыр көріп келе жатыр-ау, -деуім мұң екен, көліктің ішінде отырғандардың бәрі терезеге үңілді. Сөйтсек, «Таңқаш қазған» қыстауынан төрт қасқыр терең сайды жағалап, бүлк-бүлк желіп кетіп бара жатыр. Алдындағы көкжал арланы болу керек, еш нәрседен қаймығар емес. Артына анда-санда бір қарап «Ал, не істей аласың?» дегендей қыр көрсетеді. Қыр көкжалының жүрісі бұдан бірнеше жыл бұрынғы қасқыр көкжалымен шайқасуға еш дәрмен болмаған мына бір оқиғаны есіме түсірді.
Сол сәтте де дәл осындай қыс кезі болатын. Қордайда қыран бүркітті баққаннан басқа жайын білмейтін бір ағамыз малды ауылда құдық моторына әкелген бензин бокасына бір бүркітті байлап отыратын. Өзі қойшы еді. «Обал болады» деп хабар берген соң, әлгі екі бүркіттің біреуін ырымын жасап, сұрап алып үйретіп жүргенмін. Дәл осы бағанағы біз өткен Қорағаты өзенінің солтүстік шығысында, төбе жазықта «науа» деген жер барын, түлкі қалың болатынын естіген соң қар жауған күні әлгі бүркітімді алып, сол жерге бардым. Бір түлкі де ала алмай, бүркітім қашқан қоянға ұшып, жер соғып, қанаты жиналмай қалған соң, асау құнанмен алдыма өңгеріп келемін. 200 метрдей өкпе тұсымда, қасқырдың бір үлкен көкжалы бағанадан бері менің мылтығым, тазым жоқ, ат асау, құсымның жаралы екенін көріп, «Ал енді не істейсің?!» дегендей қатар жүріп отырды. Тек мен сол кәрі көкжалға түк істей алмай, тіпті еш қарусыз қалып, қорықтым. Әйтеуір, ауылға аман жеттім-ау. Тездетіп мылтықты алып, тазыны машинаға салып, қайта барсақ, әлгі көкжал машина жүре алмайтын арық-атызға түсіп жоқ болды.
Үлкендердің «қасқыр салақ, сабырсыз адамнан ақылды» дейтіні осы шығар. Артымызға қарай-қарай «Таңқаш қазған» қыстауына келдік. Оператор Аймұханның көмекшісі Елдос орысша тәрбиеленген, ойын ашық айтатын ер көңілімен «Бұл жердің фильм түсіруге несі қызықтырды? – деді, бәлкім қыстау айналасындағы сексеуілден сиреген ашық жерлерге тосырқаған болар.
– Бұл «Таңқаш қыстауындағы» аға шопан Жаманақ Жанболатов деген кісі маған жақын қайнаға. Әйелімнің ағасы. Ол үйдегі жеңгеміз Айжамал өте жақсы адам. Екіншіден, бұл жерде аң-құс баршылық. Бәрі де ыңғайлы, – дедім. Елдос «Мен жай сұрадым. Өзіңіздің үй екен ғой» деп қуанды.
Біз мінген көлік қыстаудағы шатырлы үйдің есігінің алдына тоқтады. Үйден орта бойлы, аққұба, орта жастағы, алтын тістері жарқыраған қайнағам мен жүзі жайдары жеңгем шықты. Қонақтарды жылы қарсы алып, өздері бастап қонақ күтер төргі бөлмелеріне өткізді.
– Мен не істеймін? Қасқыр алатын төбетті атып кеткен бе, жоғалып кетті, – деп қынжылды қайнағам.
Оператордың көмекшісі Елдос:
– Біз қасқыр қуатын тазы алып келдік. Бүркіт те бар, тазыны ертіп барса қазір-ақ ұстап алар, – деп билік жасай бастады. Мен үндемедім. Ерттеулі сарықасқа атқа мінген аға шопанға ақ тазыны басынан сипап ілестіріп жібердім.
