«Тәтті болған түн ұйқымды ұрладың»

0 40

Анықтама:

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ – Меркі ауданының тумасы. «Ұлтымның ұлы мұрасы – ұлттық құндылықтар», «Тәуелсіздік – халқымның асқақ мерейі» атты облыстық жас ақындар мүшәйраларының жеңімпазы. Түркияның «Neredesin» сайты өткізген жазба ақындардың лирикалық жырларының халықаралық мүшәйрасында түрік тілінде жазған өлеңі «Ең үздік» деп танылған. «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің психолог маманы, түрік тілінің дәріскері, «Болашақ» жастар бірлестігінің жетекшісі.

                   Алау сезім

Қаламастан сұлулықты келбеттен,
Жартымды іздеп, жаны сұлу жер-көктен.
Жүрген сәтте кезіктіріп өзіңді,
Саф махаббат ақ бесігін тербеткен.

Бірге шырқар әсем әндей төгілдің,
Әлемдегі керемет жан көріндің.
Жүрегімнің түкпірінен орнығып,
Мәні болдың, сәні болдың өмірдің.

Жылы сөйлер, жаны нәзік жайсаңмын,
Өзіңменен бойға бітті қайсар мың.
Алайда тек күлім көз бен жүзіңе,
Ғашықтықтан тік қарауға тайсалдым.

Тәтті болған түн ұйқымды ұрладың,
Оқуменен Жан Юджелдің жырларын.
Маған арнап ән айтқанда әуезбен,
Бесік жырдай ұйып, сүйіп тыңдадым.

                       Бақыт

Мына фәни расында да жалған-ақ,
Берілгендей жалға қайғы, жалға бақ.
Зырғып өтіп жатыр бәрі алмасып,
«Тұрақты» деп болсақ та іштен алдамақ.

Бәрі өтпелі – қуаныш та, құса да,
Үміт, мақсат – алда тұрған нысана.
Күресумен ғана бірақ жетерсің,
Оңайлықпен бақытты адам құша ма?

Жолығарсың өмір жолда көп іспен,
Жалығарсың сатқындық пен реніштен.
«Тағдыр» атты ойындасың әлі де,
Шықпай жүрсең «сынақ» атты рельстен.

Өтерсің көп өсек-аян, оттан да,
Баз кешерсің жақын атқан оқтан да.
Қандай ауыр жүк түссе де арқаңа,
Дамылдама, кері қайтпа, тоқталма!

Себеп емес шегінуге бұл әлі,
Арта берме өзгелерге кінәні.
Соқпақтарға шыда және ұмытпа,
Бақыт деген қиындықтан тұрады!

 

             Қашықтағы махаббат

Сен болдың ба сарғайған тосқан әнім?
Бұл сезімнен, өзімнен жасқанамын.
Мойындаймын, білемін, бірақ іштей,
Бұл фәнидің өзіңсіз бос боларын.

Арамыз өте алыс, жете алмадым,
Мекенді артқа тастап кете алмадым.
Махаббат жанда әр кез болу емес,
Ұзақтан сүйе білу екен, жаным.

Шипасын бұл дертімнің таба алмадым,
Қасыңа жақындап та бара алмадым,
Алайда сүюіме кедергі емес,
Байлаулы бұл көңілім саған, жаным.

Арманның ішіндегі асқарысың,
Соққандай қалап бейне тасқа мүсін.
Берер ем бар жақсыны қиып оңай,
Сезімнің аппақ кілтін ашқан үшін!

«Қашықтағы махаббат» бекер дейсің,
Қаншалықты уақытқа жетер? дейсің.
Бірақ та Байкал көлдің тереңіндей,
Жүректің түкпірінде мекендейсің.

Рас, қымбат есіміңде бір әрпің,
Жанымдай сүйгеніме кінәлімін.
Сағыныштан мөлт еткен жанардағы,
Көз жасымды жаңбырлы жуады күн.

Ғашыққа бұл фәниде талап биік,
Кетеді кейде тіпті қанат күйіп.
Білерім бұл кеудеде дүрсіл барда,
Жүрегім өтер мәңгі қалап, сүйіп.

 

           Ғашықтық жалыны

Сырын алып жүрегімнің, түсімнің,
Шаттық толы көңіл күйді ұсындың.
Бұл сезімнің саф махаббат екенін,
Байқатпастан, үнсіз ғана түсіндім.

Атырумен ұйқысыз боп таңымды,
Әрбір күнім арай нұрға малынды.
Сені тосып, көрісуге асығам,
Қалай ғана жаулап алдың жанымды?

Жоспарым мен өткен өмір өткелін,
Өзің білер жан жырларым көп менің.
Қол ұстасып болашаққа баруға,
Сенен лайық өзге адам жоқ дедім.

Күннен-күнге бұл сезімі лаулаған,
Әр сөзіңе жас балаша мәз болам.
Жүрек бұлай жиі соғып өзгеге,
Махаббаттың ғазал жырын жазбаған.

Білмеймін тек сорым ба, әлде бағым ба?
Қалар едім болғаныңды жанымда.
Ақ сезімнің алаулаған жалынын,
Менен саған «сыйлық» деумен қабылда!

 

                         Таразым

Айналған қала көненің асыл көзіне,
Жырына қосқан шайырлар жүрек сөзіне.
Тамырын түпсіз тереңнен жайған – Таразым,
Тарихсың тұнған, аңыз бен көркем шежіре.
Мекені болған үздіккен арман, үміттің,
Желегің – жасыл, табиғат – ерек, сыр ұқтым.
Жерұйық сен ба, жәннаты болған фәнидің,
Сарыла іздеген Асан қайғының жүріп мың.
Таразым алған әуелден асқар бағасын,
Мөп-мөлдір көзді сұлуды мұнда табасың.
Көз тоймас көркем – киелі өңірТаразым,
Жүректің әр кез төрінен орын аласың.
Мақтаныш болған қаласы ерек халықтың,
Ататын таңы сыйлаумен шаттық, жарық күн.
Өзіңде жүру саф ауа жұтып бір бақыт,
Кешкісін кезіп, астында сансыз жарықтың.
Керемет шаһар, кететін жоқ боп қайғы-мұң,
Қарахан кезден әлемге дүркін әйгілім.
Өркенде, дамы, толассыз биік самғаумен,
Туған жер – Тараз, сарқылмас мәңгі байлығым.

Leave A Reply

Your email address will not be published.