Жамбыл жаңалықтары

Тәтті түбір түйткілдері

Көктем шыға егіс алқаптарындағы тынымсыз тірліктің бойына қан жүгіретіні мәлім. Жамбылдық шаруалар күннің райы жылы шырай танытса енді бірер күнде алқаптарға тұқым себуге бел буып отыр. Күні ертең қамбаға құйылар мол өнімнің диқан қауымның ала жаздайғы еңбегінің өтеуі екені ешқандай талас тудыра қоймас. Сәйкесінше, өнімді мол етуде көктемгі дала жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуі де маңызға ие. Осы орайда, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев бірқатар аудандарда болып, стратегиялық дақыл саналатын қант қызылшасы егілетін алқаптарды аралап көрді. Сапар барысында агроқұрылымдардың материалдық-техникалық әлеуетіне баға беріліп, тұқым мен тыңайтқыштардың сапасына көңіл бөлінді. Сондай-ақ, балтамырдың бабын табуға бет бұрған шаруалардың уәжі тыңдалып, аудандардағы тәтті түбір алқаптары арнайы картаға түсірілді.

Жыл басында облыс әкімі А.Мырзахметов нарық сұранысын ескере отырып, өткен жылы 120 мың тонна қант өндірген Тараз қант зауытының жүктемесін 200 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырма берген-ді. Соған сай техникалық дақылды өсіруге маманданған аудандарда қызылша алқаптарын көбейту мәселесі де жолға қойылды. Дәл осы тапсырманың орындалу барысымен жақынырақ танысуды мақсат еткен облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаевтың жұмыс сапары Қордай ауданынан басталды. Қазір қолданыста 38 061 гектар суармалы алқабы бар аймақта қызылшаға арналған егістік көлемін арттыруға мүмкіндік мол. Өткен жылы 17 200 тонна тәтті түбірді қабылдау пунктіне жөнелткен қордайлық диқандар биыл бұл көрсеткішті 22-23 мың тоннаға жеткізуге тас-түйін дайын. Аудандағы «Благовещенко», «Самғау» сынды агроқұрылымдардың өзі 300 гектарға жуық алқапқа қызылша екпек.

– Биыл Қордай, Шу аудандары шаруаларынан қызылшаның әр келісіне 21 теңге төлеп қабылдайтындығы жағымды жаңалық. Жасыратыны жоқ, өткен жылы өткерілген өнімнің әр келісі үшін төленген 18 теңге көп шаруаның жыртығына жамау бола алмай қалды. Бір келі қызылшаны тасымалдаудың шығыны 3 теңгеге жетті. Бұл үлкен шығын. Көп шаруаның осыдан соң қызылша егуден беті қайтып қалды. Бірақ, біздің биылғы көктемгі дала егіс жұмыстарына дайындығымыз жоғары. Жақында ғана жалпы құны 190 миллион теңге тұратын егу кешенін сатып алдық. Бір мезгілде тұкымды сеуіп, оны тыңайтқышпен өңдеу сынды бірнеше амалды қатар орындауға қабілетті техникамен ауданның өзге шаруашылықтарына да қолын ұшын созуға әзірміз, – дейді «Самғау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Евгений Трубников.

Қордайлық ірі агроқұрылым жетекшілері қолдау болса қызылша егілетін алқап көлемін 1000 гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бар екендігін атап өтті. Тек алқапты сумен қамтамасыз ететін каналдарды тазарту мәселесін шешу тетігі қарастырылса болғаны. Бұл орайда, Мәден Тоқтарбайұлы су жүйелерін тазалаумен ағымдағы жылдан бастап механикаландырылған отрядтың айналысатындығын жеткізді. Отряд жұмысын жүйелеуге 472 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары тұтынылған суға ақы төлеуді субсидиялау мәселесі де күн тәртібінде тұрғанына тоқталып өтті. Ал, «НұрАл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Дүйсенхан Оңгелдиев арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы шаруашылық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігін сұрастырды. Шаруа сонымен бірге жанар-жағар майды субсидиялау, оны агроқұрылымдарға беру ісінде жұмысты жүйелендіру қажет екендігін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің орынбасары сапарының екінші күні Шу ауданында жалғасты. Өңірдегі суармалы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілген ауданда биыл 2000 гектар жерге қызылша егілуі керек. Алайда, өткен жылы күзде тәтті түбірге арналып дайындалған алқаптарды аралап көрген Мәден Тоқтарбайұлы олардың небәрі 136 гектарын ғана есепке алды. Осылайша, балтамырға арналған егіс алқаптарының 6 пайызы ғана көктемгі дала жұмыстарына дайын ауданның жоспарда көрсетілген 44 мың тонна қант қызылшасын өткере алмайтындығы белгілі болды. Стратегиялық дақылдың алқабын көбейту жұмыстарына селқос қараған аймақтың агросаласында мәселе шаш етектен. Мәселен, 600 гектар суармалы егіс алқабы бар Ақсу ауылдық округінде небәрі 6 гектар жерге тәтті түбір тұқымы себіледі. Аталмыш алқаптарды сумен қамтып отырған жеке меншіктегі каналдың техникалық жағдайы да сын көтермейді. Жөндеуді қажет етіп тұрған арнаға қаражат қарастырып, су өткізу қарқынын арттыруға каналдың жеке меншіктен мемлекет иелігіне қайтару жұмыстарының жүргізілмеуі себеп болып отыр. Судан бөлек қызылша егіп, табысқа кенелгісі келетін шаруаларға қолдау білдіру ісі де ақсап тұр. Жергілікті билік техника тапшылығын біле тұра тиісті шара қолдана алмауда. Суармалы егістік алқабы 1800 гектар болатын Жаңажол ауылдық округінде де жағдай осы. Жаңажолдық диқандардың биылғы межесі 3 гектар қызылша алқабы. Транзиттік канал бойындағы 7 ауылдық округтің көбінде қызылша алқаптары жоққа тән. Тек «Алижан», «Дастан» шаруа қожалықтары ғана тәтті түбір тұқымын 10-15 гектар жерге себуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде, ауылдық округтер әкімдері шулық шаруалардың балтамыр егуге деген құлшынысының төмендеуін өткен жылы қант зауытынан берілген тұқымның сапасыз болуымен байланыстыруда. Расында, тұқым сапасыздығы өткен жылы бірқатар аудандарда диқан қауымның бас ауруына айналғаны есте. Ендеше, Шу ауданында қызылша алқабының азаюы жергілікті биліктің тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізе алмауында деп айтуға болады.