Шай да дайын екен. Жеңгеміз қыста туған қозыдан ащы қуырдақ әзірлепті. Алыстан жол соғып келген бәріміз тамаққа бас қойдық. Сәлден кейін жаңа ғана жорытып кеткен аға шопан:
– Жолды екенсіздер, жаңа мына Елдос қолқалап қоймаған соң, көңілін қимай атқа қонғанмын. Сіздер келген жақтағы үлкен жолға таяу жерде балам қой бағып жүрген, «қасқырлар сол отарды аңдып жүр-ау» деген оймен шоқынтып солай бардым. Ақ тазыларың өте қырағы екен, тұмсығын көтеріп, сайдан отарды аңдыған төрт қасқырды қуып шықты. Мен айқайға бастым. Көп болса да тазыға айбат шеге алмай, бөліне қашты. Сол кезде тазы бір бөріні бөліп алып, үлкен дүзгенді айналдыра қуды. Мен екінші жағына шығып едім, қағып әкетті. Әбден әккі екен, бірден тамақтан басып, тырп еткізбеді. Дереу жетіп, сойылмен соғып алдым, міне, -деп көкпеңбек жас бөрінің өлексесін есіктен көрсетті. Бәріміз мәз болдық. Аймұхан оператор «Ойпырмай ә, жаңа ғана кетіп еді. Мына тазы өте әккі екен, қай жердің тұқымы?» – деп маған қарады.
– Бұл Шу ауданы партия комитетінің 2-хатшысы Жәнібек Майханов ағамыздың маған берген «сыйы» еді. Қай жердің тазысының тұқымы екенін білмеймін. Байқасам, Арқаның аршын төс, аң құмар, ақ тазыларының тұқымы сияқты.
– Сен сұрап көрші. Арнайы бірдеме түсірейік, -деп Елдос екеуі қатты сұранды. Аға шопан да, біз де көңілді. Біраз аңшылық әңгіменің бетін қайырған соң, әдетінше Аймұхан:
– Жігіттер енді жұмысқа кірісейік, күн құлақтана бастағандай, -деген соң асығыс іске кіріспек болғанбыз. Айжамал жеңгеміз «Қайным, бір қазан ет асылып жатыр. Пісіп қалды, тамақ ішіп, бүгін аяқ жазып демалыңдар, Құдайдың күні көп. Не асығыс?» деген соң Аймұхан амалсыз келіскен сыңай танытып, сұраулы пішінмен маған қарады. Кеше біздің шешей де дәл осы сөзді айтып, бұларды от ала келгендей асықпауға шақырған еді ғой, соны маған меңзеп тұр. Мен:
– Айеке, бұл – қонақжайлылық, түбі бір қазақтың туысқандық белгісі. Біздің өзгеге ұқсамас, салт-сана, ата дәстүріміз. Ендеше біз осы жолда жүрген жоқпыз ба? –дедім. Айекең риза болып рахметін айтты.
Келесі күні ертелеп оянып, шай-пай ішкен соң іске кірістік. Оператор Аймұхан Сарықасқа атқа мініп, алдымен төңіректі шолды. Қыстаудан әудем жердегі үлкен бұталы ашықты таңдап, сол маңға қыран бүркіттің аңға түскен кезін түсіреміз деп келістік. Мен бүркітіме кеше кешкісін сүйек қоя салып, қыл-қыбырдан ішін тазалап, ертеңгісін, бір шеңгел қар жұтқызып, бабына келтіріп қойғанмын. Байқаймын, жұтынып тұр.
Аймұхан «Әуелі істің ауырынан бастайық. Сонан соң, торға салып келген түлкіні ашыққа жіберіп ұстаймыз» -деді. Мен Сарықасқа атпен қырға шықтым. Төмендегілер әлгі тордағы түлкіні тура түсіру аппаратының алдынан жіберді. Ол кез әлі түсіру техникасының жетілмеген шағы. Тапсырма солай болған соң мен биіктен бүркіттің томағасын сыпырдым. Әлденені көріп қалғандай қылмыңдап тұрып, серпіліп кейін ұшты. Сонау қалыңға сүңгіген күйі жоқ болды. Қолдан жіберілген тордағы түлкі бостандық алған соң, бір сілкініп алып, ол да жайына кеткен. Не түлкі жоқ, не бүркіт жоқ. «Қап, ұятқа қалдым-ау» деп тұрғанымда, әлгі бүркітім сүңги түскен жақтан сауысқан шықылықтайды. Сонда ғана «Құдай берді» деп көңілім орнына түсті. Себебі, ежелден бүркіт аң алып жатқанда, қайдан келетінін білмейсің, сауысқандар шықылықтап қасында жүретін. Сондықтан мен де атпен солай қарай шаптым. Түсірушілер не болғанын білмей аң-таң. Атпен шауып құс түскен жерге келсем, бүркітім бір түлкіні алып жатыр екен. Қызыл соят беріп тірідей ажыратып алдым. Тірі түлкіні қанжығадағы қапқа аяғын буып бөктеріп әкелсем, оператор Аймұхан саймандарын жинай бастапты.
– Айтеке, бұл қалай? – дедім.
– Түлкі жоқ. Алыстан түсіре алмаймыз. Жұмыс сәтсіз болды деген осы. Ауылдан әкелген түлкіміз қашып кетті ғой, білесің бе? – деп ренжіді.
– Кете берсін, ақ тазы — Ақ құс тұрғанда, мына бүркіт тұрғанда, ол қайда барар дейсіз? Кеткен күнде басқасы бар, -деп қолына жаңа ғана бүркітім алған қаптағы тірі түлкіні ұстаттым. Оператор:
– Тура осындай бір тосын сый болса деп едім, сонша жерден келгенде, – деп мені баласындай құшақтап басымнан сипады.
– Ал, Айтеке, жұмысты тоқтатпайық, партия мен ел сеніп отыр, – дедім қалжыңдап. Жиналғандардың бәрі мәз-мейрам, менің тосын сый жасаған бүркітіме риза болысты. Сол күні оператор Аймұхан Қарабалин әлгі түлкіге сан түрлі амал-әдіс қолданып, көп түсірілім жасады. Қолбала бүркіт те еш аянған жоқ. Кешкісін қыстаудағы үйге жиналғанда:
– Әлгі бағанағы жоғалған түлкіні ертең ерте ақ тазы – Ақ құс табады, тек өлтіріп қоймаса жарар еді, — дегенімде Аймұхан менің тағы бір амалды ойлап отырғанымды сезсе керек:
– Айтшы қалай? –деді.
– Ол түлкі бұл жердікі емес, күшігінен қолда өскен. Тынышқұл деген мәдениет бөлімінде қызмет жасайтын ағамыз Шабыр-қырғыз жерінен осы фильм үшін Тобахан інім екеуі барып, аттай қалап әкеліп берген. Қазір таңсық жер, ұзап кеткен жоқ. Кешке не түнде абыр-дабыр басылған соң, үй жаққа келіп, жатады. Ертең азанда тазыны жіберсем, өзі-ақ іздеп табады. Тек Ақ тазыны үйге жатқызайық, — дедім мән-жайды тәптіштей түсіндіріп.
– Ал, ендеше көрелік. Бұл да қызық аңшылықтың бір сыры шығар, – деп Айекең қолдай кетті. Тазыны қойшы үйінің ауызғы бөлмесіне жатқыздық. Міндетке алған соң ұят, түнімен шала ұйқы болып, жер жүзі ашыла бергенде «дәу де болсаң, осы жылы маядағы шөпті паналап жатқан шығарсың», – деп үйден 500 қадамдай жердегі жиналған шөпке Ақ құс – тазыны ертіп жаяулап шықтым. Ық жағынан жүргеннен кейін тазы түлкінің иісін тез сезініп, ынтырылып алға озып кетті. Маяның түбіне келсем, ешнәрсе көрінбейді. Тазы да жоқ. Маяның төбесіне шығып дүрбі салсам, екінші төбенің бауырында, ақ тазым бір түлкіні сілкілеп жатыр. Жанына жүгіре жеттім. Кешегі қолдан қашқан арлан түлкінің өзі. Барғанымша өлтіріп қойыпты. Өлген түлкіні салақтатып әкеліп, босағаға тастадым. Бұл кезде ақтылы қой өріске шығып кеткен. Бәрі менің ақ тазымның әрекетіне риза болып «Адамнан амал артылмайды, әр нәрсеге — бір зауал» деген осы шығар» десіп көп әңгімеледі.
Бізге енді «Тастүлек» телефильмін түсіруге бірі өлі, бір тірі екі түлкі бар болған соң фильм түсірушілер көңілдене жұмыс істеді. Байқаймын, бәрін түсіріп жатыр. Зады фильм түсіріліп біткен соң, «Экраннан нені көрсетуге болады? Қайсысын көрсетуге болмайды?» -деген де жоғарыдан бақылау, сұрау болатын сияқты.
Біз «Таңқаш қазған» қыстауында бір апта жатып «Тастүлек» телефильмінің негізгі арқауын түсірдік.
Келесі жылы «Қауырсын» құсбегілер клубының мүшесі, менің шәкіртім Ғани Нұрсүлейменов атты мектеп оқушысы екеуміз Алматы маңындағы Алатауға арнайы шақырылдық. Бұл жолы қыран балапанын тік жартастағы ұядан алу тәсілін көрсетпекпіз. Кезінде талай машақатпен арғы бет – Қытайдан келген, талай қуғынды көрген, сонда да халқының ата жолы – құсбегілік дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап жүрген Абілхах Тұрдыбаев ағамызбен бірге, оқушының беліне арқан байлап жартастан төмен түсіріп, бүркіт балапанын алуды оңай-ақ атқардық.
Одан кейінгі жылы осы фильмнің жалғасын қыста, Мойынқұмда Асқанбай атты досымның ұйымдастыруымен, Мойынқұм ауданының «Фурманов» савхозындағы Әбіл атты жылқышының «Бек төбе» қыстауында түсірдік. Асқанбай Назарбеков сол кездегі Мойынқұм ауданының бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің кенже баласы. Табиғатқа, аңшылыққа өте құмар әкесі Айтбай ағамыз «Табиғаттың киесі бар, нені де болса зорықтырып қууға болмайды. Бұйырғанын, өзіңе бір күнге қажетін алып қал, басқасын қинама» деп көп ақыл айтатын. Біздің әкейді де таниды екен. Ол кісі бірде:
– Балам, сені Шу ауданынан үлкен кісінің тапсыруымен Мойынқұмға әкеліп едім. Әкең қарсы болған жоқ, мұнда жігіттер көмектесіп жатыр. Ондағы ойым 99 пайыз қазақ ауданында ұлттық дәстүр-өнеріміздің бір тармағы жүрсін дегенім еді. Өзің арқылы фильмде Мойынқұмның табиғаты, жері, елі бүкіл одаққа, шетелге тарап жатыр. Сен енді маған қара, – деді де үйінің терезесінен бір жағы ашық кеңістікке қарап:
– Анау ашық жерден үй салатын бір жер таңда. Жеке үй салдырып берейін. Ел білсін, ұлттық өнер қалай ұлықталып жатқанын. Көп кешікпе, -деді.
Айтбай ағаның осы сөзін ауылға келіп, әкеме айттым. Ол кісі бірден:
–Не еңбегің сіңді? Ел не дейді, сыймасаңдар осында кел, -деп өзіме зекіді.
Содан біраз уақыттан кейін Айтбай аға қайта шақырып:
–Неге келмей кеттің, үй салар жер таңдадың ба? -деді. Мен әкеммен болған әңгімені айттым. Ол кісі басын шайқап біраз отырды да:
–Өзгелер болса, мұндай ұсыныстан еш бас тартпас еді, -деді. Сен енді құстарыңды асырауың керек қой. Асқанбай «Газ-69» машинасын жақсы жөндетіпті. Құстарыңа тамақ тауып беруге қажет қой, өз атыңа жаздырып берейін, – деп ақыл айтып қамқорлық жасамақ болды. Дәл осы көлік жайлы әңгімені бір барғанда әкеме айтып едім, ол кісі түрі бұзылып:
– Әй, ол неқылған шашылып жатқан дүние?! Кеудесін оқ тескен, соғыста жанын «бәс» тігіп, осы күнге жеткізгендер ол жақта жоқ па? – деп шайын ішпей орнынан тұрып кетті. Мен Мойынқұмға келген соң, бірден Айтбай ағамыздың үйіне барып, болған әңгімені айттым.
– Білем, солай айтарын. Ендеше, осында 20 жылдан аса қызмет атқарып келемін. Жиналған өз мал-жаным бар. Бір семіз биені апарып бер. Жылқышы хабарласады, -деп көңілсіз шығарып салды. Арада 1-2 күн өткенде жылқышы Көбек ағамыз атымен келді. Екеуміз көлікке отырып, жылқы үйіріне бардық.
– Мұнда Назарбековтің бес биесі бар. Әкең не мал жеуші еді? Таңда, – деді әлгі жылқышы. Мен не дерімді білмей, басымды шайқадым. Ақыры, менен түк шықпасын білді ме, өзі үлкен ақ боз биені сойғызып, көлікке салып берді.
Шу ауданының Абай ауылындағы үйге келдік. Ағамдар бөлек тұратын. «Сәлемдеме» деген соң «Өз малым» деп Айтбай аға айтты» деп ем, әкем қарқылдап күлді де:
– Бастығыңа айт, менің сөзімді ауырламасын. Жаппай жең ұшынан жалғасқан жемқорлық елді жайласа, дәл осылай айтатын адам да таппайды әлі. Орыс тәрбиесі басып барады. Ұл әкесінен, қыз шешесінен үлгі алу аз. Білімге, ақылға жығылу емес, дүниеге көп мойынсұнуда жұрт. Бүйте берсе, адамдықтан алыстап кетеміз. Сонда біз кім болдық?! Қазақтың тарихта кім болып аты қалады? Орысқа көрші, күшті деп тым жақындап тұру да қауіпті. Отқа алыс тұрсаң жаурайсың, тым жақын тұрсаң күйесің. Әркім өз арын білсе деген ой менікі. Сыйына рахмет! Асыңдар. Бетбақдаланың жылқысының етінен жеп көрелік, -деді жайдары жүзбен.
Кешкісін мен апарған биенің бұзбай салынған бір қазысы, жамбасы бар, екі табақ ет ортаға келді. Әкей жылқының жамбасынан, қазысынан бір-бір кесіп аузына салды да, азырақ шайнап:
– Әй, мынау жасаңда өскен ойдың жылқысы екен ғой. Бұларда көп құнар болмайды. Семіз екен, рахмет! Бізге жарай қоймас, ауыз тидік. Ниетіңе алғыс. Қырдың жылқысы құмның малындай болу қайда?! Өздерің қалғанын қайта алып кетіп тамақ қылыңдар, – деп әлгі апарған бір биенің етін өзімізге қайта беріп жіберді.
Кейін Айтбай ағамен сөйлескенімде әкемнің әлгі бие туралы айтқанының рас болып шыққанына көзім жетті. Етінің дәмімен малдың қандай жердің шөбін жеп өскенін дәл тапқан әкемнің көрегендігіне сүйсіндім. Айтбай аға:
– Енді алаң болмай, фильмнің жақсы түсірілуін ойла. Ол қарияның тілін өзім табамын, -деп бас изеді.
Сол «Тастүлек» фильмінің бір жалғасын Алматы облысы «Дегерес» ауылындағы ағалар, қария құсбегілер Шәкен Нұрқожа, Сәрсенбек ата, Ахмет, Әбілхан сияқты ағаларым қатыссын деп, Дегерес тауында да түсірілуіне ықпал жасадым. Бала болсам да сол шақтарда Игісінов, «Тастүлек» фильмінің редакторы, түсіруші Аймұхан Қарабалин ағалар еш ұсынысымды қайтармағаны үшін қанша уақыт өтсе де әлі күнге рахмет айтамын.
«Тастүлек» телефильмі үш жыл түсіріліп жарыққа шыққан соң, Мойынқұмға да аудандық партия комитетінің сұранысымен жаңадан салынған, өзгелерде жоқ, өзге типтегі мәдениет үйінің ашылуы қарсаныңда көрсетіп, көптің алғысын алдық. Дегенмен, бірнеше жерде, өзім консультанты болып түсірілген осы «Тастүлек» телефильмінде кеңестік кезең саясатына сай, ұлт құндылығына қатысты көп нәрсені қамти алмағанымыз анық! Сонда да ұзақ жылдардан ұмыт бола бастаған, қазақтың құсбегілік өнері жайлы қиыннан қиыстырып түсірілген осы фильм телеарналардан сан мәрте қайталап көрсетіліп, қалың қазағымды одаққа ғана емес, бүкіл Әлемге танытып, абыройын асырғаны кеудеде мақтаныш сезімін маздатады. Бүгінде уақыт өзгерді. Егемендікке қол жеткізген еліміздің еңсесі жылдан жылға биіктеуде. Әрине, рухани жаңғыруға бет бұрған кезеңде құсбегіліктің жаңа дәуірдегі жаңа фильмін көрермендердің көргісі келетіні ақиқат. Енді біз осы жолда үлес қосуға тиіспіз!

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф, натуралист-құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы

ПІКІР