Тастар да тарихтан сыр шертеді

0 41

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихи қүндылықтарды қастерлеуге ерекше маңыз берілгені белгілі. Елбасы сол мақалада «Біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», – деп атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысының да тарихи мұраларды ардақтауға зор көңіл бөліп отырғаны қуантады. Бұл ретте біздің өңірде де бірқатар игі қадамдар бар. Біз оны ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ақыртас – тарих куәсі» атты баспасөз туры аясында аңғардық.

Аталған іс-шара Тараздағы Қарахан кесенесін аралаудан басталды. Бақ өкілдерін аталған қорық-музейдің директоры Нұрлан Бықыбаев қарсы алып, баспасөз турының мақсат-мазмұнына тоқталды. Осы мекеменің экскурсоводы Бақдәулет Тәжібаев ХІ-ХІІ ғасырлардың туындысы саналатын бұл кесененің ерекшеліктеріне, Қараханның «Арыстанды бағындырған алып батыр» атанғанына тоқталып өтті.
Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесінің тарихымен аталған қорық-мұражайдың бөлім меңгерушісі Жамал Ақпан таныстырды. Оның айтуынша, бұл кесенені ХІ-ХІІ ғасырда шеберлер кірпішіне 62 түрлі өрнек салып тұрғызған екен. Кесене «Орта ғасырдың інжу маржаны» атанған. Елімізде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2004 жылы мұнда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргенімен, кесененің артқы бөлігі осыдан он ғасыр бұрынғы қалпын сақтаған. Мұндағы кірпіштің әр бөлігін ұзақ жылдарға шыдау үшін арша ағашын қосып қалаған деседі. Күмбез төбесінің сәукеле бейнесінде бейнеленуінің мән-мағынасы туралы да ұйымдастырушылардан естіп-білдік. Кеңес одағы кезінде осы кесененің 3 мың кірпіші алынып, Қарулы күштің қажеттілігіне жұмсалған екен. Сол бір солақай шешім де небір асыл өрнектерді жойып жібергені анық. Ж.Ақпан Бабажа хатун кесенесі туралы да БАҚ өкілдеріне баяндап берді. Бұл іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналып отыр.
Мұнан соң баспасөз турына қатысушылар 4 гектар аумақты алып жатқан «Ақыртас» сарай кешенінде болды.
Сарай кешен Тараз қаласынан
40 шақырым қашықтықта жатыр. Аумағы
4 шақырым болғанымен, оның 2,5 шақырымы ғана қазылып, аршылған. Сол аршылған қабаттардан 70 бөлме табылып отыр.
– Түйе 40 шақырымға дейін шөлге, жүруге шыдайды екен. Аталарымыз түйені көп пай­даланғандықтан 40 шақырым сайын қалашық салып отырған. Мұның Тараздан 40 шақырым қашықта болуының бір себебі осы, –
деп түсіндірді экскурсовод Жамал Ақпан.
Қытайлық Чан Чу-дың жазбаларында кездескендей, 1864 жылдары Черняевтың суретшісі Номинский деген кісі Ақыртастың суреттерін алғаш салған. 1992-1996 жылдары Карл Байпақовтың зерттеуі арқылы да мұндағы жұмыс біраз ілгері басқан секілді. Бұл сарай туралы бір зерттеуде христианның белгілері бар десе, келесі бір деректер мұсылманшылық сипатқа сәйкес келетінін айтады. Бірақ тарихшылар бұл сарайдың не мақсатпен салынғаны туралы нақты дерек, анық дәлел жоқ деседі. Қазылған бөлмелерден ыдыс-аяқ, құмыра сынықтары табылмағаны да бұл тарихи мекенде адам тұрақтап тұрмағанын дәлелдейді. Ұйымдастырушылар айтқан бір дерек сол замандағы патшаның Түйме деген қызына қатысты баяндалады. 2019 және 2020 жылдардағы жұмыстардың нәтижесінде аталған сарай кешеннің жаңа бөлігі аршылып жатыр екен. Ондағы тарихи ірі тастар мүжілмей ұзақ сақталуы үшін арнайы майда қиыршық тастармен беті бүркеліпті.
Мұнан соң баспасөз турына қатысушылар Қарлұқтар дәуірінен қалған тарихи құндылықтармен танысып, осыдан он екі ғасыр бұрынғы хан ордасын көрді. Оған қарама-қарсы хан әскері тұрған орын да – тарихтың бір белгісі іспетті. Бұл құндылықтардың бәрі терең зерттеуді қажет етеді. Мұндағы жұмыстармен бізді қорық музей директорының орынбасары Анна Крокошева таныстырды.
Осы сарай кешеннің басына арнайы демалыс орталығы салынған. Оның 7 қонақ бөлмесі, асханасы, мәжіліс залы бар. Аталған залда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, өзі басқаратын мекемеге 33 нысан қарайтынын, оның бесеуі ЮНЕСКО тізіміне енген қалашық екенін айта келіп, журналистерді ашық әңгімеге шақырды. Журналистер де осындай баспасөз туры жиі өтсе, тарихи орындар жайлы туындыларға байқау жарияланса, мұндай жиынға республикалық ақпарат құралдарының өкілдері тартылса, аудандарда да арнайы жиындар өтсе деген ұсыныстарын білдірді. Нұрлан Дүйсенәліұлы бұл ұсыныстарды қолдап, алдағы уақытта назарға алатынын айтты. Сондай-ақ ол осындай іс-шараға белсенді атсалысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғысын білдірді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.