Жұмыс сапарының үшінші күнінде облыс әкімінің орынбасары М.Мұсаев Меркі ауданындағы қант қызылшасын егуге дайындалған алқаптарда болды. Жыл сайын гектарына 800-1000 центнерден қызылша жиналатын Т.Рысқұлов ауылдық округіндегі «Трансфер» шаруа қожалығы биыл 214 гектар алқапқа қант қызылшасы тұқымын себуді жоспарлаған. Шаруа қожалық жетекшісі Владимир Бондаренко тәтті түбір тұқымының енді бірер күнде себіле бастайтындығын айтады. 12 гектар қызылша алқабына тамшылатып суару әдісін енгізген шаруа көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай. Ал, «Красный Восток» шаруа қожалығының жетекшісі Зядин Ширадзе 176 гектар сүдігер жерге балтамыр егуге бел буған. «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, биыл 350 гектар алқапқа қызылша егуді жоспарлаған. Көктемгі дала жұмыстарына дайындығы өз деңгейінде болғанымен, меркілік шаруаларды алаңдататын мәселелер жеткілікті. Мәселен, аудандағы 10 813 гектар алқапты сумен қамтуы тиіс Үлкен-Шу каналының батыс тармағындағы гидроқұрылымдар жөндеуді қажет етеді. Оған қазынадан 43 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алына бастағанымен, түйткіл түйінінің тарқатылар түрі жоқ. Себебі, Қырғызстан жағы суды шаруаларға қажетті мөлшерде босатпай отыр. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені шешу бағытында мүдделі мекемелермен бірлескен жұмыстардың жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Өз кезегінде, меркілік шаруалар сумен қамту мәселесі шешілсе қызылша алқабын ұлғайтуға әзір екендігін аңғартты.

Жалпы, біздің облыста стратегиялық маңызы зор дақыл саналатын қызылшаны өсіруге мүмкіндік мол. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан тәтті түбір өсіруге ниетті шаруаларға қолдау бар. Тек аудан әкімдіктері шаруалармен жүргізілетін жұмысты ширата түскені жөн. Одан бөлек, балтамырдың бабын табуға мойын бұрған диқандардың мәселелері де өз шешімін табуды қажет етіп отыр. Мәселен, әңгіме барысында шаруалардың денінің қызылша тұқымы үшін Тараз қант зауытының алдында қарыз екендігі анықталды. Себебі, өткен жылы алқаптарға себілген тұқымның өнімділігі төмен болған. Нәтижесінде диқандардың көбі қажетті өнім жинай алмай, зауыт алдындағы тұқымға берешегін өтеу қабілетін жоғалтқан. Керісінше, қант зауытына өткерілген өнім үшін әлі күнге тиісті қаражаттарын ала алмай жүргендер де баршылық. Шаруалардың қызылша егумен шындап айналысуына қажетті техниканың жеткіліксіз болуы да тірлікке кері әсерін тигізіп отыр. Бұл орайда, облыс әкімінің орынбасары М.Мұсаев аудан әкімдеріне ұсақ шаруаларды үлкен шаруашылық құрылымдарына біріктіру мүмкіндігін ойластыру керектігін атап өтті. Сонымен бірге, облыста егіс алқаптарына қажетті техникалармен жабдықталған кәсіпорын құру жобасы қолға алынуда. Осы арқылы шаруаларға қызылша алқабын арттыруға кедергі келтіріп отырған техника тапшылығы мәселесінің түйіні тарқамақ.
Бастысы, сапар барысында өңірде стратегиялық дақылдың алқабын ұлғайтып, одан мол өнім алу ісіне атүсті қарауға болмайтындығы баса айтылды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